АУДАНДАҒЫ СУ ТАПШЫЛЫҒЫ ТИІМДІ ШЕШІЛУДЕ

0

Ауданымызда ауылдық жерлерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету және суармалы су мәселесін шешу, қолда бар ресурстарды тиімді пайдалануға айрықша назар аударылуда. Әсіресе, аграрлы аудан саналатын біздің аймақта суармалы судың маңыздылығы жоғары. Еліміздің кей өңірлерінде суармалы су тапшылығы сезіліп, астық шығымы жыл сайын төмендеп отырғаны белгілі. Ал, оның ел экономикасына қатты әсер ететіндігі сөзсіз. Сондықтан да су қоймаларының жұмысы тұрақты бақылауда.
Аудандағы су тапшылығының, оның ішінде суармалы су мәселесін шешу мақсатында алдағы жылдары іске асырылатын кешенді жоспарлар әзірленуде. Солардың бірі – жобалық қуаттылығы 15,2 млн.м3. құрайтын «Қалғұты» су қоймасының құрылысын салу. Жоба іске асырылған жағдайда Шу өзені арқылы Қырғызстан Республикасынан берілетін суармалы суға тәуелділікті азайтып, вегетациялық кезеңде 9000 га суармалы егістікті суғаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Рғайты» су қоймасының құрылысын бастап, Шу өзені арқылы Қырғызстан Республикасынан берілетін суармалы суға тәуелділікті азайту үшін Георгиевка магистральды каналының сол және оң тармақтарына бекітілген 19000 га жерді суармалы сумен қамтамасыз ету мақсаты тұр. Осы жобалар іске асқаннан кейін аудан дихандары егісті алаңсыз егіп, өнім көлемін еселері сөзсіз.
Кей ауылдарда да ауыз су мәселесі тұрғындарды мазалаған басты проблемаға айналған. Осы мақсатта өткен аптада аудан әкімінің орынбасары Елдос Нуралиев бастаған жұмысшы топ бірқатар ауылдарда болып, су жүйелерінің жай-күйімен танысты. Бүгінде аудандағы 41 елді мекеннің 32-сі орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланады. Қалған 9 елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы 5 елді мекенге қаражат бөлінген. Атап айтқанда Қайнар және Қарасу ауылдарында жаңа су жүйелері салынатын болса, Сарыбұлақ, Ноғайбай және Степное ауылдарының ауыз су жүйесі қайта жаңғыртудан өтеді. Ал, 2024 жылы Бәйтерек, Соғанды, Шарбақты, 2025 жылы – Алға, Көгадыр, Мұзбел ауылының тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылға дейін барлық елді мекендер 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі деген жоспар бар.
Ауыз су жүйелерінің жұмысымен толық танысқан аудан әкімінің орынбасары жауапты тұлғалармен кездесіп, су жүйелерінің жұмысының бүгінгі ахуалын көзбен көріп қайтты. Тиісінше, тапсырмалар беріп, шешуді қажет ететін мәселелер қатары да анықталды. Мәселен, Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр және Кенен ауылдарында су жүйелерін жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиісті қаражат бөлініп, конкурстық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, аудан орталығындағы «Солтүстік» ықшам ауданындағы су құбырына қосымша насос сатып алу қажеттілігі анықталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.