БАҒЖАННЫҢ БАҒЫ БӘЙГЕДЕ ЖАНЫП ЖҮР

0

Бүгінде виртуалды әлемнің қызығына батқан балалар көбейіп кетті. Сондықтан Сұлутөр ауылының тумасы Бағжан сияқты балаларды көргенде, әрине, «бәрекелдіден» басқа айтарымыз жоқ.

Он екі жастағы Бағжан Несіпбай әкесі Мұратхан мен анасы Райханның отбасындағы төртінші перзент. Жылқыға деген қызығушылығы үш жасында-ақ пайда бола бастады. Бүгінде ол талай бәйгелерден озып келіп жүрген шабандоз.

-Менің жылқыға деген құмарлығым кішкентай кезімнен басталды. Қазір жасым 12-де.  Үш жасымнан атқа отырдым. Бәйгеде жылқының шабысы мен оның жүлделі орындардан көрінуіне шабандоздың ықпалы мықты. Себебі кәсіби шабандоз ғана ат үстінде сәйгүліктің мүмкіндігін іштей сезеді. Бірақ мен өзімді кәсіби тұрғыда жетілген шабандоздар қатарына жатқызбаймын. Бұл өнерді әлі меңгеруім керек. Меніңше, жабағы үйреткенде тақымың мықты болуы қажет. Асау жабағыларға да міндім. Тақымыңды берік ұстап, нық отырсаң талай асауды жөнге келтіруге болады. Ал қорқып, жүрексінетін болсаң жылқы сезеді, одан жуасыту оңай болмайды, — дейді Бағжан.

Жарыс жолына бұрыннан шығып жүрген шабандоз бала бәрін өзі біліп отырады. Аттың сырын да жақсы біледі. Жүйріктің тізгінін қай кезде қалай ұстау керектігін сезеді. Жүйрікті қинамай-ақ мәреге озып келеді.  Алдымен, ол ауылда, ауданда өтетін ұлттық ат спорты жарыстарына қатысып, талай жарыстарда жеңімпаз болды. Бұл оның ат спортына деген қызығушылығын одан сайын арттыра түсті. «Удача» деп атайтын жүйрігімен  Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Өскемен, Қатонқарағай, Алматы, Талдықорған, Тараз бен Түркістанда өткен аламандарға шабандоз ретінде қатысып,  жүлдегер атанды.

-Әрине, бәйгеде қалып қойған кездерім де болды. Астымдағы атым болдырып қалған кезде, жануарды көп шаршатпауға тырысамын. Себебі оның мүмкіндігін іштей сезесің. Үлкен бәйгелерде жеңіске жету – бабы келіскен жүйрікке де, шабандозға да тікелей байланысты. Мысалы, өзімді шабандоз ретінде айтсам, сөреге тұрған кезде мен іштей сол атқа барынша  сеніммен қараймын. Сосын бәйге басталған кезде тақымыммен атты демеп отыруға тырысамын. Әрине, жылқының күтімі бапкеріне тікелей байланысты. Бұл ретте маған әкем Мұратхан және көкем Жасұлан көп көмектеседі, қолдау көрсетеді, — дейді шабандоз бала.

Ең алғаш өзі отырған тай «Тангер» әлі есінде.

-«Жүйрік болар жылқыны құлынынан танисың» деген. Нағыз сәйгүлікті құлын кезінен аңғаруға болады. Яғни, дене бітімі қысқалау, мойны жіңішкелеу келеді. Жүйрік болар жылқының төсі кең және қоян жақ, қамыс құлақ, жал-құйрығы сұйық болады. Сосын тілерсегі ақбөкендікі іспетті. Ол дегеніңіз – ұзақ шабысқа жарамды, яғни әлді деген сөз. Міне, әрбір мүшесі осылай өзге жылқыдан дараланып, көрініп тұрады. Нағыз сәйгүлік болар құлын өзінің қылығымен де белгілі ғой. Қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы өзгелерге ұқсамайды. Міне, менің «Тангерім» осындай болған, — дейді Бағжан.

-Өзіміз ауылдық жерде туып-өскендіктен және өзім жүйрік баптап отырғандықтан баламды ат спортына баулуым заңдылық қой. Бұл – біріншіден, менің әкелік парызым. Екіншіден, қазақтың қалып бара жатқан ата кәсібін бізден кейін де жалғастыратын адам керек. Егер, оларды біз тәрбиелемесек, жастарға көрсетпесек, кім көрсетеді, — дейді әкесі Мұратхан.

Сөзінің соңында жас шабандоз бала өзінің болашақта алға қойған мақсатымен бөлісті. Ол – атбегі болу. Бәрекелді! Іске сәт!

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.