ҚОРДАЙЛЫҚТАР АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА КИНО КӨРДІ

0

Сүйікті фильміңізді үйден емес, көпшілікпен бірге кинотеатрдан тамашалаған анағұрлым әсерлі. Үлкен экран, керемет дыбыс, дәмді попкорн және жайлы орын – сізге қажеттінің бәрі осында. Естеріңізде болса, маусым айында қордайлықтар үшін аудандық Мәдениет үйінде 450 орынға арналған заманауи кинотеатр көпшілікке есігін ашқан болатын. Енді, міне, аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ашық аспан астындағы кинотеатр ашылды. 21 шілде күні орталық саябақта ашық аспан астындағы алғашқы көрсетілім өтіп, оған 100-ге жуық көрермен жиналды. Кешкі салқында әрі таза ауада «Разбой» фильмін тамашалаған қордайлықтар жаңа форматта кино көру көңілдерінен шыққандарын айтады: «Ауданымызда ашық аспан астындағы кинотеатрдың ашылғанына қуаныштымыз. Кешкі уақытта дос-жарандармен, бала-шағамызбен таза ауада серуендеп, саябақта кино көру керемет әсер қалдырады екен. Арнайы аппараттың дыбысы жақсы естіліп тұрды, фильмнің сапасы да жоғары»,-деп баға берді көрермендер.

«Мұндай шаралар аудан тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге және отбасылық демалыс мәдениетін көтеруге ықпалы зор»,-дейді аудандық Мәдениет үйінің директоры Жанат Нұралиева.

Енді ашық аспан астындағы фильмдер орталық саябақта әр жұма сайын көрсетіліп тұратын болады. Ал мультфильмдердің көрсетілімі әр аптаның бейсенбісінде – аудандық Мәдениет үйіндегі кинотеатрда, әр жұма күні – ашық аспан астындағы кинотеатрда өтпек. Айта кетейік, көрсетілетін фильмдердің атауын және нақты уақытын алдын ала Қордай аудандық Мәдениет үйінің әлеуметтік желілердегі парақшаларынан (инстаграм: korday_rdk) біле аласыздар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.