БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАПЕРДЕ БОЛСЫН

0

Сәрсенбі күні Қордай ауылдық №6 негізгі мектеп ғимаратында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың, құқық қорғау органдары өкілдерінің, білім бөлімі басшылығының, мектеп директорларының қатысуымен жиын өтті.

Күн тәртібіндегі басты мәселе – балалардың қауіпсіздігі болды. Бірінші болып  білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков сөз алып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында атқарылған жұмыс туралы баяндамасын ұсынды. Бөлім басшысының айтуынша, аудан мектептерінде арнайы іс-шара жоспарлары әзірленіп, балалар арасында газ бен электр қуатын қолдану кезінде қауіпсіздік шаралары жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге жол қозғалысы және шомылу ережелері назардан тыс қалған жоқ. Төтенше немесе апатты жағдай кезінде балаларды өзін-өзі дұрыс ұстауды үйрету мақсатында жаттығулар өткізіліп, оқу-жаттығуға жалпы 25490 бала, мектептерден 636 техникалық персонал, 2086 мұғалім қатысқан. Одан басқа көптеген семинарлар, дөңгелек үстелдер, ата-аналармен кездесулер өткізілген. Аудан мектептерінде қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында бейнебақылау камералары орнатылған. Мәселен, ауданның 48 мектебінде 800 камера орнатылса, 20 мемлекеттік және 42 жекеменшік балабақшада 499 камера, 6 мектептен тыс мекемеде 24 камера бар. Аудан бойынша бейнебақылау камераларының жұмысын қамтамасыз ету үшін жалпы 1 млн 300 мың теңге бөлінген.

Бұл тақырыпты аудандық ТЖ бөлімінің басшысы Қанат Иманқұлов жалғастырып, атқарылған жұмыстар туралы ақпарат ұсынды. Баяндамашының айтуынша, 17-24 мамыр аралығында №1, 2, 3, 4, 5, 6, 51 орта мектептерінде оқушылардың қатысуымен жаттығулар өткізіліп, іс-шараға өрт сөндіру машиналары мен мектеп персоналы жұмылдырылған. Жаттығу барысында балалар өрт шыққан жағдайда қайда шығу керектігін, жиналатын орны, ғимараттан шыққан кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау сынды іс-әрекеттері пысықталды. Қ.Иманқұловтың айтуынша, жаттығу барысында біраз кемшіліктер де анықталған. Одан басқа, бірнеше мектептегі тексеру нәтижесінде өртке қарсы қауіпсіздік бұзушылықтары орын алған.

Білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесін аудандық полиция бөлімінің басшысы Мақсат Ережепов те сөз етті. Жиын барысында әжетханаларды орналастыру, сапалы цифрлық камера орнату мәселелері көтерілді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай осындай өзекті проблемаларды ашық түрде талқылау және дұрыс шешім шығару бұл мәселеге оң септігін тигізетінін тілге тиек етті.

— Бұл мәселелерді бірігіп шешуіміз керек, өйткені балалардың өмірі мен денсаулығы басты назарда болу керек. Өз кезегінде аудан басшылығы балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күшін салады, — деді Дамира Маратқызы.

Серғазы Манасбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.