ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

0

27 мамыр күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында шекара қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың өзара қарым-қатынасы жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Шекара қызметінің бастамасымен ұйымдастырылған жиынның күн тәртібіне «Шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы және мемлекеттік  органдардың ұжымдық қызметі» мәселесі енгізілді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, ҰҚК және Шекара қызметінің өкілдері, ауылдық округ әкімдері қатысып, мемлекеттік шекараны қорғауға ықпал ететін проблемалық мәселелер мен мемлекеттік шекараны қорғау саласында жергілікті атқарушы органдармен өзара қарым-қатынас алгоритмі қаралды. Жиында сөз алған шекара басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Д.Нұрғазин бүгінгі таңда әскерилер ұзындығы 218 шақырым мемлекеттік шекараны күзететінін атап өтті. 2021 жылдың басынан Қордай ауданы бойынша шекара маңында 168 заң бұзушылар қолға түскен. Баяндамашының айтуынша, шекаралас аймақта тұрғындардың заңсыз көші-қон деректері, инженерлік құрылыстардың маңында малды қараусыз жаю және мемлекеттік шекара маңына қоқыс төгу сынды деректер жиі орын алады. Шекарашы сезгіш датчиктермен жабдықталған сым қоршауларға жайылып жүрген мал тиіп, қауіпсіздік жүйесі іске қосылып, ол жерге шекара жасағы шығатынын айтып өтті. Жануардың кесірінен туындаған жалған дабыл салдарынан жеке құрамды тартуға тура келетінін, оның салдарынан шығындардың ұлғаятынын алға тартты. Мұнымен қатар, малдың кесірінен инженерлік құрылыстар жарамсыз күйге ұшырайды. Заңсыз көші-қон мәселесі бойынша жергілікті жерді жақсы білетін тұрғындар белгілі төлем үшін мемлекеттік шекараны заңсыз өтуге қолғабыс ететіні сөз болды. Жақын орналасқан елді мекендерден келетін тағы бір мәселе – қоқыс. Красный партизанға жақын маңда желден көтерілген қоқыс қоршау құрылыстарына түсіп, одан да жалған дабыл туындайды екен. Осы орайда шекара қызметінің өкілі жергілікті биліктен қолғабыс етіп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұрады.

— Шекараны қорғау әрбір азаматтың міндеті. Біз ортақ шекараны күзетеміз. Сондықтан, ауылдық округ әкімдерін жергілікті тұрғындармен тығыз жұмыс жасауға шақырамын, — деді Д.Нұрғазин. Сонымен қатар, жиында қазір шекара қызметінде 800-ден астам бос орын бар екені айтылды. Бұл ауылдағы жұмыссыз азаматтар үшін жұмысқа орналасуға тамаша мүмкіндік. Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай шекара қызметі және жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысының маңыздылығын атап өтіп, ауыл әкімдерін шекара қызметкерлерімен белсенді әрекет етуге шақырды.

Серғазы Манасбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.