Медбике – науқастың жағдайына дәрігерден кем қарамайтын денсаулық сақшысы. Дәрігер емінің нәтижелі болуы медбикенің ем-домды уақытылы әрі дұрыс жасауына тікелей байланысты. Сондықтан дәрігерлердің сенімді серігіне айналып, науқастардың дертіне дауа дарытатын мейірбикелердің еңбегі зор. Осындай денсаулық сақшыларының бірі – Гүлбайра Амиржанова.
Гүлбайра Чекенқызы 35 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Бүгінгі таңда аудан орталығындағы №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінде медбике болып жұмыс істейді. Оқушылардың денсаулығы мен дұрыс тамақтануын қадағалау – оның басты міндеті. Медицина қызметкерлеріне тән мейірімділік, жанашырлық, төзімділік сынды қасиеттердің барлығы Гүлбайра Амиржанованың бойынан табылады, балаларға әрдайым қамқорлықпен қарайды. Кейіпкерімізді оқырманға жақынырақ таныстыру мақсатымен өмірі мен еңбек жолы жайында сұрадық. «Мен 1969 жылы Ош облысында үлкен отбасында дүниеге келдім. Үйде 7 баламыз: 4 ұл және 3 қыз. Балалық шағым өте қызықты өтті. Еш нәрседен тарықпай, еркіндік пен тоқшылықта өстім. Әкем мені өте жақсы көретін, өйткені мен әкемнің 11 жыл үзілістен кейінгі көрген баласы және алғашқы қызы болдым. Әкемнің махаббаты мен қамқорлығы менің өз-өзіме сенімді тұлға болып қалыптасуыма әсер етті. Өйткені, не істесемде, мені жақсы көретін әкем бар екенін әрқашан білетінмін. Бұл маған күш-қуат беретін. Достарымның алды болдым, сабақта да үздік болуға тырысатынмын. Бала кезімде қалыптастырған бұл қасиетім мені әліде тастаған жоқ. Солай 1986 жылы мектеп бітіріп, Фрунзе қаласындағы медициналық колледжге оқуға түстім. Оқуға емтихансыз қабылдандым».
Оқуын аяқтаған соң, 1990 жылы қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, Қордай ауданы, Сарыбастау ауылына келін болып түседі. Қазақ отбасына келген жас келінге жаңа әулетке сіңісіп кету қиынға соқты. «Менің қазақ жігітіне тұрмысқа шыққым келетінін естігенде ата-анам, бауырларым қарсы болды. Өзге ұлт, бөтен жер, оңай болмайды деп мені айнытуға тырысты. Бірақ, шынайы сезім мен болашаққа сенімнің арқасында ешкімді тыңдамастан тұрмысқа шығып кеттім. Қала өміріне үйреніп қалған қызға ауылдағы тіршілікті алып кету расымен, оңай болмады. Ата-енеме қызмет еттім, сиыр сауып, құрт-май шайқап, үлкендерге сәлемімді салатын нағыз қазақтың келіні болдым»,- дейді Гүлбайра Амиржанова.
Кейіпкеріміз ана, жар, келін міндеттерімен қатар, жұмыста да үлгілі қызметкер болды. Медициналық дипломы бар маман Ноғайбай ауылының мектебінде мейірбике болып еңбек етті. Соңғы сегіз жылдан бері №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінде еңбек жолын жалғастырып келеді.
Гүлбайра Чекенқызын тағдырдың қатал сынына ұшыраса да, сағы сынбаған, қайсар мінезді батыр ана десек, артық айтқандық емес. Олай дейтініміз, кейіпкеріміз осыдан он екі жыл бұрын жарынан айырылып, төрт баламен жалғыз қалды. Нағыз қиындық сол уақытта басталды, дейді медбике: «Балаларды өсіріп-жетілдіру керек, ең кенжесі жаңадан 5-ке толды. Айлығым барлық шығындарды жабуға жетпегендіктен, сусын сатып, қосымша жұмыс істедім. Осылай аяқтан тік тұрып еңбектеніп, балаларымды да өсірдім, шүкір». Бұралаңы мен бұрылысы көп өмір соқпағынан адаспай, тура жол табу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал біздің кейіпкеріміз қиындыққа қайыспай қарсы тұра білді. Тынымсыз тер төге жүріп, перзенттеріне дұрыс тәрбие де бере алды, сапалы білім алуларына, тұлға ретінде қалыптасуларына көп көңіл мен уақытын бөлді. Қазір аналары бұл еңбегінің зая кетпегеніне көзі жетті. Әр баласы туралы әңгімелегенде кеудесін мақтаныш кернейді. Үлкен ұлы Олжас – геодезия саласының маманы, одан кейінгі қызы Әлия – Алматыда отбасылық дәрігер-педиатр болып жұмыс істейді. Ортаншы ұлы Әділхан Олжабай «Назарбаев зияткерлік мектебінің» түлегі, биыл Назарбаев университетін «экономист» мамандығы бойынша аяқтайды. Кенжесі Камила мектепті үздік бітіріп, биыл еліміздің белді университеттерінің біріне түсуді жоспарлап отыр. Ана үшін балаларының жетістіктерін көруден асқан бақыт жоқ, расымен. Гүлбайра ханымнан осындай қатарының алды болатын, ата-ана үмітін ақтайтын балаларды қалай тәрбиелеу керектігін сұрадық.
«Ең бастысы – балаға сену керек. Сенің қолыңнан бәрі келеді, сен мықтысың, деген сөздерді естіп өскен бала ертеңгі күні мықты тұлға болады. Сондай-ақ, балаға «іргетасты» қалауға көмектесіп жіберсең, әрі қарай өзі-ақ алып кетеді. Мәселен, мен ұл-қыздарымның сабағын бастауышта қадағалап отыратынмын, түсінбеген тұстарын ерінбей түсіндіретінмін. Соның нәтижесінде жоғары сыныптарда қиналмай оқыды. Тағы бір айтқым келетіні, балаларымның тәрбиесіне мен ғана емес, өскен ортасы, үлкен ата-апасының да ықпалы болды. Ата-әжесі бір-біріңе сүйеу болыңдар деп өсірді. Бірі жұмыс істеп жатса, қалғандары қарап тұрмайды, бірден көмекке келеді. Менің жолдасым да өте жақсы адам болды. Бауырмал, жанашыр, үлкенге құрметті, кішіге ізетті жан еді. Балаларымның бойындағы ізгі қасиеттер әкелерінен берілген деп те айта аламын»,-деп бала тәрбиесінің сырымен бөлісті.
Адал еңбек ешуақытта еленбей қалмайды. Гүлбайра Амиржанова ұзақ жылғы еңбегі үшін биыл Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған, бірнеше рет аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің алғыс хатын да иеленген. Жаны жайсаң мейірбикенің көрер қуанышы мен жетер жетістігі әлі алда екендігіне сенім мол.