БАЛАЛАРДЫҢ БОЛАШАҒЫН ОЙЛАҒАН АЗАМАТТАР

0

№26 Жамбыл Жабаев атындағы орта мектебінде «Жомарт түлек» жобасы бойынша өткен жылы көптеген игілікті істер атқарылды. «Тylek.kz» сайтына мектеп түлектерін тіркеп, кездесулер ұйымдастырылды. Қуантарлығы, мектеп пен ауылымызды көркейтуге демеушілік көрсетіп жүрген түлектеріміз көп. Олар туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешу үшін мектептің материалдық базасын жақсартуға өз үлестерін қосты. Бұл жобаның мақсаты неде? Мектеп бітіріп, жетістікке жеткен тұлғалар туған жеріне танымал, түрлі салада еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау, өңір тумаларын туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша шаралар қабылдауға тарту, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, коммуналдық шаруашылық және өзге де салалардағы әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруға жұмылдыру. Наурыз айында «ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ – ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗ» атты Жамбыл ауылы тұрғындарының түлектерімен мектеп әкімшілігінің қатысуымен “Жомарт түлек” жобасы аясында кездесу өтіп, онда мектепке көмек көрсеткен түлектер туралы айтылды, балаларға қатысты мәселелер талқыланды. Жұмыс бабымен алыста жүрген түлектермен онлайн видеосұхбат өтті. Түлектер өз өмір жолдарынан мысалдар келтіре отырып, балалардың дұрыс мамандық таңдауына бағыт-бағдар берді.
Әр жылдары мектепті бітірген түлектердің білім ордаларындағы соңғы қоңырау қарсаңында қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмектесуі, өз ауылының көркейіп көріктенуіне үлес қосуы дәстүрге айналған. Мысалы, 2012 жылдың түлектері балаларға принтер сыйлады, 2013, 2015 жылдың түлектері марқұм сыныптастарына құран бағыштап ауызашар берді, 2014 жылғы түлектер мектептің бірінші қабатындағы терезелеріне жалюзи сыйлады, Күлхан Джайлаубаева жомарт түлек атанып, балаларға проектор тарту етті. Осылай түлектер өзінің он екі жыл білім алған мектебінің әрі қарай өркендеуіне сәл де болса үлесін қосты. Патриоттық сезімнің үздік үлгісі — туған жеріне, мәдениеті мен дәстүріне деген құрмет көрсету. Әрбір азаматтың өмірінде табысқа жетуі туған мектеп пен ауылына көмек көрсету ізгі іс деп саналады. Сол себепті түлектеріміздің алтын ұя мектебін, туған жерін, сыныптастарын естен шығармай, барынша көмек көрсетіп жатқанына көңіл қуанады. Түлектерімізге мың алғыс. Біз оларды мақтан тұтамыз. Бұл ізгі жоба әлі де өз жалғасын табады деп ойлаймыз.

Гүлнара КӨПБАЕВА, кәсіби бағдар беру педагогі

Leave A Reply

Your email address will not be published.