БАЛАНЫ ТЕЛЕФОН ТӘРБИЕЛЕМЕСІН!

0

Әу баста телефонды адамдар өзара байланыс құралы ретінде пайдаланып келген. Алайда қазіргі уақытта телефон заман талабына сай өзгеріп, жаңарып қоғамның бір бөлігіне айналып кетті. Қазіргі уақытта телефон қолданбайтын адам жоқ десек те болады. Телефон арқылы өзімізге ыңғайлы уақытта қалаған ақпаратты тауып, жақындарымызбен хабарласып, хат алмасып, түрлі мобильді қосымшалар арқылы қажеттіліктерімізді өтеп, онлайн жұмыс атқарып пайдасын көріп жатқанымыз баршамызға мәлім. Десек те сол пайдасымен қатар зияны да бар екенін ескерген жөн. Зымырап өтіп жатқан уақытта адамдардың бос уақыты шектеулі және сол шектеулі уақытта адам өз пайдасы үшін кітап оқып, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанумен қатар ой-өрісін дамытып өзіне және қоғамға пайда әкелетін іспен шұғылданудың орнына телефонмен сағаттап уақытын өткізуде.

Телефонмен пайдасыз видеолар көріп, пайдасыз ақпараттар алу арқылы адамның ой-өрісі дамымайды. Телефонды ұзақ уақыт қолдану адамның денсаулығына да зиянын тигізеді. Атап айтқанда телефоннан бөлінетін радияция, адамның көз жанарының нашар көре бастауы, т.с.с. Адамды жалқаулыққа алып келетін құрал телефон болып табылатыны да шындық. Әсіресе болашақ жастардың телефонды шамадан тыс пайдалануы және соған әуестенуі қынжылтады. Ол баланың мінез-құлқына, ойлау қабілетіне, денсаулығына, тәрбиесіне, жалпы өміріне әсер ететіні анық дүние.

Қазіргі заман талабына сай парасатты, иманды, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін ата-ананың бала тәрбиесіне аса көңіл бөлгені жөн. Әр уақытта бала тәрбиесі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі болып саналады. Сол отбасындағы ұл мен қыздың ұлтқа жанашыр, иман жүзді, парасатты, білімді, ибалы болып өсуі тікелей ата-ананың жауапкершілігі мен балаға берген тәрбиесіне байланысты. Сол тәрбие барысында «балам қатарынан қалмасын», «балам жыламай телефонмен алдансын» деп баланың қолына шамадан тыс телефонды беріп қою және сол нәрсеге баланың үйреніп, әуес болуы қателік болып табылады.

Әлеуметтік желілердің жас-жеткіншектер үшін қол жетімді болуы пайдасымен қатар кері ықпалын да тигізуде. Атап айтқанда TikTok, Instagram, Facebook тағы да басқа әлеуметтік желілер баланың әдепті болуына, кішіпейіл болуы мен еңбекқор болуына, «қоғамға пайда әкелемін» — деген ойдан алыстауына өз септігін тигізуде. Осы орайда ата-ананың бала тәрбиесінде жалпы телефонға, әлеуметтік желіге, баланың қатыгез болуына себеп болатын, баланың психологиялық ойлау қабілетінің өзгеруіне алып келетін түрлі ойындарға шектеу қойғаны дұрыс.

Расында, жоғарыда айтылған нәрселерге жеткізбеудің бірден-бір жолы —  дұрыс тәрбие, оның ішінде ең бастысы бұл – имандылық тәрбиесі болып табылады. Баланы иманды қылып тәрбиелеу ата-ананың басты және ең алғашқы міндеті. Балаға рухани тәрбие беріп, оған Жаратушысын тануды үйрету, баланың бойында мұсылмандық сипаттардың болуы мен шынайы мұсылман болып өсуіне жағдай жасау ата-ананың басты мақсаты болуы керек. Рухани бай тұлға әрқашан өзіне пайда әкеліп қана қоймай, қоршаған ортасына, қоғамға, Отанына да пайдасын тигізері анық.

Бұл жайында Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде былай бұйырған:

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан (тозақтан) құтқарыңдар!» Тахрим сүресінің 6-аяты. Аятты түсіндіруде сүйікті Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйгілі сахабасы Әли Ибн Әбуталиб (Оған Алла разы болсын) «Оларға ғылым- білім үйретіп, әдепке баулыңдар»-деп түсіндірген. Ал, Хасан Басри (Алла рахымына бөлесін): «Аллаға бойұсынуға бұйырып, ізгілікті үйретіңдер»- деген.

Ардақты Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Әкенің баласына жақсы тәрбиеден артық берер сыйлығы болмас!», деп бала тәрбиесінің маңызын түсіндіріп өткен.

Жалпы айтқанда, ата-ана мен баласының арасындағы мәміленің дұрыс болуы және ата-ананың балаға үлгі боларлықтай тұлға болуы маңызды. Бала айтқанды емес, көргенін жасайды. Ата-ананың өзі де телефонға және әлеуметтік желілерді қолдануда баласына үлгі бола білуі керек.

Дана халқымыз: «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер»- деп бекер айтпаса керек. Балаңды телефон тәрбиелемесін сен тәрбиеле- деген сөз әр ата-ананың өмірлік ұстанымы болуына Ұлы Раббымыз нәсіп еткей!

Жандос ІЛИЯСОВ, Қаракемер ауылы «Қаракемер» мешітінің наиб имамы

Leave A Reply

Your email address will not be published.