«БАЛАУСА» ЛАГЕРІ ЖҰМЫСЫНА ЗЕРДЕЛЕУ ЖҮРГІЗІЛДІ

0

Өткен жұмада Қордай ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері Қордайдағы «Балауса» сауықтыру лагерінің жұмысын зерделеу мақсатында арнайы барып қайтты. Аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрайымы Дамира Сүгірбайдың басшылығымен комиссия мүшелері лагерь аумағын аралап, ондағы балаларға жасалған жағдаймен танысты.

Қазіргі таңда лагерь алғашқы лекті шығарып салуға дайындалып жатыр. Осында 12 күн бірге болған балалардың жүзінен бір-біріне бауыр басып, қимастық сезімінің байқалатыны ерекше әсер қалдырады.

Комиссия мүшелеріне лагерь өкілдері алдымен медициналық кабинет жұмысын таныстырып өтті. Олардың айтуынша, жан-жақты қолдаудың арқасында алғашқы медициналық көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, зерделеу барысында тазалық сақтау мақсатында жұмыс істейтін монша мен төсек-орын жинақтарын сақтайтын қойма да комиссия назарына ұсынылды. Лагерь басшылығы гигиеналық талаптарға үлкен мән беретінін атап өтіп, әр апта сайын төсек орындарын ауыстырып, балалардың моншаға түсуіне мүмкіндік жасалатынын жеткізді.

Комиссия мүшелері лагердің асханасына да бас сұғып, санитарлық талаптардың сақталуымен танысты. Асхана төрт мезгіл тамақ беруге арналған, былтыр бөлінген бюджет қаражаты есебінен жөндеуден өтіп, қазіргі таңда мұнтаздай таза күйде жұмыс істеуде.

Сондай-ақ балалардың ойын алаңдары, жатын бөлмелері, бассейн мен душ бөлмелері де тексерілді. Бұл нысандардың барлығы қауіпсіздік талаптарына сай екені анықталды. Қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылып, лагерь аумағына бейнебақылау камералары орнатылған.

Зерделеу барысында «Балаусада» демалып жатқан балалар комиссия мүшелеріне өз өнерлерін көрсетіп, жаңа достар тапқандарын қуанышпен жеткізді.

Ертең лагерь 300 баланы шығарып салып, келесі лекке дайындалмақ. Комиссия мүшелері «Балауса» жұмысына сәттілік тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.