БАРАР ЖЕРІҢ БОЛҒАНЫ ҚАНДАЙ ЖАҚСЫ

0

Кейде адамға тек көмек қана емес, қорған, қолдау және қарапайым адами жылулық қажет болады. Әсіресе өмірдің қиын сәттерінде тағдыр тауқыметі жанға батқанда жанашырлықтың орны ерекше. Осындай сәттерде көмек қолын созу мақсатында Қордай ауданында «Аяла» отбасын қолдау орталығы ашылды. Бұл – өзгенің мәселесіне бейжай қарамайтын, үміт сыйлайтын орын.

Бүгінде отбасы институтын нығайту, қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдау мәселелері қоғамдағы маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Осы тұрғыда «Аяла» орталығы аудан көлемінде нақты нәтижесін көрсетіп келе жатқан әлеуметтік бастамалардың бірі.

Орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы біз мекеме басшысы Гүлмира Ордашпен әңгімелескен едік.

– Гүлмира Жеңісқызы, орталық қалай құрылды және негізгі мақсаты қандай?

– «Аяла» орталығы Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан ашылды. Негізгі мақсатымыз – қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар мен азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету. Бұл – психологиялық көмек, құқықтық кеңес беру, әлеуметтік мәселелерді шешуге жәрдемдесу секілді бағыттарды қамтиды. Біз тек мәселені шешумен ғана шектелмей, оның алдын алу жұмыстарына да басымдық береміз.

– Қазіргі таңда қандай бағыттар негізгі назарда?

– Ең алдымен, отбасыларды қолдау, шаңырақтың сақталуына ықпал ету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және дағдарыс жағдайындағы азаматтарға көмек көрсету басты назарда. Орталықта әртүрлі сала мамандары жұмыс істейді. Атап айтқанда, психологтар, заңгер және әлеуметтік қызметкер бар. Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау мекемелерімен және құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Осындай кешенді тәсіл мәселені жан-жақты қарастыруға мүмкіндік береді.

– Нақты нәтижелер туралы айтуға бола ма?

– Әрине. Есепті кезеңде жүзден астам отбасыға көмек көрсетілді. Мамандар отбасылардың тұрғылықты мекенжайына барып, жағдайды жан-жақты зерделеді. Кейбір азаматтарға психологиялық қолдау көрсетілсе, енді біріне заңгерлік кеңес берілді. Материалдық көмек алған отбасылар да болды. Сонымен қатар бірнеше азаматтың жұмысқа орналасуына ықпал еттік. Кей жағдайларда шұғыл қорған қажет болғандықтан, отбасылар уақытша қауіпсіз ортаға орналастырылды.

– Шұғыл жағдайлармен де жұмыс жүргізіле ме?

– Иә, әрине. «111» байланыс орталығы арқылы келіп түсетін өтініштердің барлығына жедел әрекет етеміз. Кей жағдайлар отбасындағы зорлық-зомбылықпен немесе ауыр психологиялық күйзеліспен байланысты болады. Мұндай кезде мамандар дереу көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда азаматтарды уақытша қауіпсіз жерге орналастырады.

– Профилактикалық жұмыстардың маңызы қандай?

– Бұл – біздің жұмысымыздағы негізгі бағыттардың бірі. Біз тұрғындармен кездесулер өткізіп, жастармен, мектеп оқушыларымен жұмыс жүргіземіз. Түрлі семинарлар, акциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырамыз. Отбасылық құндылықтар, зорлық-зомбылықтың алдын алу, өзара сыйластықтың маңызы туралы кеңінен түсіндіреміз. Басты мақсат – мәселе туындағаннан кейін ғана емес, оның алдын алу.

– Аудан тұрғындарына айтар тілегіңіз?

– Ең бастысы – ешқашан проблемамен жалғыз қалмау керек. Қандай қиындық болса да, тыңдап, қолдау көрсететін орын бар екенін білу маңызды. Біздің орталық көмекке мұқтаж әрбір азаматқа ашық. Бүгінде «Аяла» – жай ғана мекеме емес. Бұл – тірек, үміт және адамға өзіне, болашағына қайта сенім сыйлайтын орын. Өйткені мықты қоғам адамға деген қамқорлықтан басталады. Ал қолдау бар жерде үміт те бар.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.