«БАЛАУСА» БАЛҒЫНДАР ӘЛЕМІ

0

Жазғы демалыс — әрбір оқушының асыға күтетін кезеңі. Қордай ауданының табиғаты әсем, таза ауасында орналасқан «Балауса» балалар сауықтыру лагері биылғы маусымды ерекше қарқынмен бастауға ниетті. Біз, редакция тілшілері аталған демалыс орнына арнайы барып, дайындық барысымен танысып қайтқан едік.

Балалық шақтың ең жарқын сәттері мен ұмытылмас естеліктері қалатын мекен — ол балалар лагері. Бұл жай ғана демалыс орны емес, бұл — баланың өз-өзін тануына, еркіндік сезінуіне ашылатын алғашқы үлкен әлемі. Лагерьдегі таныстық, кешкі алау басындағы сырласу мен бір бөлмеде бөліскен балалық армандар өмірлік миссияны айқындауға жасалған алғашқы қадам болмақ. Мұнда бала жалғыз еместігін, үлкен ортаның маңызды бөлшегі екенін сезінеді. Үйдегі ата-ана қамқорлығынан сәл алыстап, өз бетінше шешім қабылдап, түрлі үйірмелер мен спорттық жарыстарға қатысып мінезі шыңдалады. Шахмат тақтасындағы алғашқы жеңіс немесе футбол алаңындағы соғылған гол — оның өзіне деген сенімін арттыратын ұлы сәттер санатында.

Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданы білім бөлімінің жазғы сауықтыру лагері 1977 жылдан бері мыңдаған баланың сүйікті орнына айналған. Жалпы аумағы 6 гектарды болса, лагерьдің жобалық қуаты бір ағымға 300 орынды құрайды. Жазғы маусымда 4 лекті қабылдауды жоспарлануда. Әр лектің ұзақтығы — 12 күн. Маусым айының 9-нан басталып, 3 тамызда аяқталады. Балалар жатақханасының әрбір ғимараты 50 орындық. Барлығы осындай 6 ғимарат бар, үлкен асхана бір мезетте 300 балаға тамақ беруге қауқарлы. Медициналық кабинетте балалар мен ересектерге алғашқы медициналық көмек көрсету үшін жағдай жасалған. Үлкен бассейн, душ, би алаңы бар, жазғы сахна, монша, шағын футбол мен үлкен футбол алаңы, баскетбол және волейбол алаңдары, спорт жабдықтары, 4 теннис үстелі, ауыз суы бар салқындатқыш әрбір ғимаратта орнатылған.

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК — ЛАГЕРЬ КӨРКІ

Лагерь аумағына кіргеннен-ақ көз тартатын көгалдандыру жұмыстарын байқауға болады. Биыл экологиялық тазалық пен эстетикаға басымдық беріліпті. «Меркі ауданындағы орман шаруашылығынан алып 24 қылқан жапырақты көшеттер отырғыздық. Тамырланып, көктеп жатыр. Лагерьге кіре берістен оң жағына 20, сол жағына 4 ағаш отырғызылды. Раушан гүлдер де жайқалып өсіп жатыр. Бағбандарымыз қарап, маусымдық кезеңге дайындалып, шаруашылық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Балалар жақсы көңіл-күймен келу керек», — деп лагерь директоры Еркін Төлеуов жұмыс барысымен бөлісті.

«Бәріміз бала болдық. Баланың бос уақытын тиімді пайдалану қажет деп ойлаймын. Таза ауамен демалып, емін-еркін ойнап, лагерьдегі үйірме жұмыстарына қатысып, бой түзеп қалады. Спорттық ойындар, атап айтсақ: шахмат, дойбы, футбол, волейбол. Биылғы маусымға ұлттық ойындарды, яғни асық ойындары, тоғызқұмалаққа басымдық беріп, спартакияда өткізу көзделіп отыр», — деп Еркін Өксікбайұлы ұлттық құндылыққа биыл басымдық берілетінін жеткізді.

Мұндай ауқымды жұмыстардың сапалы өтуіне білікті мамандар жұмылдырылған. Мектеп мұғалімдерінен құралған топ басшылары, аға топ басшылары мен ұйымдастырушы-педагогтер арнайы бекітілген жоспар бойынша балалардың әр күнін қызықты өткізуге атсалысады. Лагерьдегі балалардың жағдайы мемлекеттің тікелей бақылауында. Мұнда әлеуметтік жағдайына қарамастан, барлық балаға тең жағдай жасалған. Бұл жайында директор: «Бізге келетін балалардың бәрін мемлекет қамтамасыз етеді. Ас мәзіріне келсек, барлығы мемлекеттік стандартқа сай, тіпті, инклюзивті балаларға арнайы диетолог мамандардың бекіткен мәзірін дайындауға қауқарымыз жетеді», — дейді.

Сондай-ақ, балалардың ең сүйікті орны — бассейндер де дайын. Мұнда 90 см және 50 см тереңдіктегі екі су айдыны бар. Бассейнге құйылатын су құрамын талдау үшін арнайы сараптама жүргізіліп, талдау орнына жіберілді. Алдағы күндері қорытынды жауабын күтілуде. Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмаған: балалардың суға түсуіне тек медициналық анықтамамен рұқсат етіледі және жүзу нұсқаушысы үнемі бақылауда ұстайды.

ТҮЙІН: ЕСКІ МЕН ЖАҢА

Десе де, әрленген бояу мен жаңа егілген ағаштардың тасасында шешімін күткен күрделі мәселелер де бар. Балалар ойнайтын алаңдардың тозығы жеткені байқалады. Кемі 30-40 жыл бұрын ор-натылған советтік темір «ракеталар» мен сырғанақ-тар бүгінгі қауіпсіздік талаптарын қанағаттандыра ала ма? Қазіргі заманауи стандарттар (ЕАЭО 042/2017 техникалық регламенті) бойынша, ойын алаңдары соққыны бәсеңдететін LLDPE пластигінен немесе өңделген ағаштан жасалуы тиіс. Сонымен қатар, астына резеңке (тартан) төсеніш немесе арнайы құм төселуі міндетті. Осы мәселеге қатысты лагерь басшысы: «Әр топқа жауапты топ басшы ұстаздар қатаң тәртіпті сақтап, абайлап ойнауын қадағалайды», — деп қысқа қайырды. Әрине, бұның барлығы қаржыландыруға байланысты екені анық.

«Балауса» лагері биылғы маусымды жақсы көңіл-күймен бастағалы отыр. Алдағы уақытта ескі темірлердің орнын жаңа, қауіпсіз ойын кешендері басады деп сенеміз. Өйткені, біздің басты байлығымыз — бала қауіпсіздігі.

Лагерь — бұл таңертеңгі жаттығудан бастап, кешкі би кешіне дейінгі созылған шексіз қуаныш. Бассейндегі салқын судың шашырауы, ұлттық ойындардағы қызу тартыс баланың есейгенде қимай еске алатын, жүрегін жылулыққа толтыратын сағыныш мекені болып қала бермек.

Карима АХАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.