БАРШАҒА ОРТАҚ МҮМКІНДІК

0

Әр бала сапалы білім алуға, өз қабілетін дамытуға және қоғамның толыққанды мүшесі болуға құқылы. Бұл – бүгінгі білім беру жүйесінің басты ұстанымдарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, инклюзивті білім беру – тек мүмкіндігі шектеулі балаларға жағдай жасау емес, әрбір баланы қоғамнан бөлмей, оның жеке ерекшелігін құрметтеуге бағытталған маңызды әлеуметтік құндылық.

Көшеде өзімен жасты балалардың бірге ойнап жүргенін көрген мектеп жасына дейінгі бала неліктен олардың бірінің жақын жердегі мектепке емес, ерекше жағдай жасалған білім беру ұйымына баратынын түсінбеуі мүмкін. Өйткені бала үшін бәрі бірдей: олар ойнайды, күледі, армандайды, достасады. Ал ересектердің міндеті – осы табиғи теңдікті сақтап, балалардың бір-бірінен алшақтап кетуіне жол бермеу.

Инклюзияның негізгі мәні де осында – баланы өзгешелігі үшін бөліп-жармай, керісінше, оның қоғамдағы орнын қалыптастыру.

«Инклюзия» ұғымы латын тілінен шыққан, «қосу», «өзімді қосқанда» деген мағынаны білдіреді. Ал білім беру саласында инклюзия – баланың денсаулығына, қабілетіне, әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жеріне немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, сапалы білім алуға тең мүмкіндік берілуін көздейтін жүйе.

Инклюзивті білім беру тек оқу бағдарламасын меңгертумен шектелмейді. Оның ауқымы әлдеқайда кең. Бала балабақшаға, мектепке барып қана қоймай, мектеп өміріне белсенді араласуы, сыныптастарымен қарым-қатынас орнатуы, түрлі іс-шараларға қатысуы, өзінің қабілетін көрсетуі керек. Өйткені білім беру – тек пән үйрету емес, сонымен қатар тұлға қалыптастыру үдерісі.

Қазіргі таңда елімізде инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Жалпы білім беретін мектептерде ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға арналған қолдау тетіктері қалыптасуда. Арнайы педагогтер, психологтер, педагог-ассистенттер мен басқа да мамандардың көмегі баланың оқуына және әлеуметтік ортаға бейімделуіне мүмкіндік береді.

Әр баланың қабылдауы, ойлауы, есте сақтауы, эмоциялық дамуы әртүрлі. Сондықтан бір оқушыға тиімді болған әдіс екінші балаға сәйкес келмеуі мүмкін. Осы себепті инклюзивті білім беруде жеке тәсіл аса маңызды. Баланың мүмкіндігін кемшілік ретінде емес, оның өзіндік ерекшелігі ретінде қабылдау қажет.

Инклюзивті білім берудің басты мақсаты – даму ерекшеліктері бар балалардың басқа балалармен бірге білім алуына, тәрбиеленуіне және қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау. Бұл – теңдік қағидатын жүзеге асырудың нақты жолы.

Мұнда мұғалімнің рөлі ерекше. Педагог әр баланың қабілетін байқап, оның жетістігін бағалай білуі керек. Кейде бір бала үшін тақтаға шығып жауап беру үлкен жетістік болса, енді бірі үшін сыныптастарымен бірге топтық жұмысқа қатысу маңызды қадам болуы мүмкін. Сондықтан баланың әрбір кішкентай жетістігін қолдау – оның өзіне деген сенімін арттырады.

Сонымен бірге инклюзивті ортаны қалыптастыруда ата-ананың да жауапкершілігі зор. Бала ең алдымен отбасынан тәрбие алады. Үйде өзгешелікті кемшілік ретінде емес, адам бойындағы табиғи ерекшелік ретінде түсіндіру қажет. Балаларға «ол басқаша» деп емес, «оның да сен сияқты арманы, сезімі, қызығушылығы бар» деп түсіндіру – толерантты қоғам қалыптастырудың алғашқы қадамы.

Шын мәнінде, инклюзивті білім беру ерекше баланы қоғамға бейімдеумен ғана шектелмейді. Ол қоғамның өзін өзгертуге ықпал етеді.

Мүмкіндігі шектеулі баламен бірге оқыған бала мейірімділікті, сабырлылықты, өзгені түсінуді, көмек көрсетуді үйренеді. Ол әр адамның бірдей емес екенін, бірақ әр адамның қадірлі екенін түсінеді. Мұндай құндылықтар кейін баланың ересек өміріндегі азаматтық ұстанымына айналады.

Сондықтан инклюзия – тек білім беру саласының мәселесі емес. Бұл – бүкіл қоғамға қатысты мәселе. Мектеп, балабақша, ата-ана, педагог, медицина және әлеуметтік қызмет салалары бірлесіп жұмыс істегенде ғана ерекше білім беруді қажет ететін балаға қажетті қолдау толық көрсетіледі.

Кейде біз «оларға қиын шығар» деп сырттай ғана ойлаймыз. Ал сол баланың орнына өзімізді қойып көрейікші. Күнделікті қарапайым әрекеттің өзі қиындық тудыратын ортада өмір сүру қандай болар еді? Қоғам тарапынан түсінбеушілікке немесе немқұрайлылыққа тап болу ше? Мұндай жағдайда адамның өзіне деген сенімін жоғалтпай, алға ұмтылуы оңай емес.

Сондықтан ерекше баладан қоғамға бейімделуді ғана талап етпей, қоғамның да сол балаға бейімделуі қажет. Кедергісіз орта, қолжетімді білім, түсіністік пен қолдау – баланың болашағына салынған инвестиция.

Инклюзивті білім беру жүйесі дамыған сайын қоғам да өзгереді. Біз балаларды бір-бірінен бөлмей, олардың арасындағы өзара түсіністікті арттырсақ, болашақта мейірімді, әділетті әрі адамды оның мүмкіндігіне қарай емес, тұлға ретінде бағалайтын қоғам қалыптастырамыз.

Бүгінгі бала – ертеңгі ел азаматы. Оның ішінде дені сау бала да, ерекше білім беруді қажет ететін бала да бар. Олардың барлығы – біздің қоғамның бір бөлігі, еліміздің болашағы.

Ендеше, ешбір баланы шет қалдырмайық. Әр балаға білім алуға, достасуға, армандауға және өз орнын табуға мүмкіндік берейік. Себебі инклюзивті қоғам – біреуге жасалған жақсылық емес, баршаға ортақ адамдық құндылық.

Балаға берілген мүмкіндік – оның ғана емес, тұтас қоғамның болашағын өзгертеді.

Досжан Сұлтан

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.