Қордай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында, аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатовтың төрағалығымен өткен жиын бірқатар ауылдық округтердің бас жоспарын қайта әзірлеуге арналды.
Жиынға салалық мекеме басшылары, мердігерлік мекемелер, атап айтқанда, «Интерайнс» және «LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өкілдері мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Бұл жиында көтерілген мәселе ауданның болашағы мен дамуына бағытталған ауқымды жобалар кешенін құру. Ауылдық округтердің даму жоспарын құру құжаты халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін маңызды.
«Ауылдың бас жоспарын құру процесі өте көпқұрамды және көп деңгейлі. Бұл жоспар әр уақытта келешектегі қауіптер мен мүмкіндіктерді ескере отырып, құрастырылуы тиіс. Бұл ретте, экологиялық аспектілерді ұмытпау да маңызды. Ауыл жоспарында жасыл желектер, саябақтар мен экологиялық тазарту жүйелері қарастырылуы тиіс. Жерді дұрыс пайдалану, су ресурстарын сақтауды қамтамасыз ету, және экологиялық тепе—теңдікті сақтау мақсатында жұмыстар жүргізілуі керек», — деді аудан әкімінің салалық орынбасары.
Бақыт Оңласынұлы, жиында атап өткендей, бас жоспар аудан тұрғындарының күнделікті өмірінде маңызды рөл атқарады. Бұл жоспарды құру және іске асыру арқылы ауылдық округтер экономикалық дамуына серпіліс беретін, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартып, халықтың күнкөріс деңгейін арттыратын жобаларды жүзеге асыра алады.
Жиында ауылдардағы экологиялық жағдайларға қатысты мәселелер де көтерілді.
Аудан әкімдігі ауылдық округтердің бас жоспарының жүзеге асырылу барысында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шараларды қолға алуды жоспарлауда. Осыған орай, жиын барысында ұсынылған жобалар мен бастамалар ауылдардың әлеуметтік қатерлерін азайтып, ауданның дамуына ықпал етпек.
Жиын барысында қатысушылар ойларын ортаға салып, барлық ауыл тұрғындарының игілігі үшін жұмыс нәтижелері оң болатынына сенім білдірді. Аудан әкімдігі алдағы уақытта халықпен тығыз байланыста бола отырып, осы жос-парды тиімді әрі жемісті жүзеге асыруды көздейді.