Баспаналы болды

0

Отар ауылында алты бала тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана баспаналы болды. Көп балалы отбасы 15 жыл бойы пәтер жалдап, өзгенің үйін паналап келген еді. Олардың ең үлкен арманының орындалуына Алматы қаласындағы «Асар уме» қайырымдылық қорының көмегі тиді.

Қуаныш иесі, алты баланың анасы Арайлым Сатыбалдиеваның айтуынша, соңғы бір-екі жыл олар еш жағдайы жоқ бір бөлмелі пәтерде тұрыпты. Балаларын жалғыз өзі асырап жатқан ана үшін бұл өте қиын екені айтпаса да белгілі. Жалғызбасты ананың жағдайына қанық болған «Асар уме» қайырымдылық қорының өкілдері Отар ауылындағы Керімқұл көшесінен үй алып береді. Бес бөлмелі үйде барлық жағдай қарастырылған, 20 сотық жерде қора жайы, моншасы бар. Аталмыш қордың Қордай ауданындағы өкілі Бақыт Асубаев көпбалалы анаға үйдің кілтін табыстап, ізгі тілектерін жеткізді.

— Мен өте қуаныштымын, қазір жағдайым жақсы, әкімдікте ақылы қоғамдық жұмыстарды атқарамын. Басты проблема – үйлі болу мәселесі шешілді. Енді біртіндеп тұрмысымыз жақсарады деп үміттенемін. Арманымның орындалуына себепші болған қайырымдылық қорға, атсалысқан барша азаматтарға алғысым шексіз, — дейді Арайлым Сатыбалдиева.

Айта кетсек, осымен «Асар уме» қайырымдылық қоры Қордай ауданында мұқтаждарға үшінші үйді сыйға тартып отыр. Қордың Қордай ауданындағы өкілі Бақыт Асубаевтың айтуынша, қайырымдылық істері әрі қарай жалғасатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.