БАСТЫ БАҒЫТ – ДІНИ САУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУ

0

23 қараша күні аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің III, IV отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың төрағалығымен өткен жиынға комиссия мүшелері, аудан әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, мешіт имамдары қатысты.
Кеңестің күн тәртібіне бес сұрақ шығарылып, талқыға түсті. Бірінші сұрақ — 2021-2022 оқу жылдарында «Қордай» құран қариларын дайындау орталығы тарапынан жүргізілген жұмыстар туралы орталық директоры Ғалымжан Шерниязов баяндама жасаса, екінші сұрақ — «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің Қордай ауданындағы бөлімшесінің ауданда діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында атқарған жұмыстары туралы бөлімше басшысы Тоты Есқұлова баян етті. Сондай- ақ, «Спорт мектептеріндегі жастар мен бапкер – оқытушылардың діни сауаттылығын арттыру бағытындағы атқарылған жұмыстары туралы» аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сұлтан Мараттың хабарламасы тыңдалды. Жиын барысында мешіт имамдарына мемлекеттік тілді үйрету бағытында атқарылған жұмыстары туралы «Тілдерді оқыту орталығының» директоры Алия Итжанова баяндама жасады. Баяндамашы 2021жылы Масаншы ауылындағы «Мұсылмандар» мешітінен 1 топ 11 тыңдаушы, Сортөбе мешіті имамдарынан 1 топ 10 тыңдаушы, Ауқатты ауылындағы «Нұр- Ислам» мешіт имамдарынан 1 топ 13 тыңдаушы қазақ тілі курсын оқуға ниет білдіріп, мекеме басшыларымен келісіле отырып сабақ кестесі бекітіліп, білім алғанын айтып, сол жылдың қыркүйек айында сабақ толығымен аяқталып, 3 топ 34 тыңдаушы бастауыш деңгейі курсын бітіріп, сертификат табысталғанын жеткізді. Ал, биыл сол бастауыш деңгейін аяқтаған Сортөбе ауылы имамдары тілді игеруді одан әрі жалғастыруға ниет білдіріп, білім алуда екен. Осылайша ауыл имамдары арасында қазақ тілін үйренуге ниет еткен діни қызметкерлер саны арта түскен. Оларға орталық тарапынан барлық қолдаулар жасалған.
Кеңесте талқыланған келесі сұрақ — Масаншы, Сортөбе, Сарыбұлақ, Ноғайбай ауылдық округі әкімдерінің тұрғындар арасында діни сауаттылықты арттыру және радикалды діни ағымдардың ықпалына тусудің жолын кесу бойынша атқарылған жұмыстар туралы аталған округ әкімдері есеп берді.
Жиынды қорытынды-лаған Дамира Маратқызы баяндамашыларға келісім бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеп, ұсыныстар айтты. Мәселен, «Қордай» құран қариларын дайындау орталығына орталық қыметі туралы ақпараттандыруды қолға алуды, «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің Қордай ауданындағы бөлімшесіне «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру бойынша, Жастар арасында интернет желілеріндегі деструктивті діни контенттердің зардабын түсіндіру мақсатында интернет желілеріне қарсы түсіндіру жұмыстарын, «Жусан» операциясы арқылы елге қайтарылған азаматтармен қоғамға бейімдеу бағытында әлеуметтік және психологиялық көмектер көрсету, діни алауыздықты немесе араздықты тудыруға бағытталған экстремистік идеяларды жақтайтын адамдар санын азайту бойынша жұмыстар жүргізу тапсырылса, аудан әкімдігінің спорт және дене шынықтыру бөліміне спорт мектептеріндегі жастар мен бапкер – оқытушылардың діни сауаттылығын арттыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды жалғастыру бойынша нақты шараларды жандандыру тапсырылды.
Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне, «Тілдерді оқыту орталығына» Қарасу, Ауқатты, Масаншы, Сортөбе ауылдық округтерінде орналасқан мешіт имамдарына қазақ тілін үйрену курстарының жұмысын жандандыру, ауылдық округ әкімдеріне шетелде діни оқу орындарында оқып жатқан азаматтардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарымен тұрақты түрде айналысу, азаматтардың елге кері қайтуы бойынша тиісті жұмыстар жүргізу, ҚМДБ-ның аудандық өкілдігімен бірлесіп, дәстүрлі емес діни ағымдарға жол бермеу бағытында тиісті түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және мешіт қызметкерлерінің ғибадат үйлерін қараусыз қалдырмауын қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берілді.
Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.