Қазақтың жауһар жырларын тыңдап өсу бір бөлек, оны көңілге құйып, жүрекпен сезініп, киелі домбыраның сүйемелдеуімен тыңдарманға жеткізе білу бөлек өнер. Жыршылық, термешілік өнер халқымызбен біте қайнасып келе жатқан асыл қазына. Ата-баба мұрасына адалдық танытып жүрген дәстүрлі әнші-жыршылар біздің ауданда да баршылық. Солардың бірі – көптеген облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Ерғат Тәжібаев.
Жарық әлемді көрмесе де өмірге, өнерге құштар Ерғат өзгелерге ұқсамайтын дарынымен, қарым-қабілетімен талайды тамсандырған азамат. Оның ұлттық өнерге деген қызығушылығы бала кезінен бастау алған. Халық әндерін әуезіне салып орындап жүрген баласының бойынан дарынды байқаған ата-анасы оны Алматы қаласындағы мамандандырылған мектеп интернатына оқуға түсіреді. Кейіннен П.Чайковский атындағы музыкалық колледжінде білім алады. Бүгінде Ерғат Қордай аудандық Мәдениет үйінің қызметкері.
Қасиетті қара домбырасын күмбірлетіп, қазақ өнерін өрістетуді парыз санайтын термешінің жүлделері де аз емес. 2020 жылы Жамбыл облысында өткен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Халық әні-қазына» атты дәстүрлі әншілердің онлайн конкурсына қатысып, 3-орынды, Алматы қаласында өткен «Көшпенділер әуені» атты Республикалық дәстүрлі ән орындаушылар конкурсына қатысып, 3-орынды иеленді. 2021 жылы ақпан айында Алматы облысы, Талдықорған қаласында өткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған ақынның өлеңдеріне жазылған әндерден «Жырлайды жүрек» III Республикалық әншілер байқауына қатысып, арнайы жүлде дипломымен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал 2021 жылдың ақпан айында «Antikor» — терме атты қазақстандықтардың тіл мәдениетін дамытуға және ұлттық дәстүр мен өнерді насихаттауға бағытталған онлайн облыстық жас ақындар байқауында жүлделі 1орынды иеленді. 2021 жылдың қазан айында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай күйші-композитор Ә.Желдібаев пен жыршы-термеші А.Бетбаевтың шығармашылығынан «Домбыраның қос ішегі» атты облыстық өнер байқауында бас жүлдені иеленген. 2021 жылдың қараша айында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында жастар арасындағы «Sabut» ұлттық аспаптарды тартудан облыстық байқауда үздік атанып, жүлделі II орынды иеленді.
Жуырда Ерғат Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылардың республикалық конкурсына қатысып, көпшілікті өнерімен тәнті етті. Алматы қаласында өткен өнер сайысына 44 үміткер қатысып, оның ішінде 17 термеші екінші кезеңге өтті. Қордайлық дәстүрлі әнші Ерғат Тәжібаев «Ән салшы бір бала», «Баянауыл» халық әндерін, Жаяу Мұсаның «Көкаршын», С.Медеубекұлының «Қарқара» әндерін орындап, алғыс хатпен, статуэткамен, қатысушылар тізімі енген кітапшамен марапатталды. Ұлттық өнерді ерекше бағалайтын әнші жетекшісі Ұлдан Шалабаевамен енді облыс орталығында өтетін байқауға қызу дайындық үстінде. Ауданымыздың даңқын республика көлемінде асқақтатып жүрген Ерғатты жүлдесімен құттықтап, алдағы өтетін жыр додаларында үздіктер қатарынан табылуына тілектеспіз.
С.МҰХАДИНҚЫЗЫ