БАТА БЕРЕ БІЛЕСІЗ БЕ?

0

Бүгінгі таңда бата берушілердің ауылдық, аудандық, облыстық байқаулары жыл сайын өткізіліп жүр. Ондағы мақсат бата беру дәстүрін ұрпаққа үлгі ету, көкірегі қазына қариялардың бойындағы қасиеттерін дәріптеу арқылы жастарды имандылыққа тәрбиелеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйрету деп түсінеміз. Халқымызбен бірге жасап келе жатқан қазақтың бата беру дәстүрі қазір де мәнін жоғалтқан жоқ. Қайта, жас ұрпақ бүгінгідей кітаптан алыстап, телефонға шұқшиып, батыстың-шығыстың алабажақ өмір салтына елігіп, жеңіл-желпі шоуларға желігіп, ана тілінің қадір-қасиетін бағалай алмай жүрген шақта ұлттық салт-дәстүрлерімізді барынша насихаттаудың маңызы өте зор. Сондай ұлттық тәлім-тәрбиенің бастауы саналатын бата берудің үлгілерін жарқырата көрсетуі тиіс батагөйлердің «Батамен ел көгерер» аудандық байқауы жуырда Қордай ауданында да өткен болатын.
Байқаудың қалай өткені, жеңімпаздары туралы аудандық газетте жазылды да. Ал мен бата берушілерге қойылатын талаптардың орындалуын қалт жібермей қадағалап отырғандағы кейбір түйген ойларымды ортаға сала кеткенді жөн көрдім. Өйткені, біздегі байқалған бірқатар кемшіліктер басқа жерлерде де орын алуы мүмкін. Ең алдымен айтарым, 160 мыңдай халық мекендейтін үлкен аудандағы жиырмаға тарта ауылдық округке қарайтын 40-тан астам елді мекендерден аудандық байқауға небәрі 16 адамның ғана қатысуы. Олардың кейбірін сол ауылдың әкімдері мен ардагерлер кеңесінің төрағалары әйтеуір көзтүрткіден құтылу үшін «әкелеп-көкелеп» әкелгені көрініп тұрды. Бұлай байқаудың маңызына жүрдім-бардым қарап, шала дайындықпен қатысу ұят-ақ болды. Зал толтыра жиналған жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері бұдан қандай үлгі-өнеге алмақ?
Бабаларымыз ұрпағын бала кезінен үлкендердің алдын кесіп өтпеуге, тек ақ батасын алуға тәрбиелеген. Бұрынғылардан қалған «Баталы елге бақ қонар», «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Бата алғанның бағы бар», «Баталы ер арымас» деген тәрізді мақал-мәтелдер батаның маңызын білдіріп тұр емес пе. Әрине, дастархан басында өз отбасының, бала-шағасының тілеуін тілеп екі ауыз сөзбен бата қайырмайтын қазақ жоқ шығар. Ал, алқалы жиындарда көпшілікке арнап бата берудің жөні бір басқа. Әр атаның, ауылдың, рудың батагөйлері болған. Халық арасында ғасырлар бойы сақталып келе жатқан небір атақты адамдардың бата үлгілері бар. Мысалы, Қыбырай бидің жас Төлеге берген батасы, Төле бидің жас Сабалаққа (Абылайға) берген батасы, Бұхар жыраудың, Сүйінбайдың, Жамбылдың, керей Тоқсан бидің, өзіміздің өңірден шыққан Тілеміс шешеннің, Кебекбай шешеннің, Кененнің, Бауыржан Момышұлының, Шерхан Мұртазаның баталары бата берудің озық үлгілерінен саналады.
Бата беру – үлкен өнер. Бұрынырақта әр ауылда суырып салып, мақамдап майын тамызып ғибратты сөздермен тыңдаушыны ұйытып бата беретін аталарымыз баршылық болатын. Күні кешеге дейін қарасайлық Асық Уәлиұлы ағамыз талай мәрте аудандық, облыстық батагөйлер жарысында жүлде алып аудан намысын қолдан бермей келген ақынжанды азамат еді. Өзінің жадынан шығарған баталарын жинақтап кітапша да шығарған. Тоқсаннан асқан қариямыздың жүріс-тұрысы қазір ауырлады. Мен білетін қаракемерлік әйдік батагөйлер Садық Саудабайұлы, Елшібек Алыбаев та қартайып барады. Өкінішке орай, олардың орнын басатын, сөзге ұста батагөйлер қазір тым аз байқалады. Той-томалақтарда, ас-жиындарда беріліп жүрген қазіргі баталар көбінше жадағай, жаттанды, бірін бірі қайталап жауыр болғандай көрінеді. Аудандық байқауға қатысуға кейбір ауылдардан бата бере алатын қариялардың табылмауы ойлантуы тиіс. Сондықтан, қазіргі жас азаматтар осы бастан тарихи бата сөздерді оқып, жаттап, өз жадынан да шығарып кейінгілерге үйретіп жүргендері абзал дер едім.
Өзінің тарихы, рухы, жаны сөзге байланысты қазақ халқы ақ батаның сөздеріне сүттей ұйып, оның құдыретті күшіне сенетін болған. Жақсы бір істі қолға алғанда өз мақсатына жету үшін Алладан медет тілеп, оны Жаратқан Иенің рұқсатымен бастау үшін ниетін түзеп Раббымыздан «ісімізді оңғара көр» деп сұрайды емес пе. Осы тұрғыдан алғанда байқау өтіп жатқан аудандық мәдениет үйінің қарсы бетіндегі мешіттен аудан имамының келіп, не орынбасарларын жіберіп батаның қасиеті туралы уағызын айтса бұл шараның маңызы арта түспес пе еді. Әйтпесе, мешітте немесе жаназа кезінде кейбір имамдар жұртқа жер астындағы һәм жеті қат көктегі «бақи» дүниені түсіндіріп, яғни, өліммен қорқытудан әрі аса алмай жүр. Ал қамшының сабындай қысқа мына жалғанда адамгершілік қағидаларын сақтау, жастардың үлкенге құрмет, жоқ-жітікке қайырымдылық жасап, баршаға жақсылық тілеп, дұға жасау тұрғысындағы ақ батаның салмақты сөздері туралы айтуға дін қызметкерлерінің де қақысы бар еді. Қай батаның да «Уа, Құдайым оңдасын…» деп басталатыны соның айғағы. Тіпті, осындай батагөйлер сайысын аудандағы мешіттердің күшімен әр ауылда неге ұйымдастырмасқа?
Бата – қасиетті сөз. Бата – қысылғанда қуат, қиналғанда медет беріп, әрбір іс әрекетіне даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептеген.
Батаның түрлері де көп. Ізгілікке шақыратын «Ақ бата», қарғыс тілейтін «Теріс бата», достасуда, құдаласуда, елшілікте анттасатын «Серттесу батасы» да болады. Ал, батаны бұзу қарғыспен тең саналатын болған. Батаның адам өміріне әсері зор екенін ұмытпауымыз керек. Мақсат – жастарды аталы сөзден ғибрат алуға, қазақ елін, оның салт-дәстүрін, тілін құрметтеуге тәрбиелеу екенін ұмытпауымыз керек.

Құрманбек ӘЛІМЖАН, ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.