ДАНИЛ «ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ» ТУРНИРІНЕ ҚАТЫСАДЫ

0

Сарыбұлақ ауылының тумасы, талантты спортшы Данил Федоров қазіргі таңда ауданымыздың «Қазақ күресін» алға сүйреп жүрген апайтөс жігіттердің бірі. «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің аудандық іріктеу кезеңінде ауыр салмақта топ жарған ол облыстық іріктеуде аймақ бойынша өз мықтылығын дәлелдеп берген еді.

Республикалық турнирге жолдама үшін жарыс жолына түсіп, әр аудан мен қалалардан келген 22 жігіттің ішінде қарсыласын алып та, шалып та жығып, білек пен бел күшінің, ептілік пен жеңіске деген жігерді жанына жинай білген жерлесіміз финалдық кездесуде Жуалы ауданынан келген балуан Азат Рыспекпен күресіп, белгіленген уақытта жеңімпазды анықтай алмаған қос балуан «Қазақ күресінің» тәртібіне сай белдесу бойынша кім мықтыны анықтап, сәл ғана сәттілік жетпей қалған Данил 2 орынға ие болды. Бірақ, қос балуан да Астанада өтетін республикалық турнирде облыс намысын қорғайтын болды. Бақ пен баптың қатар жүретінін ескерсек жалпы республикалық турнирде Бейбіт Ыстыбаевтардың жолын қордайлық балуан жалғастыруы бек мүмкін. Дей тұрғанмен де, аталмыш турнирге қатысуға жолдама алған қордайлық жігіт үшін бұл өте тамаша көрсеткіш.
Айта кетер болсақ, Данил Федоров «Қордай барысы» турнирінің бірнеше дүркін жеңімпазы, жүлдегері. Елордада өткен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Қазақ күресінен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы 100 келі салмақ дәрежесінде ел чемпионы. Самбо және қазақ күресінен спорт шебері, әртүрлі облыстық және республикалық жарыстарға қатысып, күресудің ерекше шеберлігімен көзге түскен спортшы. Балуанның алғашқы бапкері, ауданымызға белгілі жаттықтырушы Мықтыбек Алтыбай шәкіртінің болашағынан зор үміт күтеді.
Жерлесімізге «Қазақстан барысы» турнирінде сәттілік серік болсын дегіміз келеді.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.