БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЛАРЫ

0

19 қазан – Құтқарушылар күні. 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді.

Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін елімізде кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған еді. Адамдарды, қоғамды апаттық жағдайдан құтқару жұмыстарын көбіне қоғамдық ұйымдар, құтқару бекеттері атқарып келді. Бұл қызметтің бір бөлігі милицияға жүктелді.

Міне, осындай мемлекеттік маңызы бар қызмет жүйесін жасау үшін 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы құжат негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді.

Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. Сол үшін де құтқарушылар қажетті құрал-жабдықтармен барынша жарақтандырылуы тиіс.

Бүгінде құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысуға дайын болу үшін арнайы, медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын  үнемі жетілдіріп отырады.

Құтқарушыларды бүгінгі күннің батырлары десек артық айтқанымыз емес. Әрине, адам өмірін сақтау үшін жүйелі дайындық қажет. Қызметкер әмбебап болып, жүргізушінің, өрт сөндірушінің, дәрігердің, сүңгуірдің міндетін атқаруға дайын болуы керек.

Салада қандай жаңашылдық бар?

Құтқарушы мамандығы әлемдегі ең қауіптілердің бірі болып саналады. Олар кез келген оқыс оқиғада өз өмірін қатерге тігіп, міндетін мінсіз орындауға тырысады. Жалпы, біздің құрылымда өрт сөндіруші және құтқарушылармен қатар, дәрігерлер, психологтер, әскери қызметкерлер, ұшқыштар, инспекторлар, бақылау және қадағалау қызметі сияқты көптеген мамандық иелері бар. Бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігінде 26 мыңға жуық қызметкер еңбек етеді.

Елімізде азаматтық қорғаныс күштері офицерлерін даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны – Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы. Азаматтық қорғаныс органдарына кәмелетке толған кез келген Қазақстан азаматы қабылдана алады. 35 жастан асқандар қабылданбайды. Бұл саланы таңдайтындар өзіне сенімді, жауапкершілігі мол, кез келген жағдайда батыл іс-әрекет ететін, адамгершілік қасиеттері мол жандар екенін өмір өзі дәлелдеп берді. Құтқарушыларға қойылатын талап өте жоғары. Олар қауіпсіздік ережелерін сақтай отыра, құтқару құралдарымен биіктікте де еркін қимылдап, алғашқы медициналық көмек көрсетуге әзір болуға тиіс. Физикалық және психологиялық жүктемеге төзе білуге тиіс. Олардың әр қимылы адамның тағдырын шешетінін естен шығармаған жөн. Өкінішке қарай, кейде адамдар көз алдында жан тапсырып жатады. Мұндай ауыртпалықты да көтеру оңай емес.

Жыл сайын елімізде 14 мыңға жуық төтенше жағдайлар тіркелетін көрінеді. Оқыс оқиғалардың саны азайып келе жатқанымен, табиғи апаттар (геометеорологиялық және геологиялық құбылыстар, табиғи өрт) саны артып келеді. Әрине, оқыс оқиғалардың санын бірден азайту мүмкін емес. Десе де төтеншеліктер жағымсыз жағдайлардың санын азайтумен қатар, көлемін, салдарын қысқартуды естен шығармаған емес. Бұл – экономикалық тұрғыдан шығын мөлшерін азайтуға жол ашпақ.

Соңғы жылдары салада цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық құрылымдары өрт пен су тасқынының алдын алу үшін ғарыштық бақылау жүйесін қолданып жатыр. Cell Broadcast және MassAlert сервистері арқылы қанатқақты жобалар қолға алынып, хабарламаларды ұялы телефонға 3-6 секунд ішінде жіберуге мүмкіндік туды. Цифрлық технологиялар арқылы судағы төтенше жағдайларды ескертуге мүмкіндік бар. Мысалы, Ақтөбе облысында FSM Expert бағдарламасы іске қосылып, демалыс орындардағы және су тоғандарындағы жағдайды бақылау жеңілдей түскен.

2019 жылы «Darmen» жобасы іске қосылған. Жаңа жоба Алматының маңайында болуы мүмкін жер сілкінісі және басқа да төтенше жағдайлар қаупі туралы бірнеше секундта хабардар етеді. Төтенше жағдайлар департаменті әуелі «Қазгидромет» пен «Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» кәсіпорындарынан жедел деректерді алады. Содан кейін департаменттің кезекшісі жедел деректерді жүйеге енгізіп, push-қосымшаны қолданатын желі пайдаланушыларына тез арада хабарландыру жібереді. Ол осыған дейін қолданылған SMS-ескертулермен салыстырғанда хабарландыруды жеткізу жылдамдығы бойынша тиімді болып шықты.

Бүгінде министрлікте материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейі 51,4 пайызды құрап отыр. Өрт сөндірушілердің иелігінде 3321 техника бар. Оның 631-і 30 және одан да көп жыл қатарда жүр. Яғни әбден тозығы жеткен. Бұл ретте, техника паркін жаңарту үшін қосымша 944 техника қажет екен. Бұл бағыттағы жұмыстар министрліктің 2021-2023 жылдарға арналған құрылымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету бағдарламасына сәйкес, бюджеттік қаражаттың бөлінуі есебінен кезең-кезеңмен атқарылып жатыр.

Жалпы, министрлікте 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар қолға алынып, оған сәйкес Мемлекет басшысы тапсырған жұмыстарды атқару көзделіп отыр. Мәселен, Қостанай облысында орын алған өрттен кейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта осындай апатты жағдайларды болдырмау жөніндегі алдын алу жұмыстарын жүргізу керектігін ескерткен еді. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігін ведомство қызметкерлерінің әлеуметтік, соның ішінде тұрғын үйге және жатақханаға қатысты мәселелерін шешуге және қамтамасыз етуге, сондай-ақ кәсіби кадрлардың даярлық деңгейін арттыруға қабілетті институт ретінде айтарлықтай күшейту қажет екенін айтқан болатын. Осы және саладағы өзге мәселелер кешенді жоспар шеңберінде атқарылады деген сенім мол.

Германияда құтқарушылардың жалақысы қанша?

Өзге елдерде Төтенше жағдайлар қызметі қалай жұмыс істейді, құтқарушыларға қандай талаптар қойылады деген сұрақтарға жауап іздеп, ғаламторды ақтарып көрген едік. Мәселен, Германиядағы өрт сөндіру департаменті заманауи және халықаралық стандарттарға сай. Мұнда өрт сөндіруші мамандығы танымал және беделді. Оған жыл сайын қатаң іріктеу жүргізіледі, бір бос орынға 1500 адам өтініш береді екен. Германияда өрт сөндіруші мемлекеттік қызметкер санатында, сондықтан оларға жақсы әлеуметтік пакет берілген. Мемлекет еңбекке қолайлы жағдай жасайды. Жаңа техника, арнайы құрал-жабдықтар, жұмыс киімдері – барлығы ең жақсы стандарттарға сай жасалған. Германияда сіз 18 жастан кейін өрт сөндіруші бола аласыз. Емтихан тапсырып, медициналық тексеруден өтіп, құжаттарды жинау керек. Өрт сөндірушінің орташа жалақысы салықтарды есептемегенде айына 2800 евроны құрайды. Көптеген артықшылықтар бар, соның ішінде 30 күндік ұзақ демалыс. Сондай-ақ, олар зейнетке 55 жастан бастап шығады.

Ресейдегі өрт сөндіру қызмету туралы

Ресей — алып мемлекет және жер көлемі жөнінен дүние жүзінде бірінші орында. Мұндай аумақтарды қорғау үлкен шығындарды талап ететіні сөзсіз. Сондықтан өрт сөндіруші мамандығы, әсіресе, шалғай аймақтарда қашанда сұранысқа ие. Соңғы жылдары Ресейде Төтенше жағдайлар қызметі дамып келеді. Жаңа өрт сөндіру бекеттері салынуда, жаңа техникалар пайда болуда. Төтенше жағдайлар министрлігі мемлекеттік мекеме болғандықтан, оның барлық қызметкерлері толық әлеуметтік пакет алатын мемлекеттік қызметкерлер. Өрт сөндірушілер зейнетке ерте шығып, шипажайлар мен санаторийлерге жолдама алады.

Ресейде медициналық тексеруден, емтиханнан және психологиялық сынақтан өткен кез келген адам өрт сөндіруші бола алады. 18 жастан кейін адам Төтенше жағдайлар министрлігінде өзін сынауға құқылы, бірақ іріктеу қатаң. Мұнда өрт сөндірушінің орташа жалақысы айына 30 000 — 35 000 рубльді құрайды. Өрт сөндірушінің күрделі жұмысын ескерсек, бұл аз ғана сома.

Leave A Reply

Your email address will not be published.