БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМНІҢ ҮЛГІСІ

0

Ардақты ағайын!

Құрметті қордайлықтар!

Сіздерді татулық пен келісімнің символына айналған 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – көпұлтты еліміздің ынтымағы мен бірлігін дәріптейтін, ортақ құндылықтарымызды ұлықтайтын ерекше мереке. Ұлан-ғайыр қазақ жерінде сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл – ата-бабаларымыздан мирас болған кеңпейілділік пен бауырмалдықтың, парасат пен даналықтың жарқын көрінісі.

Қазақ халқы қай заманда да қиын-қыстау кезеңдерде бірлігін жоғалтпай, елдігін сақтай білді. Тарихтың талай сынынан өткен халқымыздың басты күші – өзара түсіністік пен ауызбіршілікте. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген дана сөз осының айқын дәлелі. Бүгінгі таңда еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылық – баршамыздың ортақ жетістігіміз, баға жетпес байлығымыз.

Береке-бірлігі жарасқан Қордай ауданы жылдан-жылға дамып, көркейіп келеді. Әр салада қол жеткізілген жетістіктер – ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың табанды еңбегінің нәтижесі. Бұл табыстардың түп-төркіні – халықтың ынтымағы мен бірлігінде.

Тілі басқа болса да, тілегі бір барша этнос өкілдері ортақ мақсат жолында жұмылып, ел дамуына өз үлестерін қосып келеді. Ұлтаралық және конфессияаралық келісім, өзара құрмет пен сыйластық – қоғамымыздың берік іргетасына айналды. Осындай татулық пен бірліктің арқасында Қазақстан әлемге бейбітшілік пен келісімнің үлгісін көрсетіп отыр.

Құрметті ағайын!

Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан барша халықтың достығы мен өзара түсіністігі нығая берсін. Әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш, бақ-береке қонсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!

Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін. Әр күніміз бейбітшілік пен келісімге толы болсын!

Мереке құтты болсын!

Бегзат БОЛАТБЕКОВ, Қордай ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.