Беріктас — білімділер мекені

0

 Ауданымыздың солтүстік батысынан орын тепкен Қастек жотасының орта шенінде Беріктас тауы бар. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша бұрындағы қиын-қыстау заманда батырларымыз осы таудың ішінде жауды қамап ұстаған, деседі. Үлкен-үлкен берік тастардан тұратын жерден жан-жаққа қашатын жол жоқ. Осылай жеңіске жетіп отырыпты. Аталмыш тау кезінде ел-жұртқа мықты қорған болған дейді. Қақпатас ауылдық округіне кіретін Беріктас ауылы осының құрметіне аталса керек.

 Елді мекеннің бұрынғы атауы – «Қордай» совхозы. Агроқұрылым 1953 жылы тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты құрылып, ел арасында «Зерносовхоз» аталып, 1993 жылы Беріктас ауылы деп ауыстырылған.

Онда 246 түтін, 1730 тұрғын бар. Биыл ауылға баратын жолдың 6 шақырымы жөнделіп, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша көшелер жарықтандырылып, жолдарға асфальт төселді. Ауылда мектеп, 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт, «Айсәуле» балабақшасы жұмыс істейді. Ауыл тұрғындарының дені мал және егін шаруашылығымен айналысады. Елді мекенмен танысу барысында байқағанымыз, Беріктаста тұрмысына тастай берік, тату және мейірімді жандар тұрады екен.

Еселі еңбек – барлығын жеңбек

Қалдан Нүсіпбайқызы Пішібаева-Тәжиева 87 жаста. Ұлы Отан соғысы басталғанда ол небәрі 8 жастағы өспірім болған екен. Ол кезде Пішібаевтар отбасы көрші елдегі Нижнечуйск қаласында тұратын. Әкесі майданға аттанып, артында өрімдей  төрт баламен анасы қалған. Қалдан үйдің үлкені. Бала болса да сол кездегі тұрмыстың ауырлығы, талғажау етер тамақтың болмауы әлі күнге есінде. Барлық қиындықтарға қарамастан, өрімдей қыз анасына қолқанат болып, жеңісті жақындатуға өз үлесін қоса білген. Түске дейін мектепте оқып, түстен кейін қызылша егістігінде еңбек етіп, малды күтіп-бағуға, шөп шабуға, отын-су әкелуге көмектесетін. Балалық шағы осылай өтіпті. Бала болып ойнау болмаған, бар уақыты анасына көмектесіп, одан қала берді колхоз жұмысында үлкендермен қатар еңбек етуге кететін. Өкінішке орай әкесі майданнан оралмай, хабарсыз кеткен. Соғыстан соң елімізде қалпына келтіру жұмыстары басталды. 1949 жылы Қалдан болашақ жары Әсен Тәжиевпен кездеседі. Ол кезде қалыңдық не бәрі 16 жаста екен. Күйеуі Благовещенка ауылының тумасы. Екеуі шаңырақ көтеріп, балаларының жарқын  болашағы үшін аянбай еңбек етіп, «ұлдарын ұяға, қыздарын қияға» қондырған. Нижнечуйсктен Благовещенкаға жары Әсенмен атқа мінгесіп келгені Қалдан апаның әлі есінде. Басында сауыншы болып жұмыс істеп, кейін қой баққан. 1955 жылы «Қордай» кеңшарына көшіп келген. Ол кезде тың игеру ісін әрбір жас өзіне борыш санайтын. Осы ауылда олар тату-тәтті өмір сүріп, дүниеге 12 бала әкеліп, оларды бағып-қақты. Өкінішке орай ақ жаулықты ананың 2 баласы бүгінде бақилық болған. Қалған 7 ұлы мен 3 қызы әрқайсысы өз алдына маман иесі атанып, өз шаңырақтарын көтерген.

— Мен осы күнге дейін анамдай рухы мықты, мейірімді, әрі шыдамды адамды көрген емеспін. Мен үшін ол – нағыз батыр. Өмірінің қиын болғанына қарамастан бәрімізге мейірімін төгіп, барын аямады. Анамыздың қолдауы мен қамқорлығы бізге дұрыс жол таңдап, қиындыққа төтеп беруге көмектесті, ол әлі күнге дейін біз үшін алаңдап отырады. Біз татулық пен өзара көмек деген ұғымдарды кішкентаймыздан бойымызға сіңіріп өстік. Балалардың алды кішкентайларды бағып, ата-анамызға көмектесетін. Біз әкеміздің жанында жүретінбіз. Сондықтан да болар, малға жақын болып өстік. Екі інім мал шаруашылығында, әкемнің құрметіне «Әсен-тегі» атты шаруа қожалығын құрып, соның жұмысын жүргізуде. Әкем бұл дүниеден өткеніне 17 жыл болды, — дейді ұлы Дәулетхан Әсенұлы.

Қазір алтын құрсақты батыр ана қара шаңырақта кенже ұлы Асқардың қолында тұрады. Кең дастархан басында оның 10 баласы, 34 немересі, 42 шөбересі, 3 шөпшегі жиі бас қосып тұрады.

— Әйелдің парызы – дүниеге бала әкеліп, оны тәрбиелеу. Жас отбасыларға айтарым, ең бастысы – еңбек пен төзімділік, — дейді Қалдан әже.

Шебердің қолы ортақ

Көздің жауын алатын әдемі көйлек жасап шығару үшін қандай шыдамдылық керек десеңізші! Шынында, бұл үшін мінезде ерекше қасиет  және адамның бойына туа біткен талант қажет.

Гүлнар Сердалиева өзін басқа мамандық иесі ретінде елестете алмайды. Ол тігін тігу үшін жаралғанына сенімді. Бала күнінен ісмерлікке қызығып, осы мамандық бойынша оқып, өмірін осы салаға арнаған. Гүлнарды тігінші ретінде Беріктас ауылында ғана емес, алыс-жақын ауылдар жақсы таниды. Бүгінде Гүлнардың қолынан шыққан сырт киімдер «оңтүстік астанамызда» саудалануда. Шебердің айтуынша, бұл істі жақсы көргені соншалықты, тігін машинкасына отырса басқа дүниені ұмытып кетеді екен.

— Мен дүниеге келгенде қолымда ине болған, анам оны байқамаған, себебі жұдырығымда қысып ұстап тұрғанмын, — деп әзілдеді кейіпкеріміз.

— Менің саусағым ылғи инемен тесіліп жүретін. Бала күнімде қуыршақтарға киім тігетінмін. Кейін мектепте тігін шеберлігін оқу үшін курсқа жазылып, құрбыларыма көйлек, басқа да киімдерді тігіп беретінмін, — дейді жұмысын жалғастырып отырған Гүлнар Аманқұлқызы. Қазір тігінші тапсырыс бойынша ұлттық көйлек тігуді бастаған.

Мектепті аяқтағаннан кейін бойжеткен ерлердің сырт киімін тігуші мамандығы бойынша Бішкек қаласына кәсіби училищеге түседі. Өз дипломдық жұмысы – драптан інісіне тігіп берген пальто әлі есінде. Қазір Гүлнар бесінші дәрежелі тігінші. Бірнеше жыл Бішкек қаласындағы ательеде жұмыс істеген. Тұрмысқа шыққан соң Беріктас ауылына келген. Ауылға келгеннен кейін ол жергілікті ательеге жұмысқа орналасып, ұйым жабылып қалғаннан кейін, үйде тігін ісін жалғастыруда екен. Қазір оның тұрақты тапсырыс берушілері бар.

— Адамдарда тапсырысқа тігілген киім туралы теріс пікір қалыптасып кеткен. Олар тек қана таныстарының кеңестеріне сенеді. Мен бұйымдарым сапалы және экслюкизивті екенін дәлелдеп отырамын. Жұмыстарымның авторлары клиенттердің өздері. Біз бірге киім үлгісі мен матаны ойластырамыз. Тапсырыс берушілердің көп болуы – жұмысымның сапасының көрсеткіші және мен үшін мақтаныш, — дейді шебер.

Гүлнар жұмыс істеп отырғанда, оны ешкім мазаламайды. Себебі отанасы кезекті үздік туынды жасап отырғанын біледі. Ол мектеп пен балабақша педагогтары үшін де киімдер тігеді. Тігінші кешкі көйлек немесе қалыңдық көйлегін тігуді жақсы көреді, себебі бұл жерде қиял мен шығармашылыққа кеңінен жол беріледі. Сонымен бірге, Гүлнар Аманқұлқызының ұлы әлеуметтік желіде парақша ашып, анасының қолынан шыққан ерлер пальтосын салып қойған. Осылай әлеуметтік желі арқылы да тапсырыстар түсе бастаған. Жігерлі жанның бірнеше сағат тігін машинасымен жұмыс істеп, өз жұмысын жоғары дәлдікпен, ұқыптылықпен істеп отырғанын көргенде таңқаласың. Бұл талант пен өз ісіне сүйіспеншіліктің көрінісі.

Гүлнар Сердалиева қабілеті бар қыздарды тігін ісіне үйретіп, тігін цехін ашып, кеңейту жұмыстарын жасасам деген жоспарымен де бөлісті.

Бала тәрбиесі жауапты жұмыс

Балалық шақ әр адамның есінде мәңгі қалады. «Айсәуле» балабақшасының қызметкерлері әр балақай үшін балдәурен шақтың тамаша болып есте қалуы үшін барын салады десек болады.  Ашылғанына 12 жыл болған балалар мекенінің өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Мұндағы меңгерушіден бастап тәрбиеші, аспазшы өзге де қызметкерлердің әрқайсысы жұмысына жанымен беріліп, қызмет етеді. Жергілікті тұрғындардың мекеме қызметкерлеріне айтқан алғыстары оған дәлел.

Балабақшада 75 бүлдіршін тәрбие алуда. Мекеме мектепке дейінгі тәрбиеге қажетті құрал-жабдықпен толығымен қамтамасыз етілген. Бүгінгі күнге карантин жағдайына байланысты үш кезекші топ жұмыс істейді екен. Әр топта 15 баладан бар. Балабақша аумағына барлық санитарлық талаптарды орындамайынша кіре алмайтындығыңызды ескертеміз. Мұнда барлық сақтық шаралары сақталған. Балабақшаға Беріктас, Қақпатас және Бетқайнар ауылдарынан балалар келеді. Жазда ғимараттың аумағында ұжым отырғызған ағаштар мен гүлдер жайқалып өсіп тұрады. Биыл балалар мекеніне газ жүргізіліп, ұжым қуанышында шек жоқ. Осы игілікті іс үшін олар және ата-аналар  аудан әкімі Рүстем Дәулетке алғыстарын айтуда. Жұмысында шығармашылыққа да үлкен мән беретін тәрбиешілер мен балалар облыстық және аудандық іс-шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

Мадина Аманбаева балабақша меңгерушісі қызметіне кіріскеннен күннен бастап басшы ретінде әр істе жан-жақты болуға тырысатынын айтады. Ол педагог, психолог, бухгалтер, заңгер, шаруашылық меңгерушісі. Сонымен бірге ол бес баланың анасы. Үлкен ұлы Алматы қаласындағы қазақ-түрік лицейінде білім алуда, кіші балалары мектепте оқиды, балабақшаға барады. Мадина Ақанқызы қоластындағы педагогтардың кәсіби дайындық деңгейін біледі, оларды әрі қарай дамуға, өзін жетілдіруге, жұмыста өзін танытуға әрдайым қолдау көрсетіп жүргені. Ол ұжымдағы әрбір қызметкердің тұрмыс-тіршілігінен хабардар. Әрдайым олардың жақсы қасиеттерін айтып, шеберліктерін бағалап отырады. Сондықтан болар, мұнда кадрлар көп ауыспайды.

— Ұжымда 27 қызметкер еңбек етеді. Олардың ішінде өз ісінің шеберлері, тәжірибелі педагогтар, жұмысқа жаңадан кірген жас мамандар, тамаша аспаздар мен тәрбиеші көмекшілері бар. Біз бәрімізге ортақ маңызды мәселелерді бірге шешіп, балабақша одан да жақсы болу үшін бірігіп жұмыс жасаймыз, — дейді М.Аманбаева.

Атап өту керек, жеке кәсіпкер «Мейрманов Е.К.» балабақшаға үлкен көмек көрсетіп, демеушісі болып табылады. Соның арқасында балаларға үнемі сыйлықтар жасалып,  дене шынықтыру пәні үшін спорттық құрал-жабдық алынып отырады екен.

Сонымен бірге округ әкімі А.Мейрмановта мекемеге қолдан келгенше көмек көрсетуде. Сенбілік кезінде қоқыс шығару үшін техника бөліп, санитарлық нормалардың сақталуын қадағалауға алған.

— Ұжым балалардың мектепке дейінгі тәрбиесіне көңіл бөлу бойынша  мемлекет қойған міндеттерді орындауға тырысады. Мектепалды білім беру мекемелерінің  қызметкерлеріне көрсетіліп жатқан қамқорлық үшін Үкіметке рақмет. Біздің міндет – болашақ ұрпаққа сапалы тәрбие беру, — дейді Мадина Аманбаева.

Сапалы білім беру арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеп, ауданның гүлденуіне өзіндік үлес қосып отырған Беріктас ауылы дамудың жаңа жолына түскені анық. Еңбектеріңіз еселі болсын!

 

Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.