Бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі сан ғасырлық тарихы бар мемлекет. Әлем жаҺандану кезеңіне өткенімен осы бейбітшіліктің бастауы, Ұлы Отан соғысында қарсыластарын тізе бүктірген батырлардың ерен еңбегі деп білеміз. Майдан шебінде ерлік танытып, батырлығымен ел есінде қалған азаматтарымыз көп болған. Бүгінде олар бұл өмірден өтіп кетсе де, өскелең ұрпақ олар жайлы біліп жүруі үшін музейде танымдық, тәрбиелік, патриоттық шаралар өткізіліп тұрады.
Әлжан ана ауылдық тарихи музейінің жәдігерлер қорында осынау сұрапыл соғысқа қатысып Берлин қамалын қоршауға қатысқан Әлібек Шубаевтың құжаттары сақтаулы тұр.
Екінші дүние жүзілік соғыс деп аталған кескілескен шайқасқа әлемнің 72 мемлекеті қатысып, 62 миллион адам ажал құшты. 6 жылға созылған бұл шайқас 1939 жылдың 1 қыркүйегінде фашистік Германияның Польшаға шабуылынан басталды. Кейін Англия және Франция бұл мемлекетке қарсы соғыс жариялаған соң, шартты түрде Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Ал фашист әскерлері 1941 жылдың 22 маусымында Кеңес Одағына соғыс ашты. Бұл кезең Кеңес одағындағы мемлекеттер үшін Ұлы Отан соғысы деп аталады.
Осы орайда ел-елден, жер-жерден Отан алдындағы борышын өтеу үшін еркек кіндіктінің барлығы соғысқа аттанды. Бұл ауыртпалығы үлкен тарихи кезең еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін айналып өтпеді. Осындай қиын-қыстау кезең Қордай ауданы Қасық ауылындағы Есейдің ұлы Шубайдың отбасына да ауыртпалығын тигізді. Аталмыш соғыс басталған тұста Шубай ақсақалдың үйіндегі екі ұлды да соғысқа алып кетеді.
Соғысқа дейін Шубай ақсақалдың үлкен ұлы Мамыт өмірден ерте өтеді. Екінші ұлы Сәскебайды 1941 жылы соғысқа аттандырады. Араға біраз уақыт салып кенже ұлы Әлібекті 1944 жылдың сәуір айында Қордай ауданының әскери бөлімі қатардағы жауынгер ретінде әскерге алады. Шубаев Әлібек сол кездегі Қордай ауданының орталығы болған Қасық ауылындағы биыл жүз жылдығы тойланған білім ордасы №23 Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте 7 жылдық білім алған. Мектептен кейін ауылда қарапайым құрылысшы болып жұмыс істеген. 1944 жылдың желтоқсан айының 25 күні әскери комиссариатының 82-атқыштар дивизиясының 210-атқыштар полкіне қабылданды.
82-атқыштар дивизиясының 210-атқыштар полкінің тарихы Орал әскери округі штабы бастығының 1939 жылғы 7 маусымдағы № 41/00336 шешімінен басталады, оған сәйкес 1939 жылы 16 маусымда Пермь облысында 82-атқыштар дивизиясының құрамында 210 атқыштар полкі құрылды. Көрсетілген құжатқа сәйкес, 82-атқыштар дивизиясының барлық бөлімдері мен бөлімшелері шартты түрде атаулар алды. Осылайша, 72, 210 және 289 атқыштар полктері шартты түрде 601, 602 және 603 атауларына ие болды. Әскери бөлімдердің нақты атауларын пайдалану әскери құпия болғандықтан, полктердің түпнұсқа атауларының орнына жасырын нөмірлер бекітілді. Сондықтан Халхин-Гол өзенінің аймағындағы әскери қимылдардағы 72-ші атқыштар полкінің орнына 601-ші полк, 210-шы атқыштар полкының орнына 602-ші полкі және 289-шы полк орнына 603-ші атқыштар полкы деп аталған. 210-шы атқыштар бөлімінің құрылған күні – 1939 жылғы маусымның 26-шы жұлдызы болып саналады. 1939 жылы мамырда полк командирі болып майор Соловьев Николай Николаевич тағайындалды, полк штабының бастығы — капитан Святенко Федор Трофимович, полктің әскери комиссары – аға политрук Беляевский Николай Васильвич болып тағайындалады. Аталған атқыштар дивизиясы ірілі-ұсақты 227 әскери іс-қимылға қатысқан.
Берлин қамалын алуда 82-ші атқыштар дивизиясының 210-шы атқыштар полкінің әскери іс-қимылдар журналы сақталған. «Память Народа» атты интернет бетіндегі арнайы сайтта көрсетілгендей, бұл журнал 22 беттен тұрады. Яғни, Берлин қамалын қоршаудағы әрбір іс қимыл баяндалған.
Шубаев Әлібектің Берлин қамалын алуға белсене қатысқандығын дәлелдейтін Сталинның атынан берілген арнайы марапат қағазы да біздің қолымызда бар. Бұл Алғыс хатта «Чубаеву Алейбеку! Приказом Верховного главнокомандующего Маршала Советского Союза товарища Сталина №359 за овладение столицей Германии городом Берлин – цетром немецкого империализма и очагом немецкой агрессии – всему лчиному составу нашего соединения, в том числе и Вам, принимавшему участие в боях, объявлена благодарность» делінген.
Соғыс аяқталған соң Шубаев Әлібек әскери борышын осы Берлин қаласында жалғастырады. Осы жылы 1945 ж. 17 шілде мен 2 тамыз аралығында Потсдам конференциясы Берлин түбіндегі Сесилиан-Хоф сарайында өтті. Ал аталмыш конференцияның тыныштығын күзетуде біздің кейіпкер де постта әскери борышын өтеді.
…Ә.Шубаев 1947 жылы ақпан айының 15 жұлдызында жарақаты бойынша Берлиннен елге қайтарылды.
Майдангер елге оралған соң өмірлік серігі Қанымбүбімен кездесіп шаңырақ көтереді. Ауылда ағаш шебері болып еңбек етті. Бұл кәсіптен 8-разряд ағаш шебері. 1986 жылы зейнетке шықты. 2001 жылы қазан айының 25-сінде өмірден озды.
Әлібек ақсақалдың жұбайы Қанымбүбі апамыз 1930 жылы дүниеге келген. Бүгінгі таңда қарт ана еңбек және тыл ардагері, сондай-ақ, 10 перзентті өмірге алып келген батыр ана. Әлібек ағадан үш қыз, 7 ұл қалды. Ұл-қыздары ата кәсіпті дөңгелетіп ауыл шаруашылығымен және мал шаруашылығымен айналысады.
А.АЯПБЕРГЕН, Әлжан ана ауылдық тарихи-музейінің экскурсия жүргізушісі