Халқымызда «Азаны бар ауыл азбайды», деген нақыл сөз бар. Осыған орай ауданымызда «Алланың үйі» саналатын құлшылық ордалары санының артуы қуантады. Себебі, мешіт – тек намаз оқылатын орын емес, діни сауат ашатын, сәбилерге азан шақырып ат қоятын, шаңырақ көтерген жас жұбайлардың некесін қиятын, дүниеден өткен адамдарға Құран оқытып, дұға жасалатын, қиналған жандарға рухани қолдау көрсететін, сонымен қатар қайырымдылық шараларды ұйымдастыратын мейірім мекені.
Алладан сауап үміт еткен жандардың демеушілігімен Бетқайнар ауылында жаңа мешіт ел игілігіне берілді. Бұрынғы мешіттің ауласынан бой көтерген мешіттің ашылу салтанаты сәрсенбі күні өтті. Суық ауа райына қарамастан елеулі оқиғаның куәгері болуға халық көп жиналды. Салтанатты шара алдымен Құран оқумен басталып, артынан аудандық бас имам Әлмұхаммед Егізбаев сөз алып, ауыл жұртының ұйымшылдық көрсетіп, сауапты істі атқарғанына алғысын айтты. Сондай-ақ, бас имам бұл мешіттің жастарға имандылық тәрбие беріп, асыл дінімізді насихаттайтын құтты мекенге айналса деген тілегін жеткізді.
Көпшіліктің қуанышымен бөлісуге Тараз қаласынан арнайы келген имам Асқар Сатылғанов та ақжарма тілектерін айтып, осы мешіттің имамы Нұрлан Жиенбаевқа күллі мұсылмандардың қасиетті мекені саналатын Мекке қаласына «кіші қажылыққа» арнайы сертификат табыстады. Ашылу салтанатына жиналған игі жақсылар кезегімен сөз кезегін алып, ауыл жұртын құттықтап жатты. Жаңа мешіттің лентасын бас имам Әлмұхаммед Егізбаев пен ауыл ақсақалы Кеңесбай Ахметкерімов қиып, жиналған қауым ішіне кіріп, танысты.
Салтанатты жиыннан соң мешіт асханасында кең дастархан жайылып, жиналған жұрт өз тілектерін дастархан басында да айтты.