БІЛІМ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫ ТУРАСЫНДА

0

Осы аптада «Nur Otan» партиясы Қордай аудандық филиалы жанындағы білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Оған аталмыш кеңестің төрағасы Гүлнар Айтқұлова төрағалық етіп, кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – мектептердегі қашықтықтан оқыту кезіндегі әлеуметтік осал топ санатындағы отбасы балаларын компьютерлік техникамен қамту бойынша білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков баяндама жасады. Оның айтуынша, эпидемиялогиялық жағдайға байланысты қашықтықтан оқытуға жергілікті бюджеттен 115 ноутбук, ал республикалық бюджеттен 3037 ноутбук, 400 планшет, 337 моноблок алынып, оқушыларға таратылды. Бірінші кезекте басымдылық әлеуметтік осал топ санатындағы отбасы балаларына беріліп, 1716 оқушыға қолдануға берілді. Ал, төртінші тоқсаннан аудан мектептері оқытудың дәстүрлі форматына ауысқандығынан барлық техника қайтарылып алынды.

Осы ретте комиссия мүшелері компьютерлік техника барлық мұқтаж оқушыларға жетпегенін айтып, келесі оқу жылына дайындықты қазірден бастау қажеттігін атап өтті.

Осыдан кейін аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова медициналық тәжірибеге диагностиканың, емдеудің және вакцинациялаудың жаңа жоғары технологиялық әдістерін енгізу туралы баяндама жасады. Бас дәрігер орталық ауруханаға компьютерлік томографтың алынғанын айтып, жақын арада бұл жаңа қондырғы іске қосылатынын жеткізді. Осыған дейін аудан тұрғындары томографияның қызметін алу үшін өзге елді мекендерге баруға мәжбүр болғанын атап өту керек.

Вакцинация бойынша бүгінгі күнге ауданда екпенің бірінші сынамасын барлығы 10847 адам алса, екінші сынамасын 3415 азамат алып үлгерді. Алайда, Зәуреш Қалқаманқызының сөзінше бұл өте аз. Еш шындықпен жанаспайтын әр түрлі қауесеттердің кесірінен азаматтар вакцинацияға күмәнмен қарап жүр. Бас дәрігердің айтуынша тұрғындардың 60 пайызы екпе алған жағдайда, қауіпті індеттің таралуы бәсеңдейді, сондықтан халық арасындағы үгіт-насихатты мейлінше көп жүргізу қажет.

Комиссия мүшелері әр мәселені толықтай талқылап, ұсыныстарын айтып, шешім жобасына енгізді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.