«БІЛІМДІ ҰЛТ – ТҰРАҚТЫ ДАМУ КЕПІЛІ»

0

Тамыз кеңесі – ұстаздар арасында көп жылдан бері дәстүр болып қалыптасқан алқалы жиын ғана емес. Бұл – білімнің заман талабына сай даму бағыттарын айқындайтын, ұлт ұрпағын тәрбиелейтін тұлғалардың пікір алмасып, ой бөлісетін ортасы. Сондықтан да мұндай басқосулар әлдеқашан бала мен мектеп, ұстаз бен ата-ана қарым-қатынасының сыртындағы үлкен қоғамдық, мемлекеттік мәселелер қозғалатын қордалы алаңға айналған. Биылғы жылы тамыз кеңесі тек өткен оқу жылын қорытындылап қана қоймай, білім саласының алыс-жақын болашағынан хабар беріп, тың ой, ұстаздардың жаңа көзқарастармен бөлісетін дәстүрмен өтті.

Аудандық Мәдениет үйінде жергілікті өнерпаздардың шағын концерттік бағдарламасымен түндігін түрген кеңес жұмысына аудан әкімі Рүстем Дәулет төрағалық етіп, жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Жувандикова, аудан әкімінің орынбасарлары, білім беру саласының қызметкерлері мен ардагерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.

Алқалы жиында бірінші болып сөз алған аудан әкімі Рүстем Дәулет әлемді әбігерге салған пандемияға қарамастан білім сапасын арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар турасында айта келе білім бөліміне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

«Қалыптасқан игі дәстүрге сай ауданның ұстаздар қауымымен жаңа оқу жылы қарсаңында бас қосып отырмыз. Баршаңызды ең алдымен келе жатқан жаңа оқу жылымен шын жүректен құттықтаймын. Барша ұстаздардың басын қосатын тамыз кеңесі өткен жылдан бері әлемдік пандемияға байланысты шағын форматта ұйымдастырылуда. Дегенмен, конференцияның маңыздылығы мен жауапкершілігі толықтай сақталған. Биылғы жылы да «Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі» тақырыбында ерекше форматта өтіп отыр. Мақсат біреу – ел болашағының іргесін қалайтын абзал жандар – ұстаздармен кездесіп, ой-пікірімізді ортаға салу, алда атқарар істерімізді жоспарлап алу», — деген аудан басшысы биылғы жаңа оқу жылында Күнбатыс-2 ауылында 150 орындық, Масаншы ауылында 600 орындық жаңа мектептердің құрылыстары аяқталып, қолданысқа берілетінін айтса, Қалғұты ауылындағы 180 орынға арналған мектеп құрылысы аяқталу үстінде екенін жеткізді. Осы орайда, Арал ауылында да 180 орынға арналған жаңа мектеп құрылысы қарқын алғанын айта кеткен жөн. Осылайша, ауылдық округтердегі білім беру ошақтарындағы орын тапшылығы мәселесі кезең-кезеңімен өз шешімін тауып келеді.

Сонымен қатар, аудан әкімі мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында ағымдағы жылы білім ордаларын 100% интерактивті құрылғылармен қамтамасыз ету үшін 284 млн теңгеге 33 дана жаңа модификациялық сынып жиынтығын алуға конкурс жарияланғанын жеткізіп, ауданның ауылдық елді мекендеріне білім беру саласында тұрақты жұмыс істеуге келген мамандарға «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну жұмыстары жайына кеңінен тоқталды. Аталған бағдарлама аясында ағымдағы жылы 67 жас маман 19543,9 млн  теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы алған. Оның 43-і білім беру саласының қызметкерлері. Сондай-ақ, 4 жас маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие беріліпті.

Аталмыш тақырыпты саралай келген Рүстем Рысбайұлы бөлімдер мен жауапты тұлғаларға жоғарыда атап өткеніміздей бірқатар тапсырмалар жүктеді. Оның ішінде білім нысандарының қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын қатаң назарда ұстау, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген жас мамандарға қолдау көрсетіп, оларға қажетті тұрғын үй мәселесін шешу жолдарын қарастыру, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық және ерте жүктіліктің алдын алу бойынша жұмысты күшейту сынды өзекті мәселелер болды.

Тамыз кеңесі барысында былтырғы оқу жылын қорытындылау, аудандағы білім сапасын арттыру және алдағы оқу жылына жаңа жоспар құру турасында аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков баяндама жасаса, келесі кезекте «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Жувандикова сөз алып, өз ойын ортаға салды.

Әрине, еңбегімен еленіп, білім беру ісінде үздік деп танылған педагогтар мен білім саласы қызметкерлерін марапаттау сәті тамыз кеңесінің ерекше көрінісі. Осы күні ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері төсбелгісімен» №51 орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Айтолқын Бекқұлова марапатталды. Сонымен бірге, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың Құрмет грамотасына Ұлжан Алимқұлова, Алия Болатова, Ақсәуле Сейдакбарова, Гүлвира Елібекова, Назира Нуралиева, Юлия Солодовникова және Ольга Шапарева ие болды. Ал, министрдің Алғыс хатымен Қайрат Байсейітов, Бекнұр Қалибек, Ақшолпан Мүсіркегенова, Сара Кунирбаева, Ақмарал Сабырова, Салтанат Майжанова, Құндыз Исенова марапатталды. Осы күні министрліктің марапатымен қатар Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының, Қордай ауданы әкімінің, аудандық мәслихаттың, «Nur Otan» патиясы аудандық филиалының, білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан ұстаздар қауымына табыс етілді. Кеңеске арнайы шақырылған ардагер ұстаздарға да құрмет көрсетілді.

Ауданымыздың барша ұстаздар қауымына жаңа оқу жылында толағай табыс тілейміз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.