ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ ҚОРДАЙДА

0

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нәзилә Раззақтың Жамбыл облысындағы жұмыс сапары күні кеше Қордай ауданында жалғасты. Сапары барысында елордалық қонақ «Nur Otan» партиясы Қордай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мырзағали Күзербаевпен бірге аудандағы бірнеше құрылыс нысандары мен мекемелерді аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Әуелі Арал ауылына ат басын бұрған Нәзилә Раззақбайқызы ауылда салынып жатқан мектеп құрылысын көрді. Сәуір айының аяғында басталған құрылыстың аяқталу мерзімі он ай шамасында көрсетілген. Бүгінде мұндағы жұмыс қызу. Ауыл тұрғындары көптен күткен заманауи мектеп жуық арада қолданысқа берілмек. Яғни, осы күнге дейін кішкене ғана мектепті паналаған оқушылар әні-міне дегенше үш қабатты мектепте білім алатын болады. Бас мердігер «Темір-Строй Сервис и Ко» ЖШС құрылысты өз деңгейінде атқаруда. Бұл мәселеге аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Жұлдызбек Бақаев кеңінен тоқталып, құрылыс барысында проблемалық жәйттардың жоқтығын да алға тартты.

Осыдан кейін Әлжан ана ауылына табан тіреген Мәжіліс депутаты ауылдық музейде болып, сан жылдардан бері сақталып келе жатқан жәдігерлерді тамашалады. Қонақ ауылдық мәдениет үйіне де барып, заман талабына сай бой көтерген мекемені көргенде таңданысын жасыра алмады.

«Қалаға бергісіз мәдениет ошағы екен. Барлық дүниелер баз қалпында сақталған. Мұнтаздай таза. Көрермен залы да алыстан көз тартады. Тек енді осы мүмкіндікті барынша пайдаға асырып, өнерлі жастарды биікке шығару қажет», — деді ол.

Осы ретте депутат Әлжан ана ауылының тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдап, халықтың ұсыныс-тілектеріне назар аударса, жергілікті жұртшылық өз кезегінде депутатқа алғысын білдірді.

Келесі кезекте аудандық орталық ауруханаға барған халық қалаулысы мекеменің бас дәрігері Зәуреш Қадырбековамен бірге аурухананы аралап, жаңадан ашылған «Мейірім» томографиялық залынының бүгінде атқарып жатқан жұмыстарын көрді.

«Қазіргі жағдайда аудан халқының бар сенері де, сүйеуі де сіздерсіздер. Бүгінгі ахуалға байланысты қолға алынып жатқан жұмыстар барысында ешбір тұралаған не болмаса шешілмеген проблема болмауы тиіс. Осыны білмек мақсатта сіздерге арнайы келіп, мән-жаймен танысуды оң санадым», — деген Мәжіліс депутаты дәрігерлердің жұмысына сәттілік тіледі.

Жалпы, Қордайда құрылысы қарқын алған нысандардың ірісі – жаңадан салынып жатқан 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй. Осындай оңтайлы бастамалардың арқасында баспанаға кезекте тұрған азаматтардың саны жыл өте азайып келеді. Бұл мақсатта биылғы жылы да қолға алынған кезекті көпқабатты үйдің құрылысы қызу. Мұны көзбен көрген Нәзилә Раззақ құрылыс барысында кездесетін өзекті мәселелердің мән-жайын білді.

«Байқауымша жұмыс жаман емес. Ең бастысы нысанның құрылысын сапалы жүргізіп, дер кезінде аяқтау керек. Бұл үйсіз кезекте тұрғын көпбалалы, көмекке мұқтаж отбасылар үшін қолға алынып отырған дүние», — деген депутат мамандарға ұсынысын айтып, сәттілік тіледі.

Осылайша, жұмыс сапарын аудан орталығында жалғастырған Н.Раззақ аудандағы қарттар үйінің жұмысымен танысты. Мұнда ол қариялармен кездесіп, емін-еркін сұхбат жүргізіп, жағдайын да бақылады. Ал, осыдан кейін мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығына барған қонағымыз балалардың қалай дәріс алып, қалай бейімделетінін көзбен көріп қайтты. Оны мекеме жұмысымен таныстырған ұжым басшысы Эльнура Мінісқұлова Мәжіліс депутатына орталықтың негізгі жұмыс барысын ағынан ақтарып, өзінің ұсыныс-пікірін де білдірді. Аудандағы осы және өзге мәселелерді назарға алған депутат әрбір сауалдың жауапсыз қалмайтынын жеткізді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.