БИЛЬЯРД ТУРНИРІ ӨТТІ

0

Салты бір, көңілі дархан, төскейде малы қосылған Қырғыз елімен қордайлық азаматтар әрдайым тығыз қарым-қатынаста болып келген. Бір кездегі әріптестік қатынастар уақыт өте келе шынайы достыққа ұласып жатқанының үнемі куәсі болудамыз. Жақында Қордай ауылында сол достықты дәріптейтін тамаша шара қолға алынған болатын.

Қордайдағы «Олимп» кешенінде Қырғыз елінің ардақты азаматы, полиграфия өндірісінің үздігі, «Тұрар» баспасының негізін қалаушы Тилек Мураталиевті еске алуға арналған IV халықаралық бильярд турнирі өтті. Ол турнирді басты  ұйымдастырушы, Тилек Мураталиевтің досы, ауданда бірқатар басшылық қызметті атқарған, белгілі кәсіпкер Қуат Иманалиев болды. Қуат Рашханұлы  бұл жарыстың ауқымын кеңейтіп, халықаралық дәрежеде өткізуге мұрындық танытты десе де болады.

Бұл жолғы бильярд додасында Қырғызстаннан, Ресейден және Қордай ауданынан жиналған 26 бильярд шебері бақ сынасты. Олардың арасында қырғыз елінде белгілі ақын Жедигер Саалаев, тарих ғылымының кандидаты Кыяс Молдокасымов, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университетінің профессоры Алымбек Кушубеков, Ресейдің «Триколора» Баспа үйінің өкілі, мәскеулік Александр Мельничук, Қырғызстан спорт журналистері федерациясының бас хатшысы Қабыл Макешов және өзге де өнер-ғылым мен мәдениеттегі саңлақтары болды. Ашылу салтанатында аты аталған азаматтар Қордай ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаевтың Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов және «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов сөз сөйлеп, осындай халықаралық турнирлер халықтар достығын арттыратынын атап өтіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бильярд ойыны «Мәскеу пирамидасы» және олимпиадалық жүйе бойынша өткізіліп, алдымен қатысушылар жеребе тартты. Екеуара белдесуде екі мәрте жеңіске жеткен ойыншы келесі кезеңге өтіп жатты. Осылайша 8 сағатқа созылған турнир жеңімпазы болып қордайлық Қалибек Бұтабаев танылды.    Екінші орынды да қордайлық Мәлік Атшабаров иеленсе, үшінші орынға қырғызстандық Авалкан Орунбаев және қордайлық Батыржан Нурахметов жайғасты. Жеңімпаздар кубок, медаль, грамота және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сыйлықтарды Қуат Иманалиев және «Тұрар» баспасы директорының орынбасары, Тилек Мураталиевтің туған інісі Улан Мураталиев табыстады. Сонымен қатар, турнирге қатысқан Александр Мельничукка, Қырғыз елінің Ұлттық қауіпсіздік қызметінің ардагері, отставкадагы полковник Идирисбек Мураталиевке және қордайлық Байділда Жанбосыновқа арнайы медальдар берілді.

— Қырғыз елінің ардақты ұлы, «Даңқ» медалінің иегері,  меценат Тилек Мураталиевпен ұзақ жыл дос болдық. Оның орны әрдайым ерекше. Жомарт, мейірбанды, адамгершілігі мол Тилектің туған күніне орайластырылған турнир деңгейі жылдан жылға артып келеді. Бүгінгі ойындарда қатысушылар мықты дайындығын көрсете білді. Келесі жылы бильярд ойыны бойынша әлемнің үш дүркін чемпионы Каныбек Сагынбаев сынды қас шеберлерді шақыртуды ойлап жүрміз. Осындай жарыстар осы спорт түрінің дамуына септігін тигізері анық. Марқұм Тилек те бильярд ойынының шебері еді. Талай додаға бірге қатысудың сәті түскен де болатын.

Ал жалпы, адами қасиеттеріне келер болсам, қуанышта да, қайғыда да бірге болып, отбасымызбен аралас-құралас өмір сүрдік. Тилек өмірден озғанда ортамыз ойсырап қалды… Әрине, тумақ бар да, өлмек бар. Әйтсе де, соны біле тұрып, қимас жандарымыздан айырылғанда қабырғамыз қайысып, көкірегіміз мұң мен шерге толды. Асыл достығымызды сағынамыз, аңсаймыз, көңіліміз құлазиды. Сол себепті досымның құрметіне турнир ұйымдастырдық, – деді Қуат Иманалиев.

— Досымыз Тилектің жарқын бейнесіне арналған турнирдің деңгейі жылдан жылға жоғарылап келеді. Дәстүрлі доданың екі дүркін жеңімпазы Авалкан Орунбаевтың үшінші орынға ие болғаны осы деңгейдің өскенінің дәлелі. Бүгін Тилек Мураталиевтің рухына Құран бағыштап, ас берілді. Ұйымдастырушы Қуат бауырымызға алғыс айтамыз, — деді ақын Жедигер Саалаев.

Өзінің жомарттығымен танылған Тилек Мураталиев жетім балалар үйіне 20 жылдай, Ұлттық жазушылар одағына 10 жылдай қаржылай көмек көрсетіп келген жан болатын. Қырғыз елінде белгілі баспа іскері Ұлттық жазушылар одағының хатшысы, «Даңқ» медалі сынды көптеген наградалардың иегері Тилек Мураталиев 2020 жылы дүниеден озған.

Көбісі шынайы достық жоқ, адамдар қарым-қатынаста алдымен өз пайдасын көздейді деп есептейді. Алайда, Қуат Иманалиев бастаған Тилек Мураталиевтің достары мұндай пікірдің қате екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдеп жүр. Оның өмірден озғанына бірнеше жыл өтсе де, бір-біріне деген құрметін, достық сезімдерін жоғалтпаған. «Тилектің жарқын бейнесі, оның еңбектері еш уақытта ұмытылмайды», дейді жарысқа қатысушы достары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.