БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА

0

Табиғаттың жаңару мерекесі қарсаңында бір-бірімізге бейбітшілік пен жақсылық тілеу дәстүріміз. Өйткені, Наурыз мерекесі – ұлт пен ұлысты ұйыстыратын, ынтымақ-бірлігін арттыратын мереке. Шығыстың жаңа жылы қазақ жерінің барлық тұрғындары үшін діни және ұлттық көзқарасына қарамастан бірдей қымбат екені белгілі. Мұны Наурыз мейрамын кеңінен тойлау дәстүрі дәлелдейді.

Бұл мерекені ерекше атап өтуді халқымыз дәстүрге айналдырған. Бұл күні әр жерде дастархан жайылып, Наурыз көже дайындалады, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, концерттік бағдарламалар қойылады. Журналистер жиі осындай берекелі жиындардың қадірлі қонағы болып тұрады. Дегенмен, біз №7 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұйымдастырған мерекелік шараларына шақыруды ерекше сезіммен күтеміз. Жалғызбасты қарттарға пана болып, қамқорлығын аямаған бұл шаңырақта бәрі өзгеше өтеді. Мұнда өмір ырғағының өзі ерекше сезіледі.
Өткен жұмада аталмыш мекемеде Ұлыстың Ұлы күніне орай мерекелік шара өтті. Орталықтың қызмет алушылары айтулы күнге үлкен дайындықпен келгендері байқалып тұрды. Ұлттық нақыштағы киім киген ата-әжелер қонақтар алдында бар өнерлерін ортаға салды. Екі командаға бөлінген олар мәдени сайысқа түсті. Қариялар ұлттық тағамдарды пісіріп, ән салып, би билеп жарысты. Командалар екі бәсекелес ауылдың – Жігер және Қызғалдақ тұрғындарынан құралды. Қазақ халқының салт-дәстүрі бойынша қатысушылардың білімін анықтайтын зияткерлік сайыста Елена Богдановская, Анатолий Максименко, Николай Овчаров жақсы нәтиже көрсетті. Қазылар алқасының мүшелеріне қатысушылардың өнерін бағалау қиынға соқты.
— Бізге осындай шараны өткізуге мүмкіндік берілгеніне қуаныштымыз. Жас кезімізді еске түсірп, командалық рухты сезіндік. Әрқайсымыздың бойымызда жасырын талант бар екенін көзіміз жетті, — деп пікірімен бөлісті қатысушылар.
Нәтижесінде Жігер ауылының тұрғындары озып шықты. Сайыс біткен соң қатысушылар дәстүр бойынша Наурыз мерекесіне арналған дәмнен ауыз тиіп, ақ дастархан басында бір-бірлеріне ізгі тілектерін жаудырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.