«БІРІГІП ПІШКЕН ТОН КЕЛТЕ БОЛМАС»

0

Әр көктем аудан шаруалары үшін өте жауапты кезең. Дала жұмыстары қызып, мамыр айында көп жылдық шөптерді суару жұмыстары да басталады. Осы кезең нағыз үміт пен күдікке толы болады. Жылдағы жыр – суармалы судың жетіспеушілігі. Көрші елден келетін судың күн ысыған сайын келіскен көлемнен тым аз келуі аудан шаруалары үшін нағыз сынақ.
Биыл ерте көктемнен Сарыбұлақ пен Қайнар ауылы шаруалары дабыл қағуда. Өйткені, нәсібін жерден терген диқандар үшін судың жетпей қалуы үлкен шығынның бастауы. Ал, оның алдын алу үшін шұғыл шешімдер қабылдау қажет. Өткен сейсенбі күні шаруалар жайын көзімен көріп, күрделі мәселенің қалайда шешімін табу мақсатында аудан әкімі Бегзат Болатбеков Сарыбұлақ ауылдық округіне арнайы барып, шаруа қожалық өкілдерімен кездесті. Дер кезінде су жетпесе диқан қауымның шаруасы шатқаяқтап кетері анық. Сарыбұлақ ауылдық окугінде қазір 147 шаруа қожалық пен 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Биыл Сарыбұлақта 2630 гектар, Қайнарда 2118 гектар алқапқа суармалы су қажет болады. Ауылға су апаратын канал 66 шақырымды құрайды. Шаруалармен алқап басында кездескен аудан басшысы қазіргі таңда суармалы су мәселесінің өзекті болып тұрғаны, оны әр шаруаның алқабына жеткізу үшін қолға алынып жатқан және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жайында айтып, диқандар назына құлақ түрді.
-Аудан әкімдігі әрқашан да қолдан келгенше көмегін аямайтын болады. Суармалы суға қатысты күрделі мәселенің оң шешімін табуы үшін барлық тетіктерді қарастыратын боламыз. Ауданға келетін су бойынша көрші елге тәуелділікті шешу үшін су қоймаларын кеңейту, жөндеу жұмыстары жақында басталады. Аздаған шыдамдылық танытқан жөн. Ал, әзірге тығырықтан шығар жолдың қайсысы тиімді болады, сол бойынша жұмыс атқаратын боламыз, — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.