Бірлігі мен тірлігі бекем ауыл

0

2 қараша, түс мезгілі. Бес баланың анасы Әлия Нұрымбетова үйдегі төрт баласына түскі асын беріп жұмысына шығып кетті. Анасының артынан көп ұзамай аудан орталығына жарысқа кеткен үйдің үлкені Әнел келді де, үйдің кіре беріс есігін ашып қалған сәтте қызыл жалын лап ете қалды…

Бұл жуырда Арал ауылында болған оқиға. Әйтеуір, балалар дін-аман. Әнел және төрт бауыры сыртқа шығып үлгерді, көршінің үйіне қарай жүгірді. Балалардың шырылдаған дауысын естіген айналадағы көрші-қолаң дереу жинала бастады. Әркім барынша өртті ауыздықтауға тырысуда. Үлгергендерінше үйдегі дүниені сыртқа шығарып жатыр. Үйіне жүгіріп келген анасы, алдымен, бес баласын құшақтап жатыр. Ел-жұрт болып, қаншалықты әрекеттенгенмен үй өртеніп кетті, тек төрт қабырғасы ғана қалды.

«Өрт – тілсіз жау» деген емес пе. Бес баласын құшақтап қалған көпбалалы анаға ауылдастар дереу көмекке келді.

Бір тәуліктің ішінде ауылдықтар 400 мың теңге жинап берді. Келесі күні-ақ ауыл белсенділері бірі үйдің ішін тазалауға кірісіп кетті де, тағы бірі құрылыс материалдарын әкелуге аттанды. Өрт ескі электр сымдарының салдарынан тұтанған дейді. Енді бүгінде ауылдың жігіттері жұмыстан бос уақыттарында осында келіп, төрт бөлмелі үйдің ішін тазартып, қабырғаларының сылағын қырып алып тастап, қайта сылап, шатырын жауып берді.  Степное ауылындағы «Әлем» дүкенінің иесі Лескен Бітікова құрылыс материалдарымен жәрдемдесті.

Біз барған сәтте де құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Үйдің айналасы шашылған киім-кешек, үйдегі үш оқушының жартылай өртенген кітап-дәптерлері бір үйінді болып жатыр. Үйдің ішін аралап көрсетіп жүрген Әлия Нұрымбетова барша атсалысып жатқан ағайын-туыс, көршілер мен ауылдастарға алғыс айтады.

-Ең бастысы, балаларым аман қалды, шүкір. Дәрігерлер келіп тексеріп кетті. Денсаулықтарына зақым келмепті. Дереу келіп жеткен көршілеріме, қазір осында келіп үйді жөндеп жатқан ауыл белсенділеріне көп рахмет айтамын, — дейді көпбалалы ана.

Осы үйді Әлияға екі жыл бұрын жалғыз басты көпбалалы ана ретінде «Асар уме» қоры сатып әперген екен. Іші жайлы, төрт бөлмелі, тіпті жиһаздары да бар болған.

Бір айта кетерлігі, Арал ауылында бірнеше ұлт өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Бірін-бірі алаламай, әркім мүмкіндігінше атсалысуда. Нағыз бірлігі бекем ауыл деп Арал ауылын атаса болады.

Алуа Тұрғанбаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.