БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ЖІГІТТЕРІ ОСЫНДАЙ

0

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Туған жерге туыңды тік!»  деген шақыруы кеудесінде туған жерге сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімі бар көптеген азаматтарды елең еткізді. Олардың көбі елеусіз қалған туған ауылдарына ат басын бұрып, әрқайсысы өз мүмкіндігіне қарай көмек қолдарын созды. Сондай азаматтардың бірі біздің қордайлық Сатылғанов Жақсылық Қасабекұлы екенін айтпасқа болмас.

Жақсылық Сатылғанов Қарасай ауылының тумасы. Ол 1958 жылдың 23 наурызында дүниеге келген. Михайловка орта мектебін 1975 жылы оқып бітірген соң, екі жыл бойы Алмалы совхозында қатардағы қарапайым жұмысшы болып еңбек етіп, 1977 жылы Алматыдағы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту Орденді ауылшаруашылық институтының «Ауылшаруашылық механикаландыру» факультетіне түсіп, бес жылдан соң, яғни 1982 жылы жоғары білімді инженер мамандығын алып шығады. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші бес жыл бойы қалада оқыған жас жігіт дипломы қолға тиісімен өзінің туып-өскен ауылына ыстық сағынышпен оралады. Оның да өзіндік сыры бар. Іле Алатауының батыс сілемдерінің етегіне орналасқан Алмалы совхозының көркіне көз тойғысыз. Буырқанған асау Шудың арғы бетінде Тянь-Шань тауларының биік шыңдарының ұшар басынан қысы-жазы қар кетпей мен мұндалап тұрса, етек жағы көкорай шалғыннан ырғылады. Қазақ-қырғызды қақ жарып ағып жатқан асау Шудың суы екі елдің де тамырына нәр беріп, ырысын еселеп жатқан жоқ па. Екі жақ айналасын тау қоршаған, ортасы оазис болып тұрған мұндай ауылға сағынышпен оралмау мүмкін емес еді. Осындай құнарлы жерде туып-өскен адамдардың бойында да табиғатқа етене жақындық, оған деген сүйіспеншілік бала кезден жүрегіне ұялап, тамыры тереңге кеткен-ді.

Сөйтіп Жақсылық ауылына келген беттен совхоз директоры берген бригадирлік жұмысқа кірісіп кетеді. Ол кезде Алмалы совхозының атағы Алматыдан асып, сонау Мәскеуді тамсандырып тұрған кезі болатын. Өзіне бекітілген бригаданың алма бақтарын түгел аралап шығып, қағылез де кішіпейіл мінезді жігіт қарамағындағы адамдармен тез тіл табысып, іске кірісіп кетті. Оның бригадирлік қызметіне институтқа түскенге дейінгі екі жыл жәй жұмысшы болып, алма бақта істегені жақсы көмек берді. Ауыл өмірі қызық, әрі қарбалас. Қысы-жазы бір толастамайтын тіршілік. «Малды баққан біледі, отты жаққан біледі» демекші аудандық жалғыз жеміс-жидек совхозының іс-әрекеті басқа көршілес шаруашылықтарға мүлде ұқсамайды. Суық күзге дейін жемістерді сапалы түрде жинап алса, ар жағында келесі жылдың қамын жасау керек. Қартайған жеміс ағаштарын кесіп, орнына жаңа ағаштар отырғызу, оларды күтіп-баптау, жас көшеттерді көктемге әзірлеу сияқты сан түрлі жұмыстар таусылмайды-ақ.

Өзіне бекітілген шаруаны тиянақты атқаратындығы, көпшілікпен тіл табыса білетіндігі, қызметтегі табандылығы мен тапқырлығы Жақсылықты қызмет сатысымен жоғарылата берді. Институттан келгеннен бергі он үш жыл аумағында қарапайым бригадирліктен бөлімше меңгерушісі, одан кейін совхоздың бас инженері қызметіне көтерілді. Бұл Кеңес өкіметінің шаңырағы  шайқалып, бір кездері шалқып тұрған шаруашылықтардың шатқаяқтап, таратыла бастаған шағы болатын. Қаншама жылдар бойы Алмалының шырын алмасы теміржолмен вагон-вагон болып, Мәскеуге жөнелтілетін  күндер артта қалып, енді совхоздың қабырғасы сөгіліп тарай бастады. Бұрынғы совхоздың жүйесі келмеске кетіп, жемісін бүкіл ел болып жинайтын ағаштар кесіліп-тоналып, ұстағанның қолында, тістегеннің  аузында кете барды. Совхоз толық тарап, білікті агроном, инженер тағы басқа мамандар жұмыссыз қалды. Бұл Сатылғановтың қабырғасына қатты батты. Не істеу керек? Туған жерді, өскен ауылды, әкенің қара шаңырағын қалай тастайды?! Тастамасқа амал жоқ. Аудандағы барлық колхоз-совхоздар тарап кетті. Яғни, оларда да жұмыс жоқ. Ендігі жалғыз жол қалаға кету. Келіншегі екеуі қара шаңырақты көршілерге аманат етіп, шабаданды көтеріп, Алматыға амалсыз жол тартты. Онда оларды кім күтсін… Алғашында іздеп жүріп Алматы облыстық техникамен толықтыру базасы директорының орынбасары болып, бір жыл, одан соң №6 автопарк директорының  қамтамасыздандыру жөніндегі орынбасары болып үш жарым жыл, одан кейін Алматыдағы №1 және №3 автопарк директорларының орынбасарлары қызметтерін атқарды. Қарап отырса, барлық жерде құлдырау, қысқару, жабылу, тағы сол сияқтылар. Бәрінің берекесі кеткен. Жақсылық ұзақ ойланып, өзінің жүрек қалауымен өзі жоғары білім алған Қазақ ұлттық аграрлық университетіне ізденуші (соискатель) болып орналасты. Жастайынан жазу мен сызуды ұнататын бұл шаруа оның оң жамбасына келгендей болып, ғылымға біртіндеп, тереңдей берді. Сөйтіп 2008 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірді. 2008 жылдың 25 қыркүйегінде Сатылғанов Жақсылыққа ҚР Білім және Ғылым министрлігі «Экономика  ғылымдарының кандидаты» атағын берді. Аз да болса еңбегі жанып, қанаттанған Жақсылық Қасабекұлы ғылыми жұмысын шыңдай түсті. Нәтижесінде 2013 жылы «Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің Құрметті профессоры» және ҚР Ұлттық машина жасау және көлік Академиясының коррес-пондент мүшесі атанды.

Қиындықтардан қайтпай ғылымда біраз биіктерді бағындырған өзі еңбек еткен ортада үлкен абыроймен беделге ие болған жігіт ағасы Сатылғанов Жақсылық 2012 жылдың наурызында Талғар агробизнес колледжінің директоры қызметіне тағайындалды. Ол бірақта директорлық қызметін ғылыми жұмысқа тосқауыл жасамады. «Білім инемен құдық қазғандай» демекші негізгі басшылық жұмыстан артылған бар уақытын ғылыми жұмысқа беріп, өзінің білімін тұрақты түрде дамыта түсті. Соның жемісін 2017 жылы «Ұлттық машина жасау және көлік Академиясының Академигі» атағын алғанда көрді.

Ойлаудан саналы ойды іске асырудан бір жалықпайтын Жақсылық өз идеяларын іске асырып, Қазақ мемлекеттік аграрлық кәсіптік және техникалық яғни ауылшаруашылық саланың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Колледж директоры қызметіне дейін Жақсылық Қасабекұлы өсудің барлық сатысынан өтіп, әсіресе күрделі кезеңдердің бірі техникалық және кәсіптік білім жүйесінің жаңа сатысы, сондай-ақ колледждің зерттеушілік қызметін тереңдеткен жаңа инновациялық білім берудің және өндірістік үзілмес байланысын белгілеуге өтуі кезеңдерінде кәсіптік саланың дамуына, өзіндік із қалдырды. Санаулы жылдар ішінде осыншама ғылыми атақтар әрине, өздігінен келе салған жоқ. Талай күндер мен түндер көз майын тауысып, талмай еткен еңбек пен ізденулер, жазылған бума-бума қағаздар мен сызбалар, аудиторияда студенттердің, ғылыми кеңестерде өз әріптестері мен жоғары лауазымды ғылымдардың алдында өз еңбегімен жасалған ғылыми еңбектерін ақ тер-көк тер болып дәлелдеп, қорғап шығудың өзі қаншама машахат. Бұған тек қана идея мен ұмтылыстан басқа қажымас қайрат, шыдамдылық, өз ісінің терең біліктілігі сияқты сандаған қасиеттер керек-ақ. Ал, бұл қасиеттер Жақсылықтың бойында бар еді.

Өзінің белсенді азаматтық ұстанымы, ғылымға, білім беруге қосқан зор үлесі үшін Ж.Сатылғанов 2013 жылы «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» орденімен, 2014 жылы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық тойына орай, «Отанның қорғаушысы» орденімен, 2016 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен, 2017 жылы «Д.А.Қонаев атындағы» орденімен марапатталса, сол жылы Жақсылық Қасабекұлы басшылық ететін Талғар колледжінің ғасырлық еңбегін Франция мемлекетінің «SEIN» ұлттық өнеркәсіпті қамтамасыз ету компаниясының тәуелсіз мемлекеттер арасында өткізілген байқауда «Білім берудегі дәстүрлерді сақтап, инновация енгізудегі еңбегі үшін» номинациясын жеңіп алып, «Шапталь» медалін кеудесіне тақса, өзі басқарып отырған колледж «SEIN» алтын медаліне ие болды. Бұлардан өзге оның түрлі деңгейдегі билік органдарынан алған мақтау грамоталары мен алғыс хаттары қаншама.

Жақсылық Сатылғанов Алматыға барып, еңбек жолын тауып, абырой-атаққа бөленіп, хош көңілдің шапағатына мәз болып жүрген жан емес. Қаншама қиындықтар мен машақаттар кездессе де өзінің алдына қойған өмірлік ұстанымынан бас тартпаған. Қазіргі мынау түйіні мен түйіткілі көп кезеңде көп шаруалармен бетпе-бет келсе де мойымай, оны оң шешуге күш салады және қым-қуыт тіршілікке бой алдырмай туған жерін, ағайын туыстарын, тай-құлындай тебісіп өскен жора-жолдас-тарын ұмытпай телефонмен хабарласып, қолы босай қалса келіп-кетіп тұрғаны. Әсіресе, биылғы жылы ел басына қиындық туғызып отырған індет жайлағалы бері бірнеше рет келіп ауылдағы нашар отбасыларға, асыраушысы жоқ қарттарға, көпбалалы аналарға екі мәрте азық-түлік таратып көмек қолын берді. Сондай-ақ, ол биыл көптен бері ойында жүрген игілікті істі, яғни ауылына кіре берістегі жол бойына көрнекті етіп белгі қою болса оны да өткен жазда абыроймен атқарды. Қазір Қарасай ауылдық округіне кіре берісте ұзындығы он метрлік еңселі әсем безендірілген стелла алыстан мен мұндалап тұр. Бұл да Жақсылықтың туған жеріне деген шапағаты мен жақсылығының бір белгісі болса керек. Ол сонымен бірге туған Қордай өңіріне колледжге оқуға түсуге шәкірттерді де жиі шақырып, ауданға келіп мектептерді аралауға өз қызметкерлерін жиі жіберіп отырады. Соның нәтижесінде қазірдің өзінде Талғар агробизнес колледжінің қабырғасында келешегінен үміт күттіретін үлкен бір қордайлық студенттер шоғыры білім алуда.

Жақсылық Қасабекұлы қызметте ғана елге сыйлы, беделді азамат емес. Ол үйде де ардақты отағасы. «Жігіттің қосы оңылмай ісі оңылмас»  демекші халқымыз тегін айтпаған. Жан жолдасы Жаныгүл (Света) ауылына аяулы келін, жолдасына сенімді жар, балаларына аналық махаббаты мен адалдықтың дәнен сепкен қымбатты ана. Екеуінің бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен сыйластығының арқасында Құдай берген төрт ұлдан (біреуі әлі үйленбеген) бүгіндері сегіз немере сүйіп, берекелі және өнегелі ата мен әже болып отыр.

Халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші Жақсылық Сатылғанов та уақыттың қиын кезеңдерінде жұртпен бірге қиналып, кейіннен өз қолы өзіне емін-еркін жеткенде бәз біреулер сияқты қан-қара басының қамын күйттемей, өзін өсірген елін, жұртын, туған өңірі мен ауылын ойлап, қолынан келгенше көмегін беруде. Өмірдің қиындықтарынан жол таба біліп, одан өтіп, Алматыдай алып қалада ғылымда да еңбекте де ойып орын алған, орын алып қана қоймай нағыз азамат болып қалыптасқан. Сатылғанов Жақсылық Қасабекұлына келешекте осы бағыттан таймай, өмірде де, қызметте де, жолың бола берсін демекпіз. Міне, біздің елдің жігіттері осындай.

 

Әбдібек Сейілханұлы , Қордай ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.