Бүгінгі таңда балаға сапалы білім беру мәселесі алдыңғы кезекте тұрғанымен, саналы тәрбие беру қоғам алдындағы өзекті мәселе екенін заман дәлелдеп отыр. Елімізде білім берудің барлық сатысының сапасын жақсарту жолында оқу әдістемелерінің заманауи бағдарламалары ұсынылуда. Осы орайда Жамбыл облысы әкімдігінің Білім басқармасы жоғарғы оқу орындарымен бірлесе отырып, облыстың 12 білім беру ұйымында эксперименттік алаңдар ашты. Қордай ауданы бұл жаңалықтан тыс қалмады. №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы да эксперименттік алаңға айналды.
2022 – 2023 оқу жылының басынан Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ психология ғылымының докторы Н.К.Тоқсанбаеваның жетекшілігімен «Мектеп-гимназия жағдайында оқушыларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің педагогикалық шарттары» тақырыбында 5-сыныптарда эксперименттік алаң жұмысы басталды. Эксперименттік жұмыстарды табысты жүзеге асыру мақсатында мектепке қосымша штаттар берілді. Эксперимент жүргізілетін сыныптарға тәжірибелі ұстаздар іріктеліп алынды.
Оқу жылы бойы осы сыныптарда көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды: Lesson Stuly зерттеулері өткізілді; жинақталған тәжірибелерді тарату бойынша семинарлар, шеберлік сабақтары ұйымдастырылды; жас мамандарды үйрету, біліктілігін арттыру мақсатында ашық сабақтар онкүндігі өтті. Сондай-ақ әрбір пән мұғалімі күнделікті өз сабақтарында тәрбие мәселесіне ерекше назар аударып, оқушылардың бойындағы өзгерістерді бақылап отырды. Оқушылардың білім деңгейі мен зияткерлік әлеуетінің қаншалықты артқанын байқау мақсатында параллель сыныптармен сайыстар, байқаулар ұйымдастырылды. Әр тоқсан қорытындысы талқыланып, кемшіліктерді түзету жұмыстары жоспарланып, жүзеге асырылды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде білім сапасы мен тірбие деңгейінің артқанын байқауға болады. Алдағы уақытта екі сынып қана емес, барлық сыныптарды қамту жоспарланып отыр.
Оқушыларға рухани-адамгершілік тәрбие беру мәселесін осыдан бірнеше ғасыр бұрын Әл-Фараби өзінің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзімен-ақ айтып кеткен еді. Осындай мәселені жұмыла көтеріп жүзеге асырып жатқанымыз – еліміздің дамуына, келешек тізгінін сеніп тапсыратын ұрпақты тәрбиелеуге қосылып жатқан зор үлес.
Ө.МҰҢАЙТПАС, №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
педагог-шебер