ЧЕМПИОНДАР ШЫНЫҒАТЫН МЕКЕН

0

Елімізде бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымдардың санын арттыру мәселелеріне баса мән беріледі. Әсіресе, соңғы жылдары ауданымызда балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі спорт нысандары, футбол алаңшалары көптеп бой көтеруде.
Мәселен, қыркүйек айында ғана ауыл жастарына есігін айқара ашқан Сарыбұлақ ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру орталығында бүгінде дзюдо, қазақ күресі, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, футбол секциялары жұмыс істейді. Жалпы көлемі 1236 шаршы метрды құрайтын ғимарат үлкен ойын залы, бокс және күрес залы, жаттығу залымен қамтылған. Мұнда түрлі спорттық іс-шаралар, аудандық, облыстық жарыстар, оқу-жаттығу жиындары өткізіліп тұрады. Жуырда ғана аталмыш спорт кешенінде қазақ күресінен аудандық ашық біріншілігі өтіп, оған 150-ден астам палуан жиналыпты. «Ауылымыздан ашылған заманауи үлгідегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені жергілікті жастардың бұқаралық спортқа тартылуына, жалпы тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына үлкен септігін тигізуде. Ауыл азаматтары қазір спортпен шұғылдану үшін аудан орталығына барып, уақыт пен қаражаттарын құртып, әуре болмайды. Ашылғанымызға көп болмаса да, балалардың спортқа құлшыныстары жоғары. Әсіресе, қазақ күресіне деген қызығушылықтары басым»,-дейді спорт кешенінің меңгерушісі Марат Кеңес.
Спорт кешенінің үстіңгі қабатына көтеріліп, боз кілемде белдесіп жатқан жас палуандарды көрдік. Білікті жаттықтырушылар болашақ әлем чемпиондарын дайындауға барын салуда. Біз балалардың бапкерлері Жандарбек Жиенбаевты әңгімеге тартып, жастардың қазақ күресіне деген талпыныстары жайлы сұрадық. «Балалардың ынтасы жоғары, аз ғана уақыттың ішінде жақсы нәтижелер көрсетуде. Аудандық, облыстық жарыстарға да қатысып үлгердік. Бүгінгі таңда күрес секциясында жалпы салмақ бойынша 120-ға жуық бала бар. Жас спортшыларымыз тек аудандық, облыстық додаларда ғана емес, республикалық жарыстарда да жеңіске жетіп, ауылымыздан нағыз чемпиондар шығатынына сенемін»,-дейді жаттықтырушы.
Мұнда спорттың қай түрімен шұғылданамын десеңіз де өз еркіңіз. Ол үшін спорт кешенінде барлық жағдай жасалған. Мұндай ыңғайлы жағдайда жаттыққан жастар келешекте еліміздің көк туын әлемдік ареналарда желбіретеді деген үміттеміз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.