ЦИФРЛЫҚ ТЕҢГЕ: ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТУДЕ?

0

Ұлттық банк осы жылдың соңына қарай цифрлық теңгені енгізуге қатысты шешімін жария етпек. Осы орайда қаржы консультанты әрі инвестор Әлібек Жалғасбаев цирфлық теңге қазақстандықтар үшін нені білдіретінін түсіндірді.

«Сіз неліктен Kaspi-ге көшкеніміз жайлы ойланып та көрген жоқсыз. Ертеректе қағаз ақшамен, тиынмен төлем жасайтынбыз. Ал, қазір дүкендерде артық төлеген ақшаңызға қайтарым жасамайды. Өйткені, тікелей аударым жасайсыз. Бұл өте ыңғайлы, комиссия, ешқандай шектеулер жоқ. Ал, басқа банктерді қолданған кезде белгілі бір қиындықтар, оның ішінде комиссия туындайды. Цифрлық теңге – валютаны дамытудың келесі кезеңі. Оны қадағалап отыруға болады. Мәселен, сіздің компанияңыз, жеке кәсіпкерлігіңіз немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестігіңіз бар делік. Онда сізде өте көп құжаттама болады. Есеп-қисап тапсырып, салық, сақтандыру төлеуіңіз қажет. Цифрлық теңге көмегімен мұның бәрін жасау жеңілдей түседі. Транзакция тарихы да қолжетімді болады. Бұған қоса, бұл жалған ақшадан қосымша қорғаныс болады. Интернетсіз-ақ төлем жасау мүмкіндігін аласыз, яғни барынша қолайлы бола түседі», — деп түсіндіреді сарапшы.
Оның атап өтуінше, цифрлық теңге әлі де әзірлену сатысында болғанымен, оның қолданылу аясы кең.
«Ол ұлттық валюта мен криптовалюта арасындағы буданға айналмақ. Дегенмен, мемлекет тарапынан оған бақылау да, қадағалау да болады. Айта кетерлігі, Қазақстан қаржы технологиясы бойынша ТМД елдері арасында бірінші орында тұр. Грузия немесе Түркияда әлі күнге дейін қолма-қол ақшамен төлем жасалады. Аударым жасай салу жоқ. Тіпті, кей жерлерінде карта да қабылдамайды», — деді Әлібек Жалғасбаев.
Сарапшының пайымынша, цифрлық ұлттық валюта енгізу еңбек нарығына еш әсер етпейді.
Дегенмен, цифрлық теңгенің еңбек нарығына қандай да бір қатты әсері бола қояды деп ойламаймын.
Ол кәсіпорындардың, қадағалаушы, салық органдарының жұмысын жеңілдетеді және барынша ашық, жылдам бола түседі.
«Цифрлық теңгені енгізу қаржы директорларына, бухгалтерлерге жүктемені азайтуы да мүмкін. Бірақ, валютаның қандай қызметі болатынын және болмайтынын әлі білмейміз. Қалай десек те, ІТ мамандарына сұраныс одан сайын артады», — деді ол.
Смартфондағы мемлекеттік қызметтер көбейді
Жұртшылыққа ноутбук пен компьютерге үңілгеннен гөрі смартфондарды пайдалану ыңғайлы. Сондықтан мемлекеттік қызметтің көптеген түрін телефонның көмегімен алуға болатындай деңгейге қол жеткіздік. Әңгімеміз – EGov mobile мобильді қосымшасы жөнінде. 2019 жылы іске қосылған қосымшаны бүгінде 2,4 млн қазақстандық белсенді пайдаланады.
Құжаттарды цифрлы форматқа көшіру – мемлекеттің басты бағыттарының бірі. Қағазбастылықтан арылып, неғұрлым онлайн қызметтерді көбейту – әлемдік ақпараттық технология көшіне ілесудің бір жолы. Соның бір көрінісі – Электронды үкіметтің мобильдік қосымшасы.
Бүгінде қосымшада 400-ге жуық мемлекеттік онлайн қызмет пен eGov.kz және E-lisence портал сервистері енгізілген. Енді 2022 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 80%-ын «смартфондау» жоспарланып отыр. 2025 жылға қарай Президенттің тапсырмасы бойынша бұл көрсеткіш 100% межеге жеткізілмек.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Арай Уразованың айтуынша, жұртшылықтың игілігіне айналған EGov mobile мобильді қосымшасы қолданысқа енгізілгелі бірнеше рет жетілдірілген. Өткен жылдың наурыз айында eGov mobile жаңартылған нұсқасы іске қосылған. Ал қазір қосымшадағы 400-ге жуық мемлекет ұсынатын қызметтің 150-і – eGov.kz порталындағы нұсқа болса, 250 қызметі – e-license порталында жеке тұлғаларға көрсетілетін қызмет. Бұл жалпы мемлекет көрсететін қызметтің 72%-ын құрайды.
«EGov mobile іске қосылған сәттен бастап, бүгінге дейін 29 092 402 қызмет түрі көрсетілді. Белсенді пайдаланушылар саны едәуір артты. Егер 2019 жылы шамамен 510 мың пайдаланушы болса, 2020 жылы – 3,3 млн, 2021 жылы – 6,6 млн, 2022 жылғы маусымда 12,5 млн азамат мобильді қосымшаны пайдаланады», дейді А.Уразова.
Қосымшада бірнеше үлкен бөлім бар. Олардың көмегімен қажетті құжатты немесе көрсетілетін қызметті оңай табуға болады. Айталық, «Цифрлы құжаттар», «Өмірлік жағдайлар», «Көрсетілетін қызметтер» (eGov.kz және e-License қызметтердің жеке каталогы), «Хабарламалар» және т.б.
Мұндағы «Цифрлы құжаттар» сервисінің өзі 18 құжаттан тұрады. Мысалы, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, вакциналау паспорты, ПТР тест және туу туралы куәлік және басқа да құжаттар осы бөлімге топтастырылған. «Пайдаланушыларға ыңғайлы болуы үшін белгілі бір тақырып бойынша пайдалы ақпарат жиынтығынан тұратын «Өмірлік жағдайлар» жаңа бөлімін іске қостық. Бұл сервис азаматтарға қажетті мемлекеттік қызмет түрлерін алуға өтінім беруге және ақпаратты іздеу кезінде уақыт үнемдеуге арналған», дейді маман. Жұртшылық арасында ең танымалы болған бұл сервис түрін интернетсіз-ақ пайдалануға болатынын естеріңізге саламыз.
Бұған қоса, қосымшаны қолданушылар цифрлы құжаттардан қандай да бір қатені байқаса, оны тиісті мекемеге хабарлай алады. Ол үшін «қате туралы хабарлау» батырмасын басып, e-Otinish платформасы арқылы тиісті мемлекеттік органға өтініш жолдайды.
Сондай-ақ АХАТ (бұрынғы АХАЖ) жүйесінде қателерді де қосымшадан түзеуге болады. Мәселен, туу туралы куәлік, неке қию және бұзу, бала асырап алу, әкесі екенін анықтау, аты-жөнін өзгерту, қайтыс болу туралы мәліметтерді жөндеу керек болса, қосымша арқылы оған да қол жеткізуге болады.
«Біз қосымшаны үнемі жетілдіріп отырамыз. Жақында әлемдік тәжірибені ескере отырып, қосымшаға биометрия көмегімен кіруді енгіздік. Оның артықшылығы көп. Атап айтқанда, қосымшаға Face ID, саусақ ізі немесе қысқа код арқылы кіруге болады. Сонымен қатар push хабарлама алу, ЭЦҚ кілттерін шығару, e-otinish платформасы арқылы өтініштер жіберу мүмкіндігі бар», дейді «ҰАТ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
Айтпақшы, ЭЦҚ кілтін де осы мо­биль­ді қосымшадан алуға болады. Ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталық­та­рына барудың қажеті жоқ. Ең бастысы, қосымшада бейне сәйкестендіруден өтіп, сұрақтарға жауап беру керек. Про­цесс қарапайым әрі оңай.
Әлбетте, интернетте жеке деректермен жұмыс істеу бір жағынан пайдалы болса, екінші жағынан қауіпті. Себебі жеке мәліметтер абайсызда жария етіліп, кейбір пысықтар оны жеке мүддесіне пайдаланып кетуі мүмкін. Бірақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мамандары eGov mobile қосымшасы қауіпсіздік жағынан сенімді қорғалған деп отыр. «Бұл жерде пайдаланушылар үшін басты қауіп – ЭЦҚ кілтін салықтарды төлеу, азаматтарды тіркеу және шығару, әртүрлі анықтама мен құжат алу, айыппұлды төлеу, т.б үшін үшінші тұлғаға беру. Жеке цифрлы қолтаңбаны ешкімге бермеу керек. Тіпті ЭЦҚ жабық кілтін басқаларға бергені үшін айыппұлдар да қарастырылған: жеке тұлғаларға – 10 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъек­тілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 15 АЕК, орта кәсіпкерлік субъек­тілеріне – 30 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъек­тілеріне 150 АЕК көлемінде айып­пұл салынады», дейді А.Уразова.
Мамандар жеке деректерді қорғау үшін мына қағидаттарды есте ұстау­ға ша­қырады: ЭЦҚ кілтін үшінші тұлға­лар­ға бермеу; ұйымдағы қызметкерлерде пайдаланушылардың ЭЦҚ-сы болады, ол жұмыстан шыққан жағдайда ЭЦҚ-ны кері қайтарып алуды қадағалау қажет; ресми қағаздарға қол қоюға жа­уапты қызметкерлерге жеке ЭЦҚ беру; ЭЦҚ бар флешка жоғалған жағ­дайда бірден жаңа электрондық қол­таңба ашу; Халыққа қызмет көрсету орта­лық­тарында алынған ЭЦҚ паролін жеке тұлға өзі ауыстырып алуы керек, себебі, онда көбіне қызметті жылдам көрсету үшін оңай әрі жылдам терілетін уақытша парольдер пайдаланылады және ЭЦҚ алу үшін бейтаныс адамдардың көмегіне жүгінбеу қажет.
Жоғарыда аталып өткендей, мобиль­дік қосымшадағы цифрлық құжаттарды алу үшін биометрия және ЭЦҚ көмегімен тір­кеуден өту қажет. Құжаттарды көр­сет­кен кезде қысқа код және QR код пай­даланылады, бұл код аз уақытқа ғана жарамды екенін ескеру қажет, дейді мамандар.
Айта кетерлігі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық актіле­ріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды дамыту және ақ­параттық қауіпсіздік мәселелері бо­йын­ша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заңға қол қойды. Бұл ел азаматтарына цифрлы құжаттарды көп­теген өмірлік жағдайда кедергісіз пайдалануға және олардың қолдану аясын ұлғайтуға мүмкіндік береді, дейді мамандар.

EGov Mobile-да топ-10 көрсетілетін қызмет түрлері:
— «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірісті ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат»
— Соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама
— Шетелге шығуы шектелген борышкерлер тізілімі және атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізілімі бойынша шетелге шығуға тыйым салудың болуын тексеру
— «Психиатрия» психикалық денсаулық орталығынан берілген мәліметтер
— Жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы анықтама алу
— «Наркология» психикалық денсаулық орталығынан берілген мәліметтер
— Өтініш берушінің (отбасының) атаулы әлеуметтік көмек алушыларға тиесілігін растайтын анықтама беру
-«Жеке тұлғаның басқа заңды тұлғаларға қатысуы туралы» анықтама беру
— Медициналық ұйымға тіркелу
— Туберкулезге қарсы ұйымнан анықтама беру
Елімізде 5G қашан қолжетімді болады?
Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Қазақстанда 5G 2024 жылдан бастап қолжетімді болатынын хабарлады.
Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Қазақстанда 5G 2024 жылдан бастап қолжетімді болатынын хабарлады, деп жазады
«Қазір 5G технологиясы бірнеше қалада ілкі режимде іске қосылған. Биыл аукцион өткіземіз. Сол аукционда бірнеше локацияны қамту міндеттемесі болады. 5G-дің қазіргі нұсқасы бүкіл елді мекенді толықтай қамтуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан бүгінде операторлармен локация бойынша жұмыс істеп жатырмыз», деді Асхат Оразбек елордада өтіп жатқан «Цифрлық Қазақстанға бетбұрыс» атты халықаралық форум барысында.
Оның айтуынша, бүгінде республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және Түркістан облысы 5G желісімен қамтылған.
«5G енгізу трафик тұтынудың шамадан тыс өсімімен қатар 4.0 индустриясының, ақпараттық технологиялардың, ақылды үйлердің дамуына алып келетіндігін түсінеміз. Әрине, бұл жасалуы тиіс тренд болып тұр. Оны операторлармен бірге жасаймыз. Мұны қалай жасау қажеттігіне қатысты нақты ұстанымымыз бар», деді вице-министр.
Асхат Оразбектің айтуынша, 2024 жылы 5G қолжетімді болады.
«Меніңше, алдағы екі жылдың ішінде тұрғындар еліміздің аумағында 5G желісінің қолжетімділігін сезеді», деді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.