«ДӘМХАНА АШУ – АРМАНЫМ»

0

Мейрам күндері баршамызға қажетті маман иелері кондитерлер екені сөзсіз. Өйткені кез келген мерекелік дастарханның көркін аша түсетін тәтті тағамдар осы істі игерген шеберлердің қолымен дайындалады.
Қаракемер ауылының тұрғыны Бекназар Қыйлыбаев бүгінгі таңда үлкен сұранысқа ие осы мамандықтың көзін тапқан кәсіпкер. Кондитердің ісімен жақынырақ танысу үшін өткен аптада кейіпкеріміздің жұмыс орнына арнайы бардық. Бұл уақытта Бекназар аға ұлы Нұрболат екеуі «Вупипай» тортын безендіріп жатыр екен. «Тортты тапсырыс берушінің талаптарына сай жасауға тырысамыз. Біреулерге тым тәтті емес, наны тым қалың емес торттар ұнайды. Безендіру кезінде де клиенттердің өздері қалағандай жасаймыз. Кейде шығармашылық қиялға еркіндік береміз», — деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз.
Тәтті тағамдар пісіру – бұл отбасының сүйікті ісі әрі табыс көзі. Торттарды көбіне жұбайы Гүлнәз және ұлы Нұрболат екеуі пісірсе, отағасы өнімді жеткізумен, қажетті заттарды аудан орталығынан әкеп берумен көмектеседі. Кәсіпкер осыдан төрт жыл бұрын ауласындағы бір бөлмелі шағын үйді кішігірім цехқа айналдырып, отбасылық кәсіптерін бастапты. Қорасындағы екі сиырын сатып, пеш, тоңазытқыш, миксер, т.б. кондитерлік өнімдер дайындауға арналған жабдықтарды алған. Бастапқыда өнімдерін туған-туыс, таныстарға пісіріп, ауылдардағы дүкендерге өткізген екен. 2020 жылдың көктемінен тұрақты клиенттері пайда болып, тапсырыс саны да арта бастапты. Бүгінде күніне кемінде бір тортқа тапсырыс түседі дейді кондитер. Қыйлыбаевтар отбасына тәттінің түр-түріне тапсырыс бере аласыз. «Бал торты», «Вупипай», «Сүтті қыз», «Сникерс» т.б. сан алуан торт түрлерін жасайтын кондитерлер отбасы тәттілерді пісіруді ғаламтордан, түрлі курстар мен шеберлік сабақтарынан үйренген екен. Бүгінде енді өздері ауылдағы болашақта кондитер болам деушілерге мастер класстар өткізіп тұрады екен. «Бұл мамандықты игеру ешкімге де артық етпейді деп ойлаймын. Өйткені кез келген отбасында мерекелік күндер болып тұрады. Сол кезде осындай тәтті торттарды өзіңіз де дайындай аласыз»,-дейді кейіпкеріміз.
Қазіргі таңда Қыйлыбаевтар отбасы әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы тапсырыс қабылдап, өз ісінің нағыз шеберлеріне айналды. Парақша тапсырыс берушілердің қалдырған жылы лебіздеріне толы. Бұл Қыйлыбаевтар отбасының қолымен дайындалған өнімдер сапасының жоғары екендігін көрсетеді. Әңгіме барысында сегізінші сынып оқитын ұлы Нұрболаттан тортты дәмді етіп дайындаудың сыры неде екенін сұрадық: «Қазір ауданымызда тәтті тағамдар жасайтын кондитерлер көп-ақ. Олардың әрқайсысы түрлі жолмен дайындайды. Біз үшін ең бастысы өнімнің табиғи болуы. Тортты ешқандай химиялық қоспасыз, сапасы жоғары өнімдерден жасаймыз. Сондай-ақ, безендіру жағынан трендтен қалмауға, үнемі ізденіп отыруға тырысамыз. Мәселен, бүгінде тортқа әннің сөздерін жаздыру, нанын болашақ сәбидің жынысына байланысты көк не күлгін түсті етіп дайындау сәнге айналып барады. Ең бастысы әр тортты барымызды салып, шын ынта-ықыласымызбен жасауға тырысамыз»,-дейді жас кондитер. Елдің көңілінен шыққан өнімнің бағасы да қолжетімді. 1 кг – 4000-5500 тг аралығында.
Кейіпкеріміз Бекназар Қыйлыбаевтың үшінші топтағы мүгедектігі бар ерекше жан екенін де айта кеткен жөн. Ол бала кезінде қатерлі ісік ауруына шалдығып, соның салдарынан көзіне ота жасап, бір көзінен айырылыпты. Соған қарамастан еңбекқор азамат еш қиындыққа мойымай, отбасын адал еңбектің нанымен асырап келеді. Жұбайы Гүлнәз Қарабаева екеуі үш баланың ата-анасы. Бекназар ағаның аспаздық қабілетімен қатар, әдебиетке қызығушылығы да басым. Ауылда мектеп мұғалімдерімен бірігіп, әдеби кештер ұйымдастырып, жас буынды қазақ поэзиясына баулуға өз үлесін қосуда. Оның қазақ әдебиетіне деген ерекше сүйіспеншілігі кенже қызы Данаға да берілген. Дана үш жасында Абайдың он шумақ «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін жатқа айтып, аудандық сайыстан жүлделі оралыпты.
Жуырда Бекназар аға жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант алуға өтініш беріп, өзінің бизнес жоспарын сәтті қорғап шықты. «Енді жақын арада қаржы түссе жұмысымызға қажетті құрал-жабдықтарды жаңартып алсақ деген ойымыз бар. Ал болашақта цехты кеңейтіп, жанынан кішігірім дәмхана ашқым келеді. Келушілерді күнделікті дайындалатын балғын тәттілермен, ыстық шәй, сусындармен қарсы алсақ деп армандаймын»,- деп кәсіпкер келешекке жоспарларымен бөлісті.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.