Кеше ауданымызға өңір басшысының тапсырмасымен облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков жұмыс сапарымен келіп, аудандағы референдумға дайындық жұмыстарының барысын бақылады. Ол аудан әкімі Мәден Мұсаев, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбаймен бірге ауылдарды аралап, сайлау учаскелерінің жұмысымен танысты.
Ең алдымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында жиын өткізген Махметғали Сарыбеков Қордай аудандық орталық ауруханасына барып, онда мекеме қызметкерлерімен кездесті.
«Осы сәтті пайдалана отырып сіздердің қажырлы еңбектеріңізге алғыс айтамын. Артта қалған қиын күндерді жеңуде сіздердің үлестеріңіз зор. Енді алдымызда тағы бір маңызды күн тұр. Соған бір кісідей атсалысып, Жаңа Қазақстанның құрылуына өз үлестеріңізді қосыңыздар», — деген облыстық мәслихат хатшысы барша қызметкерлерді таңдау жасауға шақырды.
Осыдан кейін ол аудан орталығында орналасқан 240, 238, 474 сайлау учаскелеріне барып, референдумға дайындықтарын бақылап шықты.
Дәл осындай кездесу Қарасу ауылында өтіп, облыстан келген мейман ауыл мектебінде орналасқан 232 сайлау учаскесінде болды. Мұнда ол мамандармен тілдесіп, саяси науқанға дайындықтың барысын пысықтады.
Келесі кезекте М.Сарыбеков Масаншы ауылына барды. Онда 222 сайлау учаскесінде болып, комиссия мүшелерімен кездесті. Ауылдық мәдениет үйінде орналасқан учаскенің саяси науқанға дайындығын бақылап, бірқатар ұсыныстарын айтты.
«Алдағы маңызды науқанға халықты барынша жұмылдыру керек. Бұл еліміз үшін тарихи сәт. Осы уақытқа дейін ақпараттық топ өкілдері түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесі алдағы айдың 5-і күні белгілі болмақ», — деген М.Сарыбеков сайлау учаскесінің жұмысына сәттілік тіледі.
Осыдан кейін облыстан келген қонақ Сортөбе ауылына ат басын бұрып, №48 орта мектептен орын алған №227 сайлау учаскесінің жұмысымен танысты. Сайлау учаскесіндегі жұмыстарды байқаған қонақ референдум комиссиясы мүшелерінің жұмыстарына сәттілік тіледі. Осы күні ол ауыл тұрғындарымен де кездесу өткізді. Кездесу барысында М.Нұрғалиұлы референдумның мән-маңызына тоқталып өтті.
«Ата заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Бұл өзгерістер халықтың көңілінен шығады деген ойдамын. Өйткені заңның үштен бір бөлігінде өзгеріс енгелі тұр. Ол турасында облыстық және аудандық ақпараттық топ өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Жаңа Қазақстанды құру әр қазақстандықтың қолында екенін ұмытпаған абзал. Сол себепті ауыл тұрғындарын 5 маусым күнгі таңдауға жұмылдыру қажет», — деген М.Сарыбеков сортөбеліктерді сол күні белсенді түрде референдумға қатысуға шақырды.
ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Prev Post
Next Post