ДАРА ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

0

Биыл қазақ даласында туып, елі үшін аянбай еңбек еткен, туған өлкесінің дамуына шығармашылық, қайраткерлік сипатымен үлес қосқан бірқатар тұлғалардың мерейтойлары атап өтілмек.

Олардың қатарында қазақтың төбе билерінің бірі, мемлекет қайраткері Бәйбекұлы Әйтеке бидің 380 жылдығы, өз заманында Абылай хан «Тегенесін» сыйға тартқан, батыр бабамыз Өтеген Өтеғұлұлының 325 жылдығы, Жетісудағы қазақ-қырғыз жұртына аты әйгілі болған, би-шешен Ноғайбай Дәулетбақұлының 190 жылдығы, Балуан Шолақ Баймырзаұлының 160 жылдығы, халық ақыны, күміс көмей әнші әрі композитор Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығы, қазақтың үш бәйтерегі,  тағдыры да, өмір сүрген заманы да бір болған – Сәкен Сейфуллин,  Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдығы бар. Қазақ тарихында көрегенділігімен, ел үшін жасаған еңбектерімен есімі қалған осы дара тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа кеңінен таныстыру, сол арқылы жастарды отансүйгіштікке баулу әрі аға буын мен жас буын арасындағы байланысты нығайту мақсатында сәрсенбі күні Қордай ауылдық мәдениет үйінде «Ел мақтанышы!» атты салтанатты кеш өтті. Қордай ауылдық мәдениет үйі мен ауылдық кітапханалардың бірлесе отырып өткізген мәдени кешіне Қордай ауылдық округі әкімдігінен, Қордай ауылдық ардагерлер кеңесінен, аудандық орталықтандырылған кітапхана, Қ.Сәтпаев атындағы мектеп және «Ақмаржан» балабақшасынан келген қонақтар, Қордай ауданы бойынша Шекара басқармасының сарбаздары мен жергілікті ақын-жазушылар қатысты.

Кеш барысында ақындар Ыдырысқызы Анаркүл, Мағауия Амангелдиев, Дәмегүл Бақытжанова, Әділет Құттыбай, Алдаберген Жолдасбаев, Асқар Булусбаев өздерінің Кенен Әзірбаевқа арнауларын оқып, жас бүлдіршіндер Нариманқызы Жансел, Айару мен Ардақ Абдрахмановтар Кенен ақынның өлеңдерін жатқа, нақышына келтіріп айтып берді. Өз кезегінде Қордай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов сөз алып, ізгі тілегін білдірді. Кеш барысында өлеңдер оқылып, күмбірлеген домбырамен әндер орындалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.