ДИАС МОЛЖІГІТОВ – АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ

0

7 мамыр күні Астанада бокстан ересек спортшылар арасында Азия чемпионатының финалдық жекпе-жегі өтті. Елордадағы «Beeline Arena» спорт кешенінде өткен турнирде ел намысын қордайлық боксшы Диас Молжігітов қорғады.

Қазақстандық боксшы Диас Молжігітов Өзбекстаннан келген Жавохир Умматалиевпен жекпе-жекке шығып, жастар арасындағы Азия чемпионатының алтын медалі үшін күресті.

Қарсыластар 22 жасқа дейінгілер арасындағы турнирдің 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалында кездесті.

Судьялар жеңісті Молжігітовке берді, осылайша ол Қазақстаннан 22 жасқа дейінгі «Алтын» ЧА-2024-тің сегізінші иегері болды.

Айта кетейік, Қордай ауылының тумасы Диас Молжігітов бокстан спорт шебері, Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшесі. Қазақстан Республикасының жастар арасындағы бокстан екі дүркін чемпионы, 2021 жылы өткен әлем чемпионатының жүлдегері, Венгрия мен Болгарияда өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы, ҚР ерлер арасында чемпионы. 2022 жылдың қаңтар айында Тайланд астанасы Бангкок қаласында бокстан 22 жасқа дейінгі Азия жастары біріншілігінде де финалға жетіп,  байрақты бәсекенің күміс жүлдегері атанды, Астана қаласында өткен VI жазғы Спартакиада ойындарының жеңімпазы. Сонымен қатар, биыл наурыз айында Белградта өткен бокстан халықаралық турнирде  75 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жеңіске жетті.

Азия чемпионатында топ жарған жерлесіміз Диас Молжігітовты ауданнан Алматы қаласының әуежайына арнайы делегация барып, қарсы алды.

Ауданның атын шығарған боксшыны аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалымжан Әлімжанов аудан әкімі Бегзат Болатбековтың атынан құттықтап, қошемет көрсетті. Сонымен қатар, БЖШО өнерпаздары ән айтып, рухты көтеретін көңіл күй сыйлады.

Диасты кезекті жеңісімен құттықтаймыз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.