Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков Қордай ауылындағы «Батыс» ықшам ауданында салынып жатқан «Достық үйі» құрылысының барысымен танысты.
Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан бұл жобаның маңызы зор. Ұлтаралық татулық пен бірлікті нығайтуды мақсат еткен «Достық үйі» бірнеше мекемені бір шаңырақ астына біріктіретін, заманауи сәулетімен ерекшеленетін еңселі ғимарат болмақ.
Құрылыс жұмыстарын «Бином» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда нысан аумағында катлован қазу жұмыстары қарқынды түрде атқарылуда. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, барлық жұмыстар жоспарға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Ол үшін қажетті техника мен жұмыс күші толық қамтамасыз етілген.
Сұхбат барысында аудан әкімі бұл құрылыс нысаны Президент бақылауындағы маңызды жобалардың бірі екенін атап өтіп, сапа мен мерзім мәселесіне ерекше жауапкершілікпен қарау қажеттігін айтты. Сонымен қатар, ғимараттың қолайлы әрі заманауи талаптарға сай болуы үшін бірқатар ұсыныстарын білдіріп, нысан айналасын абаттандыру барысында озық үлгідегі шешімдерді қолдану қажеттігін ескертті.
Жалпы аумағы 2279,11 шаршы метрді құрайтын бұл еңселі ғимарат алдағы уақытта Қордай ауылының сәулеттік келбетін айшықтайтын маңызды нысандардың біріне айналмақ.
Жандос ОМАРОВ