БАСТЫ ТАЛАП – САПА

0

Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков Қордай ауылындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Онда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының жайын бақылап, нысандағы құрылыс қарқынымен танысты.

Аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше мән беріп, барлық құрылғылардың заманауи талаптарға сай болуын және құрылыс жұмыстарының мінсіз аяқталуын тапсырды. Сонымен қатар, құрылыс материалдарының да сапасын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.

Мердігер мекеме өкілдерімен кездескен аудан әкімі нысанның уақытылы аяқталып, ел игілігіне берілуі маңызды екенін атап өтті.

Құрылыс жұмыстарына тапсырыс берушісі – аудан әкімдігінің құрылыс бөлімі. Ал жөндеу жұмыстарын «BIG Building NS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Сонымен қатар, «ИСА СТРОЙ КОМПАНИЯ» ЖШС техникалық қадағалау қызметін атқарса, «Жансерік құрылыс» ЖШС авторлық қадағалауға жауапты.

Жаңғырту жұмыстары аясында стадион аумағына заманауи көгал төселіп, сапалы жүгіру жолағы салынатын болады. Көрермендер трибунасы да толықтай жаңартылып, күн мен жауын-шашыннан қорғайтын берік жабынмен қамтылмақ. Сондай-ақ, аумақта шағын футбол алаңы, теннис алаңы және ардагерлерге арналған арнайы орындар қарастырылған.

Мердігер компания барлық жұмыстарды күз айларына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.

Бұл спорт нысаны алдағы уақытта түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін, тұрғындарға сапалы қызмет көрсететін заманауи кешенге айналуы тиіс. Осыған байланысты аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы құрылыс барысында жұмыстарды мүмкіндігінше жедел әрі талапқа сай аяқтау қажеттігін атап өтті.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.