Ауыл тіршілігінің бар салмағын иығымен көтеріп, маңдай терімен несібесін тапқан жандар қай кезеңде де елдің тірегі болып келген. Солардың бірі – Бетқайнар ауылының тұрғыны, өмірін адал еңбекке арнаған Қалық Байғұлов.
Оның саналы ғұмыры ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Қалық Байғұлов 1946 жылы Қалғұты ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1971 жылы Бетқайнар ауылында тракторшы-механизатор болып бастап, бұл салада қырық жылдан астам уақыт табан аудармай қызмет етті. Қандай жұмыс жүктелсе де, жауапкершілікпен қарап, ел ырысын еселеуге өз үлесін қосты.
Бүгінде Қалық ақсақал «Ұлан» шаруа қожалығын басқарып, мал бордақылау ісін жолға қойған. Қожалықта 300 бас бұқа, 35 жылқы және 150 бас қойы бар. Бұл – ұзақ жылдық тәжірибе мен тынымсыз еңбектің нәтижесі.
Қалық Байғұлов жұбайымен бірге үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп, бүгінде тоғыз немеренің сүйікті атасы. Берекесі мен бірлігі жарасқан отбасы ауыл жұртшылығына үлгі болып отыр.
Жасы ұлғайса да, еңбекке деген ықыласы кеміген емес. «Әкем әлі күнге дейін трактордан түскен емес. Жаз шыға екі тіркемені жалғап алып, өзі барып шабындыққа шығады, шөпті де өзі тасиды», — дейді ұлы Ұлан Қалықұлы. Бұл сөздер еңбекке деген адалдықтың, жұмысшы мамандыққа деген құрметтің көрінісі емес пе?
Жуырда ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағаланып, Қалық Байғұлов Жамбыл облысы әкімінің атынан «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Құрметті награданы Қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков, Бетқайнар ауылдық округінің әкімі Бақытжан Құттықов, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің статисті Ғалымжан Оспанов және ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі Қали Кеженбаев арнайы барып табыстады. Кездесу барысында еңбек адамына ізгі тілектер айтылып, атқарған ісіне жоғары баға берілді.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Қалық Байғұловтай азаматтарды дәріптеу – қоғам үшін маңызды. Себебі адал еңбек, төзім мен жауапкершілік секілді құндылықтар дәл осындай өмір жолы арқылы кейінгі буынға үлгі болады. Еңбегімен еңсесін тік ұстаған Қалық ақсақалдың ғұмыры – елге қызмет етудің жарқын көрінісі.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ