Ауыл тынысы айдары аясында аудан орталығының оңтүстік шығысына қарай елу шақырым қашықтықта орналасқан Ауқатты ауылына жол тарттық. Елді мекендегі тіршіліктің жай-күйімен танысып, тұрғындармен сұхбат құрдық. Әңгіме барысында көнекөз қариялар еріксіз бұрынғы Ленин орденді «Трудовик» колхозын тілге тиек етеді. Әлбетте, бұрынғы дүркіреген «Трудовик» колхозы бүгінде жоқ. Дегенмен, мұнда еңбек етемін деген жанға жұмыс табылады, дейді тұрғындар. Халықтың басым көпшілігі тіршіліктің көзін төрт түлік пен егіншіліктен тапқан. Егін егіп, мал бағып, есігінің алдындағы қой-сиырының еті мен сүтін сатып күнін көруде.
Оны Ауқаттыға барар жолда анық байқайсың. Айналаның барлығы жайқалған көк егістік, жайылып жүрген қойлар ауыл сөзіне ерекше көрік береді екен. Округ құрамына кіретін Қызылсай, Бәйтерекпен қосқанда жалпы тоғыз мыңға жуық халық тұрады. Ауқатты ауылының атауы осы аймақта Х-ХІ ғғ. орналасқан ежелгі қаланың атымен байланысты деседі. Бүгінде қала орны әлі де сақталған.
Округке жаңа сайланған жас әкім Алмас Иенберген тілшілерді қарсы алып, ауылдағы жағымды жаңалықтармен бөлісті. Ол – Қызылсай ауылының тумасы. Ауыл әкімінің әңгімесінен туған жерін көркейтуге барын саламын, деген құлшынысы бірден байқалады. Шыныменен, соңғы уақыттың өзінде Ауқаттыда ауыз толтырып айтатын жаңалықтар бар. Соның бірі – жаңадан бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Спорт кешеніне кіргенде үстел теннисін ойнап жатқан ауқаттылықтарды көрдік, барлығы у-шу болып, мәз-мейрам. «Бұрында спортпен шұғылдануға мүмкіндік аз еді, енді бос уақытымызда осында келіп, спорт ойындарын ойнап серігіп қаламыз»,- дейді. Ал, үлкен залда Қарасу, Масанчи, Сортөбе, Қаракемерден келген мұғалімдер арасында волейболдан турнир өтуде. Әуесқой болғанымен ойындары өте тартысты, қызықты екен. Спорт кешенінде волейболдан бөлек футбол, күрес және кикбокстан секциялар бар. Жалпы, кешенге тұрақты түрде жүзден астам балақай келіп, жаттығады. Алғашқы жетістік те бар. Жақында кикбокстан «Uzbekistan Open» турнирінде 22 жасар ауқаттылық Айдын Тұрдыбаев 75 келі салмақта жеңімпаз атанып, алтыннан алқа тағып, көк байрақты асқақтатып келіпті. Оны №17 спорт мектебінің жаттықтырушысы Талғат Насыр дайындаған. Жиырма жылдан бері балаларды жаттықтырып келген Талғаттың айтуынша кикбокс секциясына 50 бала қатысады екен.
Округте білім саласында да жаңалық бар. Жалпы округте осыған дейін екі орта және бір негізгі мектеп бар болса, күні кеше Ауқаттыда «ISIMJAN-1» атты жекеменшік мектеп ашылды. Сонымен қатар, Бәйтерек ауылында 150 орындық мектептің құрылысы жүруде. Халық саны өсіп келе жатқан округке жаңа мектептер керек-ақ.
Ауқаттыда ұлттық өнерге жақын азаматтар да бар. Сондай жанның бірі – Сандуғаш Мақашева. Ол құрақ көрпе тігудің әдісін әжелерінен көріп, жастайынан ұлттық өнердің қыр-сырын түсініп өскен. Түркістан қаласындағы тігін техникумын аяқтап, шеберлігін шыңдай түсті. Қазіргі уақытта бастауыш сыныбының мұғалімі қызметін атқарып жүрген Сандуғаш Мақашева тігіншілік ермегін жалғастырып келеді. Бос уақытында тұрғындардан тапсырыс алып, көрпе, көйлек, қыз жасауы, шымылдық, тіпті мектеп формасын да тігіп береді екен.
«Заман ағымымен бірге ұлттық өнеріміз де жаңарып, жаңғырып келеді. Қазіргі уақытта ата-ана ұзатылатын қызына қал-қадерінше, әл-ауқатына қарай жасау дайындап береді. Киім-кешек пен әшекей бұйымға, сырмақ, көрпе, алаша, кілем, жастық сынды заттарға ою таңбаланып, өрнек бастырылады. Қазірде қыз жасауы мен құрақ көрпе дегенге сұраныс жоғары, десе де қолымыздан келгенше кез-келген тапсырысты орындауға тырысамыз. Маған бұл істе тағы екі келіншек көмектеседі. Оларға бар-білгенімді үйретіп жүрмін», – дейді тігінші.
Жоғарыда атап өткеніміздей, әрине, ең маңызды саналатын ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдармен сұхбат құрмай қайтпадық. Ауқатты ауылының тұрғыны Дыва Мухарме мал шаруашылығымен айналысады. «Омар» атты шаруа қожалығын басқарып жүрген ол бүгінде ірі қараны бордақылау ісін жөнге қойған. Қазірде қорасында 70 бас ірі қара тұр. Округтегі ет өндірісіне елеулі үлес қосып жүрген шаруаның ермегі – таза қанды сәйгүліктерді баптау. «Бұл істі менің жаным сүйеді», дейді шаруа. Бүгінгі күні шаруа қожалық қысқа жем-шөппен қамдану ісіне қызу кіріскен.
Жалпы, Ауқатты ауылының тынысы кең ашылған десек болады. Тұрғындары еңбексүйгіш, бақшалары көгеріп, егістігі жайқалған, ауыл ішінде кәсіпкерлік нысандар да жеткілікті. Көшелері тегіс, әлеуметтік маңызы бар нысандармен толық қамтылған елді мекеннің болашағы жарқын екеніне сенім үлкен.
Еркін Қатбеков