Е.Қарашөкеев Жамбыл облысының дамуының негізгі көрсеткіштері туралы баяндады

0

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерімен өткен брифинг барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелерін атап өтті.

Жалпы, облыстың экономикалық көрсеткіштерінің өсімі оң динамиканың сақталып отырғанын көрсетеді. Өңірдің ЖӨӨ көлемі 6,1 пайызға өсіп, 1,3 трлн. теңгеге жеткен. Атап айтқанда, байланыс қызметтері — 8,1 пайызға, құрылыс — 11,1 пайызға, сауда — 2,6 пайызға артты.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 0,6 пайызға ұлғайып, 695 млрд. теңгені құрады, ондағы басым үлес өңдеу өнеркәсібіне тиесілі (71%). ТМК — 17,1 пайызға, химия өнеркәсібі — 7,3 пайызға, жеңіл өнеркәсіп — 5,8 пайызға, құрылыс индустриясы — 0,6 пайызға өскен.

— Ағымдағы жылдың 10 айында шамамен 365 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға артық. Бүгінгі таңда облыстың инвестициялық портфелі жалпы көлемі 2,3 триллион теңгені құрайтын 69 жобаны қамтиды десек, оларды 2026 жылға дейін іске асыру жоспарланған. Ағымдағы жылы 87 миллиард теңгеге 20 жоба іске асуда, – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.

Облыс әкімі инвестиция тартудағы қолға алынған шаралар мен жаңа тәсілдерді де баяндады.

— Біз кездесетін кедергілердің алдын алуға, инвестициялар тарту бойынша жұмысымыздың тиімділігін арттыруға ниеттіміз. Бұл ретте бизнес-үдерістер қайта құруды қолға алып, «бір терезе» қағидатын іске қостық. Аудан әкімдері үшін жаңа KPI жүйесі енгізілді, бұл олардың жұмысының тиімділігін инвестиция тарту көрсеткіштері бойынша бағалауға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда ірі жобалардың іргесінде кластерлерді қалыптастыруға баса назар аударылуда, сол арқылы біз жергілікті шағын және орта бизнестің қатысуымен қосалқы өндірістерді дамытуға жағдай жасайтын боламыз. Нақтырақ айтқанда, бой көтеріп жатқан зауыттардың маңында шағын және орта өндірістер құруды жоспарлап отырмыз, — деді Ербол Қарашөкеев.

Айта кетейік, облыста жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларға айрықша ден қойылған, бұл бойынша өңір еліміздегі алдыңғы қатарлардан орын алады. Облыста жалпы қуаты 451,3 МВт болатын 21 ЖЭК нысаны жұмыс істеуде.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 24,5 млрд. теңгеге 2,1 мың жобаға қолдау көрсетілді. Өңірде ШОБ санының 25,5 пайызға өсімі байқалса, онда жұмыспен қамтылғандар саны 23,6 пайызға, ШОБ субъектілерінің өнімдері мен қызметтерінің көлемі 22 пайызға артты.

Сонымен қатар облыс әкімі брифинг барысында өңірдегі суармалы сумен қамтамасыз ету бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Жаңадан салынуы көзделген су қоймаларының жалпы сыйымдылығы 46,2 млн. текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта жалпы көлемі 1,4 млн текше метр болатын 3 су қойманың құрылысы жүруде. Сондай-ақ, Жамбыл ауданы Жасөркен ауылындағы гидрологиялық бекеттің және қолданыстағы 2 су қойманың (650 млн текше метр) жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Облыстың алты ауданында су инфрақұрылымдық нысандарын жөндеу жұмыстары жүзеге асуда. 2027 жылға қарай халықаралық қаржы институттарының қаржылық қолдауымен ұзындығы 876 шақырым және суармалы алаңы 69 мың га алқапты құрайтын 361 су шаруашылығы нысаны қайта жаңғыртудан өтеді деп жоспарланған.

Вегетациялық кезеңде су тапшылығы орын алатын аудандарда жер асты суларын пайдалануға басымдық беріліп, ұңғымалар қазу жұмыстары жүруде. Бүгінгі таңда 103 ұңғыма іске қосылған, пайдаланылуда десек, тағы 543 ұңғыма қазу көзделген.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар вегетациялық кезеңде трансшекаралық су көздеріне тәуелділікті 50 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Жамбыл облысында әлеуметтік саланы дамытуға да айрықша көңіл бөлініп, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету саласына ерекше басымдық берілуде. Мемлекет басшысының әрбір 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасы аясында облыста 17,4 мың тұрақты жұмыс орны ашылып, жоспар 29 пайызға артығымен орындалды.

Сондай-ақ, облыста жыл басынан бері 65,7 мың жұмыс орны құрылса, оның 49,4-і тұрақты. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 56 мың адам тартылған.

Бүгінде облыс халқының үштен бір бөлігін жастар құрайды (29%). Жастарды жұмыспен қамту және олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында бүгінде өңірде «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» сияқты бағдарламалар жүзеге асуда.

Атап айтқанда, «Жастарға шағын несие беру» бағдарламасы бойынша 483 адам 2,5 пайыздық жеңілдікпен 2,2 миллиард теңге несиеге қол жеткізген. Бұдан бөлек, 540 адам «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде жеңілдетілген несиеге ие болған. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 26,1 мың жас қамтылған.

Жамбыл облысының әкімі Е.Қарашөкеев Астана қаласында өткен брифинг барысында өңірдегі тұрғын үй саласын дамыту мәселесіне тоқталды. Ағымдағы жыл соңына дейін 2732 отбасын баспанамен қамту жоспарлануда. Оның ішінде бөлінген 7,6 млрд. теңгеге халықтың әлеуметтік осал санаты үшін 797 пәтер сатып алынады. Жыл басынан бері көппәтерлі 21 тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 1053 отбасының баспана мәселесін шешуге мүмкіндік берді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.