ЕГЕМЕНДІК ПЕН БІРТҰТАСТЫҚ БЕЙНЕСІ

0

4 маусым ұлттық рәміздер күні. Жалпы еліміз үшін маңызы зор мереке қарсаңында бірқатар тарихи деректерге тоқталып, ұлттық болмысымыздың, мемлекеттілігіміздің белгісі туралы аз-кем мәліметтер келтіре кетуді жөн көрдік.

Қазақстанның тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба 1992 жылдың 4 маусымында қабылданыпты. Ал, Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілген. Биыл осы рәміздерге 31 жыл толып отыр.
Рәміздерімізге байланысты бірқатар ерекшеліктер турасында айта кетсек.
Елтаңба көрінісі Қазақстан азаматының кез-келген құжатында болады. Туу туралы куәліктен бастап зейнетақы кітапшасына дейін Елтаңбаның белгісі қолданылады.
Ту үнемі оң жаққа қарай желбіреуі керек.
1992 жылы қабылданған Әнұран 750 жоба ішінен таңдалып алынған.
Мемлекеттік мекеме маңдайшаларында Ту міндетті түрде болуы керек.
Қазақстан Республикасының заңнамалар жинағында рәміздерге арнайы 3 бап берілген.
Қазіргі Әнұранымыз заңды түрде 2006 жылы 7 қаңтарда қабылданды. Жаңа Әнұран бірінші рет сол жылы 11 қаңтарда Президентті салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Қазақстандағы ең үлкен ту елордадағы «Атамекен» этномемориалдық кешеніндегі Мемлекеттік рәміздер алаңында орналасқан. Биіктігі – 111 метр. Кешен 2009 жылы салынған.
1994 жылы 1 шілдеде Талғат Мұсабаев тұңғыш рет қазақтың Туын ғарышқа апарды.
Монблан шыңында (4 810 м), Памир тауының Ленин шыңында (7 134 м) және Эверест шыңында (8 800 м) еліміздің Туы желбіреп, Әнұранымыз шырқалды.
2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары кезінде Қазақстанның Туы жерді 150 рет айналып ұшты.
Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстанда ту, елтаңба және гимн – мемлекеттік рәміздер болып саналады.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым — Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып келеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.