ҚАНАТТАРЫҢЫЗ ТАЛМАСЫН!

0

Мыңдаған түлекті қанат қақтырған соңғы қоңырау салтанаты еліміздегі барлық мектептерде соғылды. Солардың қатарында ауданның білім ошақтарының ұстаздары мен оқушылары, түлектері салтанатты жиында сап түзеді.

Кереметтей концертік бағдарламаларға ұласып, үздіктерді марапаттау, ұстаздарға алғыс айтуға толы болатын салтанатты шара №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында аудан әкімі Бегзат Болатбековтың қатысуымен өтті.
Ұстаздар қауымы мен түлектерді, жалпы оқушыларды тағы бір оқу жылының аяқталуымен құттықтаған аудан басшысы биыл 11-сыныпты аяқтап, арман қанатында жаңа белесті бағындыруға оқталып отырған түлектерге сәттілік айтты.
— Соңғы қоңырау – бұл мектеп тарихына енетін қуанышқа әрі қимастыққа толы маңызды сәт. Түлектер он бір жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасса, ұстаздар сүйікті шәкірттерін үлкен өмірге қанаттандырады. Биыл бұл мереке алғашқы рет 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күнімен қатар өтіп отыр. Жалпы Қордай ауданы бойынша биылғы оқу жылында 1457 оқушы мектеп бітіріп, олардың 784-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады, соның ішінде 19 оқушымыз «Алтын белгіге» үміткер. Бүгін 1457 жас түлек үлкен өмірге қадам басқалы отыр. Талай шәкіртке алтын ұя атанып, олардың өмірден өз орнын алуға қолдау көрсеткен білім ордасының бірі №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы. Аудандағы білім беру сапасын көтеруде айтарлықтай үлес қосып келе жатқан оқу орны биылғы оқу жылында жоғары көрсеткішпен аяқтап отыр. Білім сапасы 71%, ал жалпы оқу үлгерімі 100 % құрап, нәтижесінде 6 түлек «Алтын белгі», 2 түлек «Үздік аттестат» иегері атанбақ. Бұл аудан мектептерінің ішіндегі жоғарғы көрсеткіш екені сөзсіз, — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.
Осыдан кейін үздік оқушылар мектеп директоры Суджата Сарғасқаеваның қолынан грамоталарға ие болып, одан әрі түлектердің толқынысқа толы алғыс сөздерімен жалғасты. Мектеп педагогтарының ұйымдастыруымен өткен концерттік бағдарлама да көпшілік көңілінен шықты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.