ЕГІНШІ МӘРТ – ЖЕР ЖОМАРТ

0

Сейсенбі күні аудан әкімі Бегзат Болатбеков бірнеше шаруа қожалықтарды аралап, егістік алқаптарындағы жұмыс барысымен танысты. Мұндағы басты мақсат — шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысу болды.

Бірінші кезекте аудан әкімі Степное ауылдық округінде орналасқан «Қазақстан-2030» шаруа қожалығының жүгері алқабына барды. 2005 жылдан бері жұмыс істеп келген агроқұрылымның басшысы – Аманхан Рысымбетов. Биыл «Қазақстан-2030» шаруа қожалығы 23 гектарға «Андромеда» сұрыпты жүгері еккен. Бұл гибридті жүгерінің шығымы жақсы және де ол малға жем ретінде, сүрлем жасауға өте тиімді. Агроқұрылым суды тиімді пайдалану әдісіне айтарлықтай қаражат жұмсаған. Тамшылатып суғару жүйесіне 19 млн теңге шамасында инвестиция жасалды. Шаруа қожалығының бригадирі Ириш Гадиев инвестор ретінде өз қаражатын ортақ іске бағыттады. Аманхан Рысымбетовтың айтуынша, өткен жылы егістіктен гектарынан 100 центнер дақыл жиналған. Биыл ол өнім көлемі осы көрсеткіштен кем болмайтынына сенімді. Қазір аталмыш шаруа қожалығында 41 үлескер бар, оларға жылда жем-шөп ретінде дивиденд бөлініп отырады екен.

Бегзат Болатбеков шаруамен сұхбат барысында суды үнемдеу әдісі және мемлекеттен бөлінетін субсидия, тыңайтқыш, жеңілдетілген жанар-жағармай жайында әңгіме өрбітті.

Келесі кезекте аудан әкімі Бетқайнар ауылдық округіндегі «Мақұлбаев» шаруа қожалығының қызылша алқабына барды. Кезінде қант қызылшасын өсіруден өзгелерге үлгі болған Қордай жері бүгінде егістік көлемі жағынан рекордық көрсеткіштерге қол жеткізбесе де, осы саладағы жаңа технологиялар мен тиімді тәсілдерді қолдануды мақсат қойып, алқаптардағы өнімділік көлемін жоғары межелерге жеткізуді көздеп келеді. Әр түрлі жағдайларға байланысты ауданда қант қызылшасы егістіктері азайғанымен, биыл бұл көрсеткіш едәуір артқан. «Мақұлбаев» шаруа қожалығы 45 гектарға «КОНЦЕРТИНА КВС» сұрыпты қызылша екті. Мұнда да тамшылатып суару әдісі қолданылады.

Сарыбұлақтағы «Самғау» шаруа қожалығы да тәуекел етіп, егістік алқаптарына қант қызылшасын екті. Агроқұрылым басшысы Евгений Трубников аудан әкімімен сұхбат барысында «тәтті түбірді» себу, күтіп-ұстау, қоректендіру, түрлі аурулар мен зиянкестерден сақтандыру және жинау мәселелері жайында әңгіме өрбітіп, проблемалық мәселелерге де тоқталды. Оның айтуынша, қант қызылшасын өткізу мәселесі өзекті болып отыр. Себебі, көршілес Меркі ауданындағы қант зауыты өздерінің ішкі проблемаларына байланысты үлкен көлемде өнімді қабылдау мүмкіндігі жоқ. Осы ретте Бегзат Сейсенқұлұлы өзге өңірлердегі қант зауытына өнім өткізу мүмкіндіктерін қарастырып, сол қызылшаны тасымалдау мәселесін де ойластыру керектігін айтты. Осы бойынша ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспановқа нақты тапсырма жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.