Қордай ормандары мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесі – табиғаттың інжу-маржандарын қорғап, сақтап, болашақ ұрпаққа аманат ету жолындағы маңызды ұйым. Бұл мекеме еліміздің орман қорын ғана емес, сонымен қатар экологияны сақтауға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, жануарлар мен өсімдіктердің алуантүрлілігін зерттеуге бағытталған жұмыстар жүргізеді.
Соңғы жылдары еліміздің әртүрлі өңірлерінде тал егу жұмыстары қолға алынуда. Мемлекет тарапынан берілетін қолдау мен қоғамның белсенділігі бұл бастаманы жүзеге асыруда зор рөл атқарады. Аталған жобалардың кезектілігі мен маңыздылығы халықтың экологиялық білімін көтеру мен табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында жүзеге асырылуда.
Қордай ауданында да экология мен биологиялық әртүрлілікті сақтау үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мұнда мекеме қызметкерлері Болашақ ықшам ауданында 82 гектар алқапқа қара ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарын жүргізуде. Осы бағыттағы жұмыстар қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруда, жаңа ағаштардың егілуі табиғаттың тепе-теңдігін сақтау үшін маңызды рөл атқарады.
Бүгінгі күні Қордай ормандарды және жануарлар дүнесін қорғау орман қорының жалпы алаңы 184 286 гектарды құрап отыр. Бұл орман қорлары «Хантау» және «Аңырақай» орманшылықтарына бөлінеді. «Хантау» орманшылығының аумағы 75 150 гектарды, ал «Аңырақай» орманшылығы 109 136 гектар жерді алып жатыр. Әрбір орманшылық өзіндік табиғи сән-салтанатымен, байлығымен ерекшеленеді. «Аңырақай» орманшылығының табиғатының көркемдігі тұрғындар назарын аударып келеді.
Орман қорын сақтап, қорғау, өрттің алдын алу – мекеменің басты міндеттерінің бірі. Осы орайда, мекеме қызметкерлері орманның экологиялық және экономикалық пайдасын арттыру үшін тиімді басқару мен ұтымды пайдалану жолдарын қарастыруда. Өрт қауіпсіздігі шаралары да басты назарда. Олардың алдын алу, тиімді өрт сөндіру құралдарын әзірлеу жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
Мемлекеттік орман қорын сақтау мен қорғаудың тиімділігін арттыру, экологиялық тепе-теңдікті орнықтыру – бұл тек мекеменің емес, жалпы қоғамның ортақ міндеті. Табиғатты аялау, оның байлығын қадірлеу – әрбір азаматтың адамның парызы. Табиғатқа деген жауапкершілік сезімі біздің болашағымызды қалыптастырады, жас ұрпаққа табиғатты мұра етіп қалдыруымыздың кепілі болады.
Қордай ормандары мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің атқарған жұмыстары – бұл тек орман қорғау ғана емес, сонымен қатар табиғатты сақтау, оның байлығын зерттеу, экологияның тепе-теңдігін сақтау жолындағы үлкен қадам. Осы бастамалар арқылы біз ортақ игілігімізді қорғау жолында бірлесе отырып, ертеңгі күннің табиғатын бірлесе жасай аламыз.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ