Отбасылық құндылықтар – отбасы мүшелерін біріктіретін рухани, адамгершілік және мәдени қағидалар. Адам баласының тұлға болып қалыптасуында отбасының орны ерекше. Өмірге енді ғана келген сәбидің алғаш еститіні – ананың әлдиі, алғаш көретіні – ата-анасының өзара қарым-қатынасы. Сондықтан баланың мінезі мен дүниетанымының қалыптасуында отбасының рөлін ештеңемен алмастыру мүмкін емес.
Ұлттық құндылықтардың бастауы да – отбасы. Қазақ халқы ежелден отбасы тәрбиесіне ерекше мән берген. Әке – отбасының тірегі, қорғаны болса, ана – шаңырақтың берекесі мен ұйытқысы. Баланың көзін ашқаннан көргені мен естігені оның жадында тасқа басылған жазудай сақталып қалады. Сол себепті ата-ананың әрбір сөзі мен іс-әрекеті бала тәрбиесіне тікелей әсер етеді.
Қазақ халқына тән отбасылық, ағайындық және туыстық қатынастар ұрпақты әдептілікке, ізеттілікке, үлкенді құрметтеп, кішіні сыйлауға тәрбиелейтін үлкен мектеп болып саналады. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген дана халқымыз ұрпақ тәрбиесінің отбасыдан басталатынын терең түсінген. Ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгілікті дәріптеп келеді. Осындай рухани байлық келешек ұрпақ үшін де сарқылмас қазына болып қала бермек.
Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеудің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Себебі имандылық пен шынайылыққа негізделген құндылықтар ешқашан өз маңызын жоғалтпайды. Сондықтан жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, олардың ұлттық тәрбие мен мәдениеттен сусындауына жағдай жасау қажет. Бұл – әр отбасының ғана емес, тұтас қоғамның міндеті.
Бүгінгі күні жас отбасыларды қолдау мәселесі де аса маңызды. Жас жанұялардың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мемлекет пен қоғам тарапынан жан-жақты көмек көрсетілуі керек. Атап айтқанда, тұрғын үй мәселесін шешу, жеңілдетілген несиелер ұсыну, жаңа некелескен жастарға арналған арнайы білім беру бағдарламаларын енгізу – отбасы институтын нығайтудың тиімді жолдары. Сонымен қатар, еңбек пен отбасылық өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау мақсатында жұмыс берушілердің икемді еңбек шарттарын қарастыруы да маңызды қадамдардың бірі.
Қорытындылай келе, отбасы – адам өмірінің алтын бесігі, ұлттық тәрбиенің негізі. Берекелі отбасы – берік қоғамның кепілі. Сондықтан отбасы құндылықтарын сақтау, ұлттық тәрбиені дәріптеу және жас ұрпақтың санасына адамгершілік қасиеттерді сіңіру – баршамыздың ортақ парызымыз.
К.ИСКАКОВ, Қордай аудандық сотының судьясы