ЕКПЕ АЛҒАНДАР ЕЛУ ПАЙЫЗДАН АСТЫ

0

Әлем жұртшылығын әуреге салған белгісіз індеттің беті қайтты деп, бетпердемізді шешіп қуанғанымыз кеше ғана еді. Бірақ қаншама адамның өмірін жалмаған, қаншама азаматты дертке ұшыратқан сол бір індет іргемізге қайта із сала бастады. Оны күнделікті ақпарат ағынынан аңғару қиын емес. Көптеген елдер сақтық шараларына сақ қарап, аурудан қорғану жолдарын қолға алуда. Еліміздің бас қаласы «сары» аймаққа енуіне байланысты шектеу шаралары енгізілгенін жазған болатынбыз. Осының өзі науқастар санының артқанын аңғартады. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің қатысумен коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдайға қатысты баспасөз мәслихаты өтті.
Жиын барысында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері COVID-19 ауруының өсуі және инфекцияны таратпау және емдеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады.
«Қазақстанда 20 маусымнан бастап КВИ аурушаңдығының өсуі байқалады, соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда аурушаңдық 1,9 есеге, яғни, 8 156-дан 15 503 жағдайға дейін өсті. Тәулігіне 2 700-ге дейін КВИ+ және 20-ға дейін КВИ- жағдайлары тіркеледі», — деп атап өтті Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова.
Бұл ретте соңғы аптада ауырғандардың 70%-ы 3 өңірге – Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды облыстарына тән. Айта кететін жайт, сырқаттанушылықтың көтерілуіне қарамастан, науқастарды ауруханаға жатқызу деңгейі әлі де төмен болып қалуда. Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник COVID-19-бен сырқат пациенттердің 93%-дан астамы амбулаториялық деңгейде емделіп жатқанын айтты.
«Коронавирус инфекциясы аурушаңдығының артуына байланысты медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдары кабинеттердің сүзгі жұмысын қамтамасыз ете отырып, санитарлық-дезинфекциялық және эпидемиологиялық режімді сақтай отырып, штаттық режімде жұмыс істейді. Коронавирус инфекциясы диагнозы бар пациенттердің 93%-дан астамы амбулаториялық деңгейде ем алуда», — деді В.Дудник.
Сонымен қатар, ол бүгінгі таңда КВИ-мен ауыратындардың арасында аурудың жеңіл, асимптоматикалық ағымы байқалатынын, қысқа инкубациялық курс 2-ден 14 күнге дейін, орташа есеппен 2-4 күнге дейін созылатынын жеткізді.
«Науқастар көбіне жоғары қызба, жалпы әлсіздік, қатты бас ауруы симптомдарына шағымданады. Аурудың ауыр ағымында нейротоксикоз, электролит балансының бұзылуы, гиповолемиялық шок байқалады», — деді вице-министр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, амбулаториялық деңгейде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде коронавирус инфекциясы бар пациенттерді 5 препаратпен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Бұл – қызу түсіргіш дәрілер және антикоагулянттар. Бұлар жеткілікті мөлшерде бар. Коронавирус инфекциясы бар пациенттерге медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінде уақтылы медициналық көмек көрсету үшін КВИ бар науқастарды бақылау бойынша 2 380 мобильді бригада ұйымдастырылды, оның 1 мыңы ауылда. Бұл ретте резервте 1 600-ден астам мобильді бригада бар.
«Естеріңізге сала кетейік, мобильді бригадалар 5 мың және одан да көп халыққа 1 бригада есебінен ұйымдастырылады. Ауыл деңгейінде дәрігерлік амбулаторияның және медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығының жанынан кемінде бір мобильді бригада құрылады. Жіті респираторлық ауру белгілері бар және коронавирус инфекциясына күдікті немесе науқас пациенттерге үйге шығу кезінде ПТР әдісімен коронавирус инфекциясына биологиялық материалдар үлгілерін алу жүргізіледі. «COVID-19 коронавирус инфекциясы» диагностикасы мен емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес дәрі-дәрмектер тағайындалады, қажет болған жағдайда дәрі-дәрмектер науқасқа жеткізіледі. 2022 жылдың І жартыжылдығында мобильді бригадалар 815 мың шығуды жүзеге асырды. Ең көп шығу Қарағанды облысында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жүзеге асырылды», — делінген министрлік таратқан мәліметте.
Медициналық қызметтерді стационарлық көрсетуге қатысты республикада КВИ бойынша стационарлық көмекті қуаттылығы 4 505 төсектік 180 медициналық ұйым көрсетеді, 1 342 пациент емдеуге жатқызылды.
«Стационарлық емдеудегі пациенттердің талдауына сәйкес балалар саны 36 %-ды құрайды. Ересек пациенттер 64 %-ды құрады, оның ішінде жасы 60 жастан жоғары адамдар – 22 %. 50 %-дан астамы қатар жүретін аурулары барлар, оның ішінде қан айналымы жүйесінің аурулары – 19%, тыныс алу органдарының аурулары, қант диабеті және семіздік – 5 %. Бүгінгі таңда науқастардың арасында 18 %-бен 249 жүкті әйел бар», — деді В.Дудник.
Сонымен қатар резервте 138 медициналық ұйымда 20 мыңнан астам инфекциялық төсек бар.
«Тағы да еске салғым келетіні, бізге инфекцияның ауыр түрлерінен және ауруханаға жатқызудан нақты алдын алу шарасы қолжетімді. Бұл КВИ-ге қарсы вакциналау. Вакциналау және ревакциналау инфекциядан жалғыз қорғаныс болып қала береді. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының мысалында біз ауырғандардың 80 %-ы вакциналанбаған адамдар немесе 6 ай бұрын вакциналанғандар екенін көреміз, бұл КВИ-ге қарсы вакциналау қажеттілігін тағы да растайды», — деп атап өтті Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер.
Бүгінгі таңда КВИ-ға қарсы вакцинамен ересек тұрғындардың 80%-дан астамы немесе елдің барлық халқының 56%-дан астамы қамтылған.
«COVID-19-ға қарсы ревакцина алдыңғы вакциналардың көмегімен пайда болған вакцинадан кейінгі иммунитетті сақтауға және ағзаны аурудан қорғауды күшейтуге бағытталғанын атап өткен жөн. Өкінішке қарай, вакциналанған адамдарда, сондай-ақ КВИ-мен ауырған адамдарда уақыт өте келе дененің инфекциядан қорғалу деңгейі төмендейді, нәтижесінде адам қайтадан инфекцияға сезімтал болады. Осыған байланысты, вакцинаның алғашқы курсын алғаннан кейін 6 айдан кейін КВИ-ға қарсы ревакцина алу ұсынылады», — деді А.Есмағамбетова.
Рауан ҚАЙДАР

Leave A Reply

Your email address will not be published.