ЖАБАЙЫ САУДАҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

0

Жаздыгүні көкөніс-жемістер піскен шақта базар іші ғана емес, жаяу жүргіншілер жүретін жолдардың бойы мен көше қиылыстарына дейін жеміс-жидекке лық толатыны жасырын емес. Жергілікті тұрғындар да керегін базар ішіне кіріп жүрмей-ақ, жол жөнекей ала салғанға әуес. Алайда рұқсат етілмеген орындардағы сауданың заңға да, санитарлық талаптарға да қайшы келетінін естен шығармаған жөн.
Соңғы күндері аудан орталығындағы жабайы саудамен күрес шараларын Қордай ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлері Қордай АПБ учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе қолға алып, Төле би көшесінің бойындағы ретсіз саудаға рейдтік іс-шаралар жүргізді. Зерделеу жұмыстары барысында белгіленбеген орындардарда сауда жасау бойынша 3 жеке тұлғаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204-бабына сәйкес айыппұл салынды. Қордай ауылдық округі әкімі аппараты қызметкерлерінің айтуынша саудагерлер орталықтағы адам жүретін жолдың басым бөлігін бөгеп тастаған: «Біз АПБ-мен бірлесіп осымен екі рет рейд жұмыстарын жүргіздік. Алдымен заңсыз саудамен айналысып отырған азаматтарға ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204-бабы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескерту жасадық. Ал бірнеше рет жасаған ескертулерімізді елемеген саудагерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — дейді әкімдіктегілер. Сондай-ақ, жұмысшы топ өкілдері осы бағыттағы іс-шаралар күнделікті жүргізілетінін айтып, аудан тұрғындарына жоғарыда аталған бап бойынша құқық бұзушылыққа жол бермеулерін сұрады.
Расында, жолдың бойында тұрып, заңсыз жолмен тиыннан теңге құрауға еті үйренген «кәсіпкерлердің» басым көпшілігі жергілікті билік өкілдерінің ескертпелеріне құлақ аспайды. Зерделеу жұмыстары кезінде ат-тонын ала қашатын саудагерлер ертеңіне қайта орындарына жайғасады. Бейберекет сауданың салдарынан жан-жақта шашылып қалатын қоқыс ауыл көркін бұзса, ешқандай құжаты жоқ тауарлар халықтың денсаулығына қауіп төндіреді. Осы ретте аудан тұрғындары өзінің және жақындарының денсаулығы үшін жауапкершілікті сезініп, онсыз да күннен күнге өршіп келе жатқан эпидемиологиялық жағдайда тазалық талаптарына сай келетін сенімді орындардан ғана сауда жасаса игі болар еді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.